Toggle Dropdown
Кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеу ережесiн бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 қаңтардағы N 49 Қаулысы
Осы редакция 29.12.2011 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды
"Caудa мақсатында теңізде жүзу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңын және "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегi Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiліп отырған Кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеу ережесi бекiтiлсiн.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк жалауы астында теңiз сауда кемелерінің жүзу құқығын берудің тәртiбiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 9 желтоқсандағы N 1231 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1993 ж., N 48, 584-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 9 желтоқсандағы N 1231 қаулысына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 30 наурыздағы N 467 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2000 ж., N 17, 180-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 17 қаңтардағы
N 49 қаулысымен
бекітілген
Кемелер мен оларға құқықтарды
мемлекеттік тіркеудің ережесi
1. Кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеудiң осы ережесi және "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шiлдедегi Заңының "Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңының (бұдан әрi - Заң) негiзiнде әзiрлендi.
2. Ереже мыналарды анықтайды:
1) теңiз кемелерi мен оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеудiң тәртiбi;
2) өзен кемелерi мен оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеудiң тәртiбi;
3) шағын өлшемдi кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеудің тәртiбi.
3. Осы Ережеде мынадай негiзгi терминдер қолданылады:
теңiз кемесi - анықтамасы 1978 жылғы 7 шiлдеде Лондонда жасалған Теңiзшілердi даярлау, оларға дипломдар беру және вахта атқару туралы халықаралық конвенцияның 2-бабында көзделген кеме;
шағын өлшемдi кеме - ұзындығы 7 метрден кем, 75 а.к. (55 квт) кем қуатты қозғалтқышы бар және жалпы сыйымдылығы 80 регистрлік тонна, демалыс, серуен немесе суда жүргiзiлетiн басқа жұмыстарға арнайы арналған, жүзетiн құрылыс;
өзi жүзетiн шағын өлшемдi кеме (механикалық қозғалтқышы бар кеме) - механикалық қондырғымен қозғалысқа келтiрiлетiн кез келген кеме;
өз бетiмен жүзбейтiн шағын өлшемдi кеме - өздiгiнен қозғалуға арналған механикалық қондырғысы жоқ кеме;
тiркеу нөмiрi - осы Ережемен белгiленген рәсiмге сәйкес мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыру кезiнде берiлетiн кеменiң сәйкестендiру нөмiрi;
өзен кемесi - кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын өзi жүзетiн немесе өз бетiмен жүзбейтiн қалқымалы құрылыс, соның iшінде өзен-теңiз суларында жүзетiн кеме, паром, түбiн тереңдету және түбiн тазарту снарядтары, қалқымалы кран және басқа да осы сияқты техникалық құрылыс;
кеме қатынасы - iшкi су жолдарында жүктердi, жолаушыларды, теңдеме жүк пен почтаны кемемен тасымалдау, қалқымалы объектiлердi сүйреу, пайдалы қазбаларды барлау мен өндiру, балық және басқа кәсiпшiлiктер, мұзжарғыштардың лоцмандық алып өтуi, су кеңiстігiн қорғау, құтқару операциялары, түбін тереңдету, гидротехникалық және басқа жол жұмыстары, сондай-ақ басқа шаруашылық, ғылыми және спорт мақсаттары үшiн қолданумен байланысты қызмет;
"өзен-теңiз" суларында жүзетiн кеме - өзiнiң техникалық сипаттамалары бойынша жарамды әрi белгiленген тәртiппен теңiз және iшкi су жолдарында кеме қатынасы мақсатында пайдалануға рұқсат етiлген кеме;
аумақтық уәкiлеттi орган - Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi Көлiктiк бақылау комитетiнiң аумақтық органы;
кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеу жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Көлiктiк бақылау комитетi;
жалға алынған шетелдiк кемелердің тiзілімi - "Iшкi су көлiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегi Заңы 26-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетiн кемелер тiркелетiн құжат;
кеме ипотекасы - мемлекеттік тiркелуге жататын теңiз кемесiнiң, iшкi суда жүзетiн кеменiң, "өзен-теңiз" суларында жүзетiн кеменiң, сондай-ақ жасалынып жатқан кеменiң тиiстi тiзiлiмде тiркелген шарт негiзiнде туындайтын ипотекасы;
қазақстандық жалдаушы - жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау немесе сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттары үшiн белгiлi бiр мерзiмге кеме немесе бiрнеше кеме берiлетiн және "Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 3-1-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келетiн жалдау шартының тарабы.
