• Мое избранное

Отправить по почте

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 16 сәуірдегі N 364 қаулысы

Редакция 28.07.2003 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзiмдi қаржыландыруды одан әрi жетілдіру мен оның тиімділiгiн арттыру және ипотекалық кредит беру жүйесін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Жарғылық капиталына мемлекет 100 пайыз қатысатын "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Банк) құрылсын.
2. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi заңнамада белгiленген тәртiппен 1 500 000 000 (бір миллиард бес жүз миллион) теңге мөлшерiнде республикалық бюджеттің қаражаты есебiнен Банктің жарғылық капиталын қалыптастыруды қамтамасыз етсін.
2-тармақ өзгертілді ҚР Үкіметінің 28.07.2003. № 754 қаулысымен. (16.04.2003 жылғы редакцияны қараңыз)
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнің Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен: 
1) банктің жарғысын бекiтсiн және оның әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсін; 
2) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне Банк акцияларының мемлекеттік пакетiне иелік ету және пайдалану құқықтарын берсiн; 
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
4. Қазақстан Республикасы Үкiметiнің кейбiр шешiмдерiне мынадай толықтырулар енгізілсін: 
1) "Акциялардың мемлекеттiк пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлерi және ұйымдарға қатысудың мемлекеттiк үлестерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 12 сәуiрдегi N 405 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат): 
көрсетiлген қаулымен бекiтiлген акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен үлестерi республикалық меншiкке жатқызылған акционерлiк қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тiзбесiнде: 
"Алматы қаласы" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 123-83-жолмен толықтырылсын: 
"123-83. "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi" AҚ"; 
2) "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен мемлекеттiк үлестерiне иелiк ету және пайдалану жөнiндегi құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659 қаулысына: 
көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Иелiк ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттiк органдарға берiлетiн республикалық меншiк ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттiк пакеттерінің және қатысудың мемлекеттiк үлестерінің тiзбесінде: 
"Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 217-4-жолмен толықтырылсын: 
"217-4. "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ".
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бiрiншi орынбасары А.С.Павловқа жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының 
Премьер-Министрі