Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 14 қазандағы № 759 қаулысы
«Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 20.10.2025 жылғы № 881 Қаулысына сәйкес (13.02.2025 ж. редакцияны қараңыз)
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидалары
Осы Қағидалар жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 18.02.2021 жылғы № 72 Қаулысына сәйкес (14.10.2019 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 05.03.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1. Осы Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты (бұдан әрі – қорғаныстық тапсырыс) қалыптастыру, орналастыру және орындау тәртібін айқындайды.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 20.10.2025 жылғы № 881 Қаулысына сәйкес (13.02.2025 ж. редакцияны қараңыз)
2. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыруды, орналастыруды, салааралық үйлестіруді және оның орындалуын бақылауды мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
2-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 20.10.2025 жылғы № 881 Қаулысына сәйкес (13.02.2025 ж. редакцияны қараңыз)
3. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орналастыру үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджетте көзделген, осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегінде жүргізіледі.
4. Қорғаныстық тапсырысты алушылар (бұдан әрі – алушылар) тактикалық-техникалық тапсырманы (техникалық ерекшелікті, тактикалық-техникалық сипаттаманы) (бұдан әрі – техникалық тапсырма) ұлттық стандарттарға сәйкес қалыптастырады.
4-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 27.11.2023 жылғы № 1044 Қаулысына сәйкес (27.12.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 11.12.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Алушылар ұлттық стандарттар болмаған кезде қару-жарақты, әскери техниканы біріздендіру, стандарттау, жедел үйлестіру және олардың жаңа (тәжірибелік) үлгісін сатып алу мақсатында талап етілетін функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамасын көрсетіп, сатып алуға ұсынылатын әскери мақсаттағы тауарға (өнімге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарға (өнімге), әскери мақсаттағы жұмысқа және әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметке (бұдан әрі – қорғаныстық тапсырыс өніміне) техникалық тапсырманы дербес қалыптастырады.
Ұлттық стандарттар болмаған кезде тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауды, патентті, пайдалы модельді, өнеркәсіптік үлгіні, тауарды шығарған елдің атауын және өндірушінің атауын көрсетуге жол беріледі.
Алушы заттай мүлік бойынша техникалық тапсырманы жасау кезінде арнайы мақсаттағы бөлімшелерге арналған заттай мүлікті қоспағанда, кемінде 30 % шикізаттың елішілік құндылығына қойылатын талапты көздейді.
5. Алдындағы қаржы жылының 1 желтоқсанынан кешіктірмей алушылар қорғаныстық тапсырыс шеңберіндегі бюджет қаражаты мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті органның бюджетінде көзделгенде (бұдан әрі – қаражат мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті органда болғанда) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті органға сатып алуға жоспарланатын қорғаныстық тапсырыс өнімінің саны (мөлшері) және жеткізу орны туралы мәліметтер көрсетілген, тиісті жоспарлы кезеңге арналған қажетті қорғаныстық тапсырыс өніміне бекітілген техникалық тапсырманы қағаздағы және электрондық түрде қоса беріп, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім жібереді. Бұл ретте тиісті жоспарлы кезеңге дейін екі жылғы кезең алдындағы қаржы жылы болып табылады.
5-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 27.11.2023 жылғы № 1044 Қаулысына сәйкес (27.12.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 11.12.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
5-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 20.10.2025 жылғы № 881 Қаулысына сәйкес (13.02.2025 ж. редакцияны қараңыз)