БҰЙЫРАМЫН:
«Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 385-НҚ бұйрығы
1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі (бұдан әрі – Ереже) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрық бекітілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына электрондық нысанда қазақ және орыс тілдерінде жіберуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Мынадай бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын:
1) «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті» мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 14 мамырдағы № 143 бұйрығы;
2) «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а. 2022 жылғы 25 тамыздағы № 246 бұйрығының 1-тармағының 2) тармақшасы;
3) «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті» мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 14 мамырдағы № 143 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а. 2023 жылғы 12 мамырдағы № 126 бұйрығы.
5. Осы бұйрық Ережедегі 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын 14-тармақтың 129) тармақшасын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі А. Балаева
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 385-НҚ бұйрығымен бекітілген
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі
1 тарау. Жалпы ережелер
1. «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) мәдениет, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану және кинематография салаларында ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ тілінде өз атауы жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
4. Комитет азаматтық құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
Полная версия