Близость слов: Окончание:





Аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгін мiндеттi сақтандыру туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 маусымдағы N 440-II Заңы
Тақырыбындағы және құжат мәтініндегі "аудиторлар мен", "аудитормен немесе", "аудиторды және", "аудитордың немесе", "аудитордың және", "аудиторды немесе", "жеке кәсiпкер ретiнде аудиторлық қызметтi жүзеге асыратын аудиторлар және", "аудиторларды немесе", "аудиторларға және", "аудитор және", "аудитор немесе" сөздері алып тасталды ҚР 05.05.2006 жылғы № 139 Заңына сәйкес (13.06.2003 ж. редакцияны қараңыз)
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырылады - ҚР 12.07.2022 № 138-VII Заңына сәйкес (өзгерту 12.09.2022, 01.01.2024 жылдардан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР 16.01.2026 жылғы № 259-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 01.01.2027 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 31.08.2025 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1-бап жаңа редакцияда жазылды ҚР 02.07.2018 жылғы № 166-VІ Заңына сәйкес (27.02.2017 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 04.07.2018 жылы „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi – аудиторлық ұйымның аудит жүргізу кезiнде аудиттеу субъектiлерiне келтiрiлген мүлiктiк зиянды өтеуінің Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген мiндетi;
2) аудиттеу субъектiсi – аудиторлық ұйыммен аудит жүргiзуге шарт жасасқан заңды тұлға;
3) пайда алушы – осы Заңға сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға;
4) сақтандыру жағдайы – басталуына орай аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн оқиға;
5) сақтандыру омбудсманы – «Сақтандыру қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға;
6) сақтандыру сомасы – сақтандыру объектiсi сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектi көлемiн бiлдiретiн ақша сомасы;  
7) сақтандыру сыйлықақысы – сақтанушы сақтандырушыға соңғысы аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында айқындалған мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жүргізу мiндеттемесін қабылдағаны үшiн төлеуге мiндеттi ақша сомасы;
8) сақтандыру төлемi – сақтандырушы сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы;
9) сақтандырушы – сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген және сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта айқындалған сақтандыру сомасы шегiнде сақтандыру төлемiн жүргізуге мiндеттi заңды тұлға;
10) сақтанушы – сақтандырушымен аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан аудиторлық ұйым;
11) франшиза – сақтандырушыны белгiлi бiр мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату.
2-бап. Қазақстан Республикасының аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн міндетті сақтандыру туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
Полная версия
ИС BestProfi