4. Кеменi мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) үшiн, сондай-ақ кеменiң мемлекеттік тiркелгенiн куәландыратын құжаттың телнұсқасын алу кезiнде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен алым алынады.
Кеменiң немесе жасалынып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен алым алынады.
2. Теңiз кемелерi мен оларға құқықтарды
мемлекеттік тiркеу тәртiбi
5. Теңiз кемесi (бұдан әрi - кеме) Қазақстан Республикасы теңiз порттарының бiрiндегi Теңiз кемелерiнiң мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде, кеме кiтабында немесе бербоут-чартер тiзiлiмiнде тiркелуге жатады.
Жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы киль салынған немесе сарапшының қорытындыларымен расталған тең бағалы құрылыс жұмыстары жүргiзiлген жағдайда салынып жатқан кемелер тiркелiмiнде мемлекеттiк тiркелуi мүмкiн.
6. Шетел мемлекетiнiң кемелер тiзiлiмiнде тiркелген кеме Теңiз кемелерiнiң мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе кеме кiтабында ол шетел мемлекетінің кемелер тiзiлiмiнен шыққаннан кейін ғана және кеменiң мұндай тiзiлiмнен шыққандығын куәландыратын құжат көрсетілгеннен кейiн ғана тіркеліне алады.
7. Кеменi бербоут-чартерлiк тiзiлiмге бербоут-чартер шартында мемлекеттiк тiркеудің алдында қазақстандық кеме жалдаушы уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк жалауы астында уақытша жүзу құқығын беру туралы шешiмiн алуы тиiс.
1) Теңiз кемелерiнiң мемлекеттiк кеме тiзiлiмiне енгiзу теңiз кемесiнiң Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығы туралы куәлiктi (1-қосымша) және кемеге меншiк құқығы туралы куәлiктi (2-қосымша) берумен куәландырылады;
2) кеме кiтабына енгiзу Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туын көтерiп жүзу құқығын беретiн және кемеге меншiк құқығының айғағы болатын кеме билетiн (3-қосымша) берумен куәландырылады;
3) бербоут-чартерлiк тiзiлiмге енгiзу бербоут-чартерлiк шартта жалдап алынған шетелдiк теңiз кемесiне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туымен уақытша жүзу құқығын беру туралы куәлiктi (4-қосымша) берумен куәландырылады;
4) жасалынып жатқан кемелер тiзiлiмiне енгiзу кемеге (жасалынып жатқан кемеге) (5-қосымша) құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы куәліктi берумен куәландырылады.
9. Кемелердi, оның iшiнде жасалынып жатқан кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттiк тiркеудi және осы Ереженің 8-тармағында көрсетiлген құжаттарды берудi порттың теңiз әкiмшiлiгi жүзеге асырады.
10. Егер қазақстандық кеме Қазақстан Республикасының Теңiз кемелерiнiң мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан белгiленген тәртiппен шығарылмаған болса, онда оның шетел мемлекетінiң кеме тiзiлiмiнде тiркелуi заңды күшiнде болмайды.
11. Тiркеу мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
1) кемелер мен оларға құқықтарды мемлекеттік тiркеу үшiн қажеттi және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына жауап беретiн, қабылдап алынуы кезiнде порттың теңiз әкiмшiлiгiнiң лауазымдық тұлғасы кiрiс құжаттарын есепке алу кітабына тиiстi жазу енгiзетiн құжаттарды қабылдау. Ұсынылатын құжаттар осы Ереженің талаптарына сәйкес келмеген кезде немесе олар жеткiлiксiз болса, өтiнiш берушіден құжаттар қабылдаудан бас тартылады. Өтiнiш берушiнің талабы бойынша оған құжаттарын қабылдаудан бас тарту туралы дәлелденген жазбаша растама берiледi.
Өтiнiш берушiге құжаттардың тiзбесімен қоса тiркеуге алынғандығына, сондай-ақ олардың тапсырылған күнi көрсетілген қолхат берiледi. Қолхат құжаттардың тiркеуге қабылданғандығын растайды;