Toggle Dropdown
Осы редакция 04.07.2013 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды.
Осы кодекс ҚР 21.06.2013 жылғы № 106-V Заңының өзгерістерімен:
Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеуді, ұстап қалуды (есебіне жазуды) және жинақтаушы зейнетақы қорлары немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуды реттейтін нормалары 01.01.2014 ж. қолданысқа енгізіледі.
Сондай-ақ, ҚР 21.06.2013 жылғы № 106-V Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеуді, ұстап қалуды (есебіне жазуды) және аударуды реттейтін нормалары 01.01.2014 ж. дейін қолданылады.
Бұл нормалар бойынша өзекті редакция - 13.06.2013 ж.
Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Кодекс
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы N 99-IV
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодексте реттелетін қатынастар
Осы Кодекс салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу және есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі билік қатынастарын, сондай-ақ мемлекет пен салық төлеуші (салық агенті) арасындағы салық міндеттемесін орындауға байланысты қатынастарды реттейді.
2-бап. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен, сондай-ақ қабылдануы осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Осы Кодексте көзделмеген салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі міндет ешкімге жүктелуге тиіс емес.
3. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда белгіленеді, енгізіледі, өзгертіледі немесе күшін жояды.
4. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінің арасында қайшылықтар болған кезде салық салу мақсатында осы Кодекстің нормалары қолданылады. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, салықтық қатынастарды реттейтін нормаларды салықтық емес заңнамаға енгізуге тыйым салынады.
5. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодекстегіден өзгеше ережелер белгіленсе, көрсетілген шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданыста болады және жеке тұлғаларға, заңды тұлғалар мен олардың құрылымдық бөлімшелеріне қолданылады.
2. Салық әкімшілігін жүргізу, салық есептілігін белгілеу ерекшеліктері, сондай-ақ салық төлеушілердің (салық агенттерінің) жағдайын жақсарту жөніндегі өзгерістер мен толықтыруларды қоспағанда, осы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізетін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері ағымдағы жылдың 1 қарашасынан кешіктірілмей қабылдануы және олар қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қана қолданысқа енгізілуі мүмкін.
4-бап. Қазақстан Республикасында салық салу принциптері
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы салық салу принциптеріне негізделеді. Салық салу принциптеріне салық салудың міндеттілігі, айқындылығы, әділдігі, салық жүйесінің біртұтастығы және Қазақстан Республикасы салық заңнамасының жариялылығы принциптері жатады.
2. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының ережелері осы Кодексте белгіленген салық салу принциптеріне қайшы келмеуге тиіс.
5-бап. Салық салудың міндеттілігі принципі
Салық төлеуші - салық міндеттемесін, салық агенті салықтарды есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндетті Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес толық көлемде және белгіленген мерзімде орындауға міндетті.
6-бап. Салық салудың айқындылығы принципі
Қазақстан Республикасының салықтары және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдері айқын болуға тиіс. Салық салудың айқындылығы салық төлеушінің салық міндеттемесі, салық агентінің салықтарды есептеу, ұстау және аудару жөніндегі міндеті туындауының, орындалуының және тоқтатылуының барлық негіздері мен тәртібінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленуін білдіреді.
7-бап. Салық салудың әділдігі принципі
1. Қазақстан Республикасында салық салу жалпыға бірдей және міндетті болып табылады.
2. Жеке-дара сипаттағы салық жеңілдіктерін беруге тыйым салынады.
8-бап. Салық жүйесінің біртұтастығы принципі
Қазақстан Республикасының салық жүйесі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты бірыңғай жүйе болып табылады.
9-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының жариялылығы принципі
Салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер ресми басылымдарда міндетті түрде жариялануға жатады.
Салық саясаты - мемлекеттің қаржылық қажеттіліктерін мемлекет пен салық төлеушілердің экономикалық мүдделері тепе-теңдігінің сақталуы негізінде қамтамасыз ету мақсатында жаңа салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу және қолданыстағыларының күшін жою, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша ставкаларды, салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілерді, салық базасын өзгерту жөніндегі шаралар жиынтығы.
11-бап. Салық салу мәселелері жөніндегі консультациялық кеңес
1. Салық міндеттемелерін орындау барысында туындауы мүмкін түсініксіздіктерді, дәлсіздіктер мен қайшылықтарды жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтарудың ықтимал схемаларының жолын кесу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі Консультациялық кеңес құруға құқылы.
2. Консультациялық кеңестің құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді .
12-бап. Осы Кодексте қолданылатын негізгі ұғымдар
1. Салық салу мақсатына орай осы Кодексте қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) ақпаратты өңдеу жөнінде көрсетілетін қызметтер - ақпаратты жинау мен қорытуды, ақпараттық массивтерді (деректерді), жүйеге келтіруді жүзеге асыру және осы ақпаратты өңдеу нәтижелерін пайдаланушының билік етуіне беру жөнінде көрсетілетін қызметтер;
2) арнаулы салық режимі - салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін белгіленетін және жекелеген салық түрлері мен жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақыны есептеу мен төлеудің, сондай-ақ олар бойынша салық есептілігін табыс етудің оңайлатылған тәртібін қолдануды көздейтін бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртібі;
3) бағалы қағаздар - акциялар, борыштық бағалы қағаздар, депозитарлық қолхаттар, пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, ислам бағалы қағаздары;
4) басқа да міндетті төлемдер – осы Кодексте белгіленген мөлшерде және жағдайларда жүргізілетін кедендік төлемдерін қоспағанда, бюджетке төлемақылар, алымдар, баждар түріндегі міндетті ақша аударымдары;
5) бересі - салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламада Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасалу кезеңінде шағым жасалатын бөлігінде көрсетілген соманы қоспағанда, есептелген, есепке жазылған және мерзімінде төленбеген салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдердің сомасы;
6) борыштық бағалы қағаздар - мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар, облигациялар және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес борыштық бағалы қағаздар болып танылған басқа да бағалы қағаздар;
7) борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконт - борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құны мен бастапқы орналастырылу (купон есепке алынбаған) құны немесе сатып алыну (купон есепке алынбаған) құны арасындағы айырма;
8) борыштық бағалы қағаздар бойынша купон (бұдан әрі - купон) - шығарылым шарттарына сәйкес эмитент борыштық бағалы қағаздардың номиналдық құнының үстінен төлейтін (төленуге жататын) сома;
9) борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйлықақы - шығарылым шарттары бойынша купон төлеу көзделетін борыштық бағалы қағаздардың бастапқы орналастырылу (купон есепке алынбаған) құны немесе сатып алыну (купон есепке алынбаған) құны мен номиналдық құнының арасындағы айырма;
10) валюта айырбастаудың нарықтық бағамы:
Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының негізгі сессиясында қалыптасқан және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмең бірлесіп белгілейтін тәртіппен айқындалған теңгенің шетел валютасына орташа өлшемді биржалық бағамы, сондай-ақ теңгенің Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасында сауда-саттық жүргізілмейтін шетел валютасына бағамы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласындағы қызметті реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп белгілейтін тәртіппен кросс-бағамдар пайдаланыла отырып есептеледі;
10-1) веб-қосымша – салық төлеушінің электрондық салық қызметтерін алуына және салық міндеттемелерін орындауына арналған, уәкілетті органның дербестендірілген және санкциясыз қолжетімділіктен қорғалған интернет-ресурсы;