Toggle Dropdown
Мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингінің жүзеге асырылу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 236 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 6 мамырда № 10950 тіркелді
Редакция 27.06.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
«Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 5) тармақшасына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингінің жүзеге асырылу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
ҚР Энергетика Министрі В.Школьник
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрі
__________ Б. Сұлтанов
2015 жылғы 27 наурыз
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 27 наурыздағы
№236 бұйрығымен бекітілген
Мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингінің жүзеге асырылу қағидалары
1. Осы Мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингінің жүзеге асырылуы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 5) тармақшасына сәйкес әзірленген және мұнай өнімдерін өндіру және өткізу мониторингін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) автожанармай құю станциясы – мұнай өнімдерін сақтауды және бөлшек сауда арқылы өткізуді қамтамасыз ететін, есепке алатын бақылау аспаптарымен жарақтандырылған технологиялық кешен және жабдық;
2) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган – кеден ісі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
3) мұнай беруші – өзі дербес өндірген, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес заттай нысанда төленетін салықтар ретінде Қазақстан Республикасы алған, Қазақстан Республикасының аумағына өзі дербес әкелген (оның ішінде импорттаған) және (немесе) өзара байланысты жер қойнауын пайдаланушыдан және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді (оның ішінде импорттауды) жүзеге асырған тұлғадан тікелей сатып алынған шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын мұнай өнімдерін өндірушіге, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан мұнай өңдеу зауыттарына беретін және осындай мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу нәтижесінде алынған мұнай өнімдерін осы Заңда белгіленген шарттармен өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына дербес әкелінген (оның ішінде импортталған) және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді (оның ішінде импорттауды) жүзеге асырған тұлғадан сатып алынған және (немесе) жер қойнауын пайдаланушы өзі дербес өндірген шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу нәтижесінде алған және (немесе) оларды өзі дербес өндірген шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу нәтижесінде алған өзара байланысты жер қойнауын пайдаланушыдан тікелей сатып алынған шикі мұнайды немесе газ конденсатын қайта өңдеу өнімдерін мұнай өнімдерін өндірушіге (қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушіні қоспағанда) беретін заңды тұлға;
4) қуаты аз мұнай өнімдерін өндіруші – жобалық қуаты жылына сегіз жүз мың тоннадан кем шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу көлемін көздейтін технологиялық қондырғыларда мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын мұнай өнімдерін өндіруші;
5) мұнай өнімдері – мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері: бензин, авиациялық және дизель отыны, мазут, жол битумы;
6) мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы беруші – мұнай өнімдерін өндірушілерден, мұнай берушілерден және (немесе) импорттаушылардан одан әрі өткізу мақсаттары үшін мұнай өнімдерін сатып алуды жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
7) мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган – мұнай өнімдерін өндіруді мемлекеттік реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
8) мұнай өнімдерін өндіруші – меншік құқығында және (немесе) өзге де заңды негіздерде мұнай өңдеу зауыты бар және өндіріс паспортына сәйкес мұнай өнімдерін өндіруді, сондай-ақ өндірілген меншікті мұнай өнімдерін өткізуді және (немесе) алыс-беріс шикізатын қайта өңдеу өнімі болып табылатын мұнай өнімдерін беруді жүзеге асыратын заңды тұлға;
9) мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы есепке алатын бақылау аспаптары деректерінің операторы – мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті органға, оның аумақтық бөлімшелеріне, сондай-ақ мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға есепке алатын бақылау аспаптары деректерінің автоматтандырылған онлайн-берілуін қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған заңды тұлға;
10) уәкілетті органның ақпараттық жүйесі – жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратты жинауға, сақтауға, талдауға және өңдеуге арналған «Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» интеграцияланған ақпараттық жүйесі;
11) мұнай өнімдерінің базасы – мұнай өнімдерін қабылдауға, сақтауға, тиеп-жөнелтуге және өткізуге арналған технологиялық жабдықты, резервуар паркін, техникалық құрылғылар мен коммуникацияларды қамтитын ғимараттар мен құрылысжайлар кешені.
Осы Қағидалардың мақсаттары үшін Заңның 11-1-бабына сәйкес мынадай шарттардың кемінде біреуі сақталған кезде:
мұнай берушіге жер қойнауын пайдаланушыдағы акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тиесілі болса;
жер қойнауын пайдаланушыға мұнай берушідегі акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тиесілі болса;
мұнай берушіні және жер қойнауын пайдаланушыны мұнай берушідегі және жер қойнауын пайдаланушыдағы акциялардың (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тиесілі тұлға бақыласа, жер қойнауын пайдаланушымен өзара байланысты тұлға мұнай беруші деп танылады.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Заңға сәйкес қолданылады.
3. Мұнай өнімдерінің өндірісі мен айналымының мониторингін мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады және ол:
1) Қазақстан Республикасында олардың өндірілетін мұнай өнімдері көлемінің түрлері бойынша мониторингін;
2) Қазақстан Республикасында мұнай өнімдерін өткізу, оның ішінде мұнай өнімдерін экспорттау және импорттау мониторингін;
3) Қазақстан Республикасында өндірілетін мұнай өнімдерінің көтерме және бөлшек саудадағы бағаларының мониторингін;
4) мұнай өнімдерінің облыстарға, республикалық маңызы бар қала мен астанаға қажеттілігінің мониторингін;
5) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мұнай базаларындағы мұнай өнімдері көлемінің мониторингін қамтиды.
4. Мұнай өнімдерін өндіру мен өткізу мониторингі жөніндегі ақпаратты мұнай өнімдерін өндірушілер, қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушілер, мұнай өнімдерін көтерме сауда арқылы берушілер, мұнай берушілер, мұнай өнімдері базаларының иелері, жергілікті атқарушы органдар, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган ұсынған мәліметтер, сондай-ақ Заңға сәйкес айқындалған мұнай өнімдерін өндіру және олардың айналымы саласындағы есепке алатын бақылау аспаптары деректерінің операторы ұсынған мәліметтер негізінде мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган қалыптастырады.
2-тарау. Өндірілетін және өткізілген мұнай өнімдерін мониторингілеу тәртібі
5. Мұнай өнімдерін өндірушілер мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті органға:
1) күн сайын, есепті күннен кейінгі күні сағат 04:00-ге дейін, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мұнай және мұнай өнімдерінің қозғалысы жөніндегі ақпаратты;
2) күн сайын, есепті күннен кейінгі күні сағат 11:00-ге дейін, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін тиеп-жөнелту жөніндегі ақпаратты;
3) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне дейін осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мұнай өнімдерін өндіру жөніндегі ақпаратты;
4) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне дейін осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мұнай өнімдерін тиеп-жөнелту жөніндегі ақпаратты;
5) күн сайын, есепті күннен кейінгі күні сағат 13:00-ге дейін осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өндірушінің атауы бар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін дизель отынын тиеп-жөнелту жөніндегі ақпаратты;
6) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне дейін осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мұнай және мұнай өнімдерінің қозғалысы жөніндегі ақпаратты;
7) күн сайын, есепті күннен кейінгі күні сағат 13:00-ге дейін осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мұнай өнімдерін тиеп-жөнелту жөніндегі ақпаратты;