Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Жоғары ғылыми-техникалық комиссия құру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 7 қазандағы № 826 қаулысы
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 3) тармақшасын және Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 98-бабын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Кіріспе жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 31.12.2024 жылғы № 1155 Қаулысына сәйкес (07.10.2024 ж. редакцияны қараңыз)
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия (бұдан әрі – ЖҒТК) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. ЖҒТК-ны Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі (бұдан әрі – төраға) басқарады, оның ғылым саласындағы және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органдардың бірінші басшылары тұлғасындағы орынбасарлары болады.
2-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 31.12.2024 жылғы № 1155 Қаулысына сәйкес (07.10.2024 ж. редакцияны қараңыз)
3. ЖҒТК құрамы Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, Ұлттық ғылым академиясының басшылары, жетекші ғалымдар, әртүрлі білім салаларының сарапшылары, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық даму институттарының, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және республикалық ғылыми қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатарынан қалыптастырылады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.
3-тармақ өзгертілді ҚР Үкіметінің 31.12.2024 жылғы № 1155 Қаулысымен (07.10.2024 ж. редакцияны қараңыз)
4. ЖҒТК қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды.
4-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 31.12.2024 жылғы № 1155 Қаулысына сәйкес (07.10.2024 ж. редакцияны қараңыз)