Близость слов: Окончание:





Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы 
Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI Кодексі
Құжат мәтіндегі «профилактикалық бақылау мен қадағалау», «профилактикалық бақылау мен қадағалаудың», «профилактикалық бақылау мен қадағалауды», «профилактикалық бақылау және қадағалау» деген сөздер тиісінше «профилактикалық бақылау», «профилактикалық бақылаудың», «профилактикалық бақылауды», «профилактикалық бақылау» деген сөздермен ауыстырылды ҚР 31.12.2021 жылғы 95-VII Заңына сәйкес (29.12.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 01.01.2023 жылдан бастап)
Редакция 20.06.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адамның мекендеу ортасы (бұдан әрі – мекендеу ортасы) – адамның тiршiлiк ету жағдайын айқындайтын, ортаның (табиғи және жасанды) табиғи, антропогендiк және әлеуметтiк факторларының жиынтығы;
2) АИТВ инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына алып келетін созылмалы инфекциялық ауру;
3) алғашқы көмек бойынша сертификатталған жаттықтырушы – алғашқы көмек пен базалық жүрек-өкпе реанимациясы бойынша қосымша даярлықтан өткен адам;
4) анонимдік зерттеп-қарау – адамды жеке басын сәйкестендірмей, ерікті түрде медициналық зерттеп-қарау;
5) апат медицинасы – әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше ахуалдардың (бұдан әрі – төтенше ахуалдар) медициналық-санитариялық салдарларының алдын алуға және оларды жоюға бағытталған, халық ауруларының алдын алуды және оларды емдеуді, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды, төтенше ахуалдарды жоюға қатысушылардың денсаулығын сақтауды және қалпына келтіруді, сондай-ақ авариялық-құтқару қызметтерінің қызметкерлеріне медициналық көмекті қамтитын медицина саласы;
6) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры – аударымдар мен жарналарды жинақтауды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
7) әскери медицина – әскери-медициналық қызметтің ғылыми білімі (ғылыми-практикалық пәндер кешені) мен практикалық қызметінің жүйесін білдіретін, бейбіт уақытта және соғыс уақытында арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әскерлерін, бөлімшелері мен ведомстволарын жан-жақты медициналық қамтамасыз етуді өзіне мақсат ететін медицина мен денсаулық сақтау саласы;
8) әскери-медициналық қызмет – әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің Қазақстан Республикасының заңдарында осы органдардың қызметін әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз етуге арналған әскери қызмет немесе мемлекеттік қызметтің ерекше түрі көзделген жиынтығы;
9) әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер – әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, орталық атқарушы органдар мен өзге де орталық мемлекеттік органдардың және олардың аумақтық бөлімшелерінің құрылымдық бөлімшелері, сондай-ақ әскери-медициналық (медициналық) мекемелер (ұйымдар), өзге де бөлімшелер;
10) байыту (фортификация) – тағамдық өнімді өндіру немесе қайта өңдеу процесінде оған дәрумендерді, минералдарды және басқа да заттарды тағамдық және биологиялық құндылығын арттыру, сондай-ақ адамда олардың тапшы болуына байланысты аурулардың профилактикасы мақсатында енгізу;
11) бала (балалар) – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;
12) бейінді маман – жоғары медициналық білімі, денсаулық сақтау саласында сертификаты бар медицина қызметкері;
13) белгіленген (түпкілікті) санитариялық-қорғаныш аймағы – есептік (алдын ала) санитариялық-қорғаныш аймағын растау үшін шынайы зерттеулер мен өлшемдердің жылдық циклі нәтижелерінің негізінде айқындалатын санитариялық-қорғаныш аймағының аумағы;
14) белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесі – белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттары бөлінісінде дәрілік заттардың, медициналық бұйымдар мен арнайы емдік өнімдердің атаулары мен сипаттамаларын қамтитын, амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде бюджет қаражаты және (немесе) әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен сатып алынатын дәрілік заттардың, медициналық бұйымдар мен арнайы емдік өнімдердің тізбесі;
Полная версия
ИС BestProfi