Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Халық Кеңесінің құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін, құрылу, құрамын қалыптастыру және қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
Қазақстан Халық Кеңесі туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 2026 жылғы 5 маусымдағы № 298-VIIІ ҚРЗ
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Құқықтық мәртебесі және қызметінің негізі
1. Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Конституциялық заң, Қазақстан Халық Кеңесінің Регламенті, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен халықаралық шарттары Қазақстан Халық Кеңесі қызметінің құқықтық негізін құрайды.
3. Қазақстан Халық Кеңесін ұйымдастырудың және оның қызмет тәртібінің осы Конституциялық заңмен реттелмеген мәселелері Қазақстан Халық Кеңесінің Регламентімен реттеледі.
2-бап. Мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Халық Кеңесінің мақсаты – мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға консультативтік тұрғыдан қатысу арқылы Қазақстан халқының мемлекеттік басқару саласындағы мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету.
2. Қазақстан Халық Кеңесі мынадай міндеттерді іске асырады:
1) мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша жалпыұлттық диалогты ұйымдастырады;
2) қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайтады;
3) Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетеді.
3-бап. Қызметінің қағидаттары
Қазақстан Халық Кеңесі өз қызметін Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарын, сондай-ақ:
1) тәуелсіздік;
2) заңдылық пен құқықтық тәртіп;
3) диалог пен ашықтық;
4) консенсус пен алқалылық;
5) инклюзивтілік пен кемсітпеушілік қағидаттарын негізге ала отырып жүзеге асырады.
Полная версия

