Близость слов: Окончание:





Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы
 Қазақстан Республикасының Президентінің 2023 жылғы 2 қаңтардағы № 80 Жарлығы
Қазақстан Республикасының Конституциясы 44-бабының 3) тармақшасына сəйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жəне оның тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу, минералдық-шикізат базасын молықтыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігіне беріле отырып, Қазақстан Республикасының Экология жəне табиғи ресурстар министрлігі болып қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігімен келісім бойынша мемлекеттік органдардың жəне оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлуді;
2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасының Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі берілетін функциялар мен өкілеттіктер шегінде Қазақстан Республикасының Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің мирасқоры болып айқындалсын.
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
1-тармақтағы «Қазақстан Республикасының Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Экология жəне табиғи ресурстар министрлігі».
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Президент Республики Казахстан К.Токаев
Полная версия
ИС BestProfi