Осы Заң ғылым, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, Қазақстан Республикасының ұлттық ғылыми жүйесінің жұмыс істеуі мен оны дамытудың негізгі қағидаттарын және тетіктерін айқындайды.
Ғылым және технологиялық саясат туралы Қазақстан Республикасының Заңы 2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аккредиттеу – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай келуін уәкілетті органның ресми тану рәсімі;
2) ғалым – ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізетін жеке тұлға;
3) ғылым – функциялары табиғи байлықтарды ұтымды пайдалану және қоғамды тиімді басқару мақсатында табиғат, қоғам және ойлау заңдарын зерделеу, болмыс туралы объективті білімді тұжырымдау және теориялық жағынан жүйелеу болып табылатын адам қызметінің саласы;
4) ғылыми әдеп – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ұстанатын әдеп қағидаттарының, қағидалары мен нормаларының жиынтығы;
5) ғылыми бағыттар сыныптауышы – ғылым бағыттарын сыныптауды және кодтауды белгілейтін құжат;
6) ғылыми-білім беру консорциумы – ғылыми ұйымдар, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары және басқа да заңды тұлғалар, оның ішінде өндіріс саласында жұмыс істейтін заңды тұлғалар іргелі, қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізу, технологиялық инновацияларды әзірлеу және біліктілігі жоғары мамандарды даярлау үшін зияткерлік, қаржылық және өзге де ресурстарды біріктіретін ғылым, ғылыми-техникалық қызмет саласындағы бірлескен шаруашылық қызмет туралы шарт негізіндегі ерікті теңқұқықты уақытша бірлестік;
7) ғылыми, ғылыми-техникалық жоба мен бағдарлама – болжанатын ғылыми-техникалық жұмыстың мазмұнын қамтитын, жоспарланған жұмыстарды жүргізудің мақсаттары мен міндеттері, олардың өзектілігі, жаңалығы, ғылыми-практикалық маңыздылығы мен орындылығы негізделген ғылыми, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-конструкторлық, маркетингтік зерттеулерді білдіретін құжат;
8) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін ендіру (пайдалану) – жаңа өнімді немесе жаңа технологияны меңгерудің ғылыми-өндірістік циклінің қорытынды сатысын іске асыруға бағытталған қызмет;
9) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру – жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, процестер мен көрсетілетін қызметтерді нарыққа шығару мақсатында зияткерлік қызмет нәтижелерін қоса алғанда, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолданумен байланысты, кіріс алуға бағытталған қызмет;
10) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға арналған грант – экономиканың басым секторлары шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетін қаражат;
11) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру орталығы (офисі) – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды жүзеге асыратын заңды тұлға, ғылыми ұйымның, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, дербес немесе өзге де білім беру ұйымының құрылымдық немесе оқшауланған бөлімшесі;
12) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы зияткерлік қызмет нәтижесі (бұдан әрі – зияткерлік қызмет нәтижесі) – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің немесе өзге де қызметтің нәтижесінде алынған өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер, селекциялық жетістіктер, интегралдық микросхемалардың топологиялары, бағдарламалық қамтылымдар және зияткерлік қызметтің басқа да нәтижелері;
13) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы есеп – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобасын іске асыру нәтижелері мен тиімділігі туралы ақпаратты қамтитын құжат;
14) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесі – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыру барысында тиісті ғылыми әдістермен және құралдармен алынған және кез келген ақпарат жеткізгіште тіркеліп-белгіленген жаңа білім немесе шешімдер, сондай-ақ өндіріске ендірілген ғылыми әзірлемелер мен технологиялар, жаңа бұйымдардың, материалдар мен заттардың модельдері, макеттері, үлгілері;
15) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясат – ғалымдар мен ұйымдардың ғылым және техника, ғылыми-техникалық жетістіктерді коммерцияландыру, жаңа технологиялар жасауды ынталандыру саласындағы қызметінің негізгі басымдықтарын, мақсаттарын, бағыттарын, қағидаттары мен тәртібін айқындайтын әлеуметтік-экономикалық саясаттың құрамдас бөлігі;
Полная версия