Близость слов: Окончание:





Қазақстан Республикасының Су кодексі
Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі № 178-VIII Кодексі
"2025 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Су кодексін, Қазақстан Республикасының "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне су қорын қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2025 жылғы 9 сәуірдегі заңдарын іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 02.06.2025 жылғы № 87-ө Өкімін қараңыз
Редакция 01.01.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) акватория – табиғи, жасанды немесе шартты шекаралармен шектелген су кеңістігі;
2) ауызсу – сапасы жағынан белгіленген ұлттық стандарттар мен гигиеналық нормативтерге сай келетін, ауызсу мен шаруашылық-тұрмыстық мұқтаждықтарды қанағаттандыруға арналған, табиғи күйдегі немесе өңделгеннен кейінгі су;
3) ауызсумен жабдықтаудың баламасыз көздері – су тұтынушылар үшін ауызсумен жабдықтаудың ауыстыру мүмкін болмайтын және мақсатқа сай келмейтін бірден-бір көзі;
4) балама су көздері – су ресурстары ретінде пайдалануға болатын жинақталған жаңбыр суы мен еріген су, тазартылған сарқынды және тұщытылған тұзды сулар;
5) баланстық тиесілікті бөлу шекарасы – иеленушілер арасында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару белгісі бойынша бөлу шегі;
6) гидротехникалық құрылысжайлар – су ресурстарын пайдалануды реттеуге (оның ішінде, жерүсті су объектілерінің суларын алуға, сақтауға, тасуға, бөлуге және дренаждық суларды бұруға) арналған құрылысжайлар, сондай-ақ судың зиянды әсерінен қорғауға арналған өзге де құрылысжайлар (су тежейтін, су ағызатын және су жіберетін құрылысжайлар, су басудан және жағалаудың бұзылуынан қорғауға арналған құрылысжайлар);
7) дренаж – жер бетінен су жинау әрі бұру және (немесе) ызасу деңгейін төмендету;
8) дренаждық сулар – коллекторлық-дренаждық желілер жинайтын және бұратын сулар;
9) жерасты сулары – жерасты су объектілерінің су ресурстары;
10) жерасты суларының көздері мен учаскесі – белгілі бір сападағы жерасты суларын оларды нысаналы пайдалану үшін жеткілікті көлемде алуға қолайлы жағдайлар бар, сутұтқыш жүйенің кеңістіктік шектелген бөлігі;
11) жерлерді гидромелиорациялау – топырақтың су режимін реттеу арқылы суармалы жерлерді пайдаланудың табиғи жағдайларын жақсартуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;
12) жерүсті су ағынын реттеу – су объектілерін қорғауды және судың зиянды әсерін болғызбауды ескере отырып, әртүрлі су пайдаланушылардың суға деген қажеттілігін қанағаттандыру үшін жылдың сулы болуына қарай тірек гидротехникалық құрылысжайлардың көмегімен өзен ағынын бөлу (қайта бөлу);
13) жерүсті су объектілерін санациялау – жерүсті су объектісінің гидрологиялық режимін су түбіндегі және лай шөгінділерден тазарту, түбін тереңдету, арнасын түзету, жағалауын нығайту және басқа да жұмыстар арқылы қалпына келтіру;
14) ирригация – ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін су беру;
Полная версия
ИС BestProfi