Осы Заң техникалық реттеудің өнімдерге, олармен байланысты процестерге, қызметтер көрсетуге қойылатын талаптарды белгілеу, орындау кезінде туындайтын негізге алынатын қағидаттарын белгілейді, сондай-ақ мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін айқындайды.
Техникалық реттеу туралы Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 396-VI Заңы
Редакция 01.09.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) дайындаушы – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, өз атынан өнім өндіруді немесе өндіру мен өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;
2) дайындаушы уәкілеттік берген тұлға – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, дайындаушымен, оның ішінде шетелдік дайындаушымен шарт негізінде Қазақстан Республикасының аумағында өнімнің сәйкестігін бағалау және оны айналысқа шығару кезінде осы дайындаушының атынан әрекеттерді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;
3) дәлелдемелік материалдар – объективті куәліктер, оның ішінде фото- және бейнетіркеу көмегімен алынған, өнім үлгілерін іріктеп алу, сынақтардың, зерттеулердің және (немесе) өлшемдердің нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды және (немесе) сәйкестікті бағалау объектісінің техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестігін дәлелдейтін өзге де құжаттарды және (немесе) сынақ зертханаларында (орталықтарында) өнімнің бақылау үлгілерінің сақталғанын (егер зерттелген (сыналған) өнімнің бақылау үлгілерін сақтау Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде және (немесе) нормативтік техникалық құжаттарда көзделсе), талап етілетін көрсеткіштер мен параметрлерге қол жеткізілгенін және қажет болған жағдайларда дайындаушының, импорттаушының, дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның, сатушының құқықтық мәртебесін және (немесе) сәйкестік туралы декларацияны қабылдау құқығын растайтын құжаттарды қамтитын объективті куәліктер;
3-тармақша өзгертілді ҚР 06.04.2024 жылғы № 71-VIII Заңымен (19.04.2023 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 08.06.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
4) жалпы қауіпсіздік туралы декларация – дайындаушы, дайындаушы уәкілеттік берген тұлға, импорттаушы, сатушы Кеден одағы Комиссиясының шешімімен бекітілген Кеден одағы шеңберінде міндетті талаптар белгіленетін Өнімдердің бірыңғай тізбесіне (бұдан әрі – Бірыңғай тізбе) енгізілмеген өнімге, сондай-ақ Бірыңғай тізбеге енгізілген, бірақ оған қатысты техникалық регламенттер қабылданбаған немесе қолданысқа енгізілмеген өнімге қатысты ерікті түрде қабылдайтын құжат;
5) импорттаушы – Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес тіркелген, шетелдік дайындаушымен (сатушымен) партиямен шығарылатын өнімді беруге сыртқы сауда шартын (келісімшартын) жасасқан және осы өнімді Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа шығаруды және (немесе) өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;
6) көлік құралдарын жасаушыларға халықаралық сәйкестендіру кодтарын беру – Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын көлік құралын жасаушы заңды тұлғаға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаға жекелеген таным белгілерін бекітіп беру;
7) көлік құралын жасаушыға халықаралық сәйкестендіру кодын беру туралы куәлік – Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын көлік құралын жасаушы заңды тұлғаға немесе дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаға халықаралық сәйкестендіру кодының берілгенін растайтын құжат;
8) көрсетілетін қызмет – жеке және (немесе) заңды тұлғалардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелерінің материалдық мәні болмайтын, стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкес келетін қызмет;
9) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі – нормативтік құқықтық актілерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда техникалық реттеу объектілеріне және оларды орындауға қойылатын талаптарды белгілеу бойынша техникалық реттеу субъектілері мен олардың арасындағы қатынастардың жиынтығы;
10) мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі деректерінің тізілімі (бұдан әрі – техникалық реттеу тізілімі) – техникалық регламенттердің, аккредиттеу субъектілерінің, сәйкестікті бағалау туралы берілген құжаттардың, сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлардың, жабдықтардың, техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін өнімдер туралы ақпараттың және техникалық реттеу саласындағы өзге де мәліметтердің электрондық дерекқоры;
11) міндетті сертификаттау – техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігін растау жөніндегі органның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін міндетті растау нысаны;
12) нормативтік техникалық құжат – техникалық және технологиялық нормаларды қамтитын құжат;
13) оқу орталығы – сәйкестікті растау, тауарды шығарған елді, Еуразиялық экономикалық одақ тауарының немесе шетелдік тауардың мәртебесін айқындау жөніндегі сарапшы-аудиторларды даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
14) өзара байланысты стандарттар – техникалық регламенттерде белгіленген талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін ұлттық және (немесе) мемлекетаралық стандарттар;
Полная версия