Близость слов: Окончание:





Масс-медиа туралы
Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 19 маусымдағы № 93- VIII ҚРЗ
Осы Заң масс-медиа саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, олардың құқықтық негіздерін белгілейді және сөз бен шығармашылық бостандығына конституциялық құқықты қамтамасыз етуге бағытталған.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абонент – телерадио хабарларын тарату операторымен телерадио хабарларын тарату қызметтерін алуға шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
2) аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі – аккредиттеу картасын беру арқылы бұқаралық ақпарат құралдарын және олардың журналистерін (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеудің автоматтандырылған процесі;
3) ақпараттық егемендік – ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруда Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық-саяси дербестігін айқындайтын Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің тәуелсіздігі;
4) балалар теле-, радиобағдарламасы – 12 жасқа дейінгі балаларға арналған, осы жастағы топқа тән сюжеті бар теле-, радиобағдарлама;
5) бас редактор (редактор) – бұқаралық ақпарат құралының редакциясын басқаратын және бұқаралық ақпарат құралының өнімін шығаруға және таратуға тиiстi өкiлеттiктерi бар жеке тұлға;
6) бұқаралық ақпарат құралы – мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, интернет-басылым;
7) бұқаралық ақпарат құралын таратушы – бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн оның меншiк иесiмен, баспагермен арадағы шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
8) бұқаралық ақпарат құралының өнімі – мерзімді баспасөз басылымының немесе аудиовизуалды туындының жекелеген нөмірінің таралымы немесе таралымының бір бөлігі, теле-, радиобағдарламаның жекелеген шығарылымы, сондай-ақ интернет-басылымда орналастырылған ақпарат;
9) бұқаралық ақпарат құралының редакциясы – бұқаралық ақпарат құралының материалдарын жинауды, әзірлеуді, шығаруды және таратуды жүзеге асыратын жеке тұлға не заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi болып табылатын шығармашылық ұжым;
10) білім беру теле-, радиобағдарламасы – мазмұны телекөрерменді немесе радиотыңдаушыны ғылымның, мәдениеттің, өндірістің, өнердің және әлеуметтік өмірдің қандай да бір саласындағы нақты білім жүйесінде оқытуға бағытталған, адамдардың көпшілік тобына арналған теле-, радиобағдарлама;
1-баптың 11) тармақшасы осы Заңның 70 баптың 1-тармағына сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
11) бірыңғай медиаплатформа – мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға арналған ақпараттық жүйе;
12) дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын таратушы – телерадио хабарларын тарату саласында лицензиясы бар және Қазақстан Республикасының аумағында меншікті спутниктік хабар тарату жүйелері бар телерадио хабарларын тарату операторларының қызметтеріне шартты қолжетімді карталарды, телерадио хабарларын тарату операторларының теле-, радиосигналын жеке-дара қабылдауға арналған жабдықты тарататын жеке немесе заңды тұлға;
13) дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғысы – теле-, радиосигналды жеке-дара қабылдауға арналған жабдық;
14) дыбыстық сүйемелдеудің көпарналы берілуі – абонентке көру тілін таңдауға мүмкіндік беретін, телебағдарламада екі және одан да көп дыбыстық сүйемелдеудің берілуі;
Полная версия
ИС BestProfi