Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Внимание! Документ утратил силу с 30.07.2023
«Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 5 қыркүйектегі № 929 қаулысына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 26 қазандағы № 847 қаулысы
Осы Қаулы 2023 жылғы 30 шілдеден бастап күшін жойды ҚР Үкіметінің 13.07.2023 жылғы № 560 Қаулысына сәйкес
1. «Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 5 қыркүйектегі № 929 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:
«Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 3-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә. Смайылов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы « » № қаулысына қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы «5» қыркүйектегі № 929 қаулысымен бекітілген
Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Туу туралы куәлікті ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және туу туралы куәліктерді ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою тәртібін белгілейді.
2. Туу туралы куәлік – жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын, оның туу фактісінің мемлекеттік тіркелгенін куәландыратын құжат.
Туу туралы куәлік мынадай құжаттардың бірін – Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін не шетелдік паспортты алғанға дейін жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат болып табылады.
2-тарау. Туу туралы куәлікті ресімдеу және беру тәртібі
3. Туу туралы куәлікті азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуге байланысты мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің басқа да түрлерін жүзеге асыратын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – тіркеуші орган) ресімдейді және береді.
4. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу үшін ата-аналар, олардың біреуі, ал олар қайтыс болған, науқастанған немесе өтініш беруге өзге себептермен мүмкіндігі болмаған жағдайда – мүдделі адамдар немесе бала туған кезде анасы жатқан медициналық ұйымның әкімшілігі бала туған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы өтінішпен (бұдан әрі – туу туралы өтініш) Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органға өтініш берушінің қалауы бойынша жазбаша нысанда не «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық түрде жүгінеді.
5. Бала Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған жағдайда баланың тууы туралы өтінішті ата-аналары не басқа да мүдделі адамдар Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне оның туған күнінен бастап екі айдан кешіктірмей беруге тиіс.
6. Бала өлі туған жағдайда туу туралы өтінішті медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы босанған кезден бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей береді.
Полная версия