Близость слов: Окончание:





Внимание! Документ утратил силу с 27.12.2018
«Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 111 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 сәуірдегі № 174 қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 27.12.2018 жылғы № 895 Қаулысына сәйкес
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 111 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 26, 363-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2017 жылғы 6 сәуірдегі № 174
қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2012 жылғы 19 қаңтардағы № 111
қаулысымен бекітілген
Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары
1. Осы Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына жалпы орта (орта жалпы), техникалық және кәсіптік (бастауыш немесе орта кәсіптік), орта білімнен кейінгі, жоғары (жоғары кәсіптік) білімі бар адамдар қабылданады.
3. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсуші адамдарды қабылдау мемлекеттік білім беру тапсырысын (білім беру грантын) орналастыру, сондай-ақ азаматтардың өз қаражаты мен басқа да көздер есебінен оқуға ақы төлеуі арқылы жүзеге асырылады.
Әскери, арнаулы оқу орындарында алынатын білімді қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтарына, егер Қазақстан Республикасының азаматы оны бірінші рет алатын болса, мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқық беріледі.
Әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға, егер олар осы деңгейдегі білімді бірінші рет алатын болса, мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқық беріледі.
Шетелдіктердің мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес конкурстық негізде тегін жоғары білім алу құқығы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
4. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарына түсуші адамдарды қабылдау ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ) немесе кешенді тестілеу (бұдан әрі – КТ) нәтижелері бойынша берілген сертификаттағы балдарға сәйкес конкурстық негізде олардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.
Білім беру грантын беру конкурсы «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 5) тармақшасына сәйкес бекітілген Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру қағидаларына сәйкес өткізіледі.
5. ҰБТ ағымдағы жылы жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген білім беру ұйымдарының бітірушілері, сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінде оқытпайтын жалпы білім беретін мектептердің бітірушілері, республикалық музыка мектеп-интернаттарының бітірушілері үшін өткізіледі.
КТ өткен жылдардағы жалпы орта (орта жалпы) білім беру ұйымдарының бітірушілері, техникалық және кәсіптік (бастауыш және орта кәсіптік), орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері, халықаралық оқушылар алмасу желісі бойынша шетелде оқыған жалпы білім беретін мектеп бітірушілері, сондай-ақ оқу орындарын шетелде бітірген адамдар үшін өткізіледі.
Полная версия
ИС BestProfi