1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 27 желтоқсандағы № 125-VI Кодексі
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР 23.02.2021 № 11-VII Заңына сәйкес (2018 жылғы 12 тамызда жасалған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция күшіне енген күннен бастап қолданысқа енгізіледі) Құжат мәтініндегі «жергілікті қамту», «жергілікті қамтудың», «жергілікті қамтуды», «жергілікті қамтуының», «жергілікті қамтуға» деген сөздер тиісінше «елішілік құндылық», «елішілік құндылықтың», «елішілік құндылықты», «елішілік құндылығының», «елішілік құндылыққа» деген сөздермен ауыстырылды ҚР 27.12.2021 жылғы № 87-VII Заңына сәйкес (15.11.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 08.01.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 22.07.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
ЖАЛПЫ БӨЛІК І БӨЛІМ. Негізгі ережелер
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасы
1-1. Осы Кодекске өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленетін заңдардың жобаларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздемейтін заңмен жүзеге асырылады.
1-бап 1-1-тармақпен толықтырылды ҚР 28.12.2023 жылғы № 52-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 01.07.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте қамтылғандағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3. Осы Кодекс пен жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттейтін нормаларды қамтитын Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының арасында қайшылық болған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарға олар осы Кодекстің нормаларымен реттелмеген жағдайларда қолданылады.
2-бап. Осы Кодекспен реттелетін қатынастар
1. Осы Кодекс жер қойнауын пайдалану режимін, жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару мен реттеуді жүзеге асыру тәртібін, жер қойнауы учаскелеріне құқықтардың туындау, оларды жүзеге асыру және тоқтату, жер қойнауын пайдаланушылардың құқықтық жағдайы мен олардың тиісті операцияларды жүргізу ерекшеліктерін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және жер қойнауын пайдалану құқығына билік ету мәселелерін және жер қойнауы ресурстарын пайдалануға байланысты басқа да қатынастарды айқындайды.
2. Жерді, су ресурстарын және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тиісті табиғи ресурстарды пайдалану және қорғау режимін айқындайтын Қазақстан Республикасының жер, су және экологиялық заңнамасына сәйкес реттеледі.
3. Мемлекет, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары осы Кодекспен реттелетін қатынастарға қатысушылар болып табылады.
4. Егер осы Кодексте, заңдарда және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану жөніндегі қатынастарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады және олардың міндеттері болады.
5. Жер қойнауын пайдаланушылар өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар бойынша сатып алуды «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.
2-бап 5-тармақпен толықтырылды ҚР 27.12.2021 жылғы № 87-VII Заңына сәйкес (өзгерту 08.01.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3-бап. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының мақсаты мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының мақсаты мемлекеттің және қоғамның әл-ауқатының экономикалық өсуі үшін Қазақстан Республикасының минералдық-шикізаттық базасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының міндеттері мыналар болып табылады:
1) мемлекеттің жер қойнауына меншік құқығын қорғау;
Полная версия