Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 57-бабының 10-тармағына, 60-бабының 3-тармағына, 64-бабының 5-тармағына және 116-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есептің нысандары мен оны жасау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 2 шiлдедегi № 500 қаулысы
Редакция 18.04.2026 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған:
1) Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар);
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепті жасау нысандары;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепті жасау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледi және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Қағидалардың 12-тармағын қоспағанда, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады, бұл ретте Қағидалардың 11-тармағы 2025 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы « » № қаулысымен бекітілген
Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 57-бабының 10-тармағына сәйкес әзірленді және активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына (бұдан әрі – Ұлттық қор) есепке жатқызу және оның қаражатын пайдалану тәртібін айқындайды.
2-тарау. Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу тәртібі
2-1. Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер есебінен республикалық бюджеттен 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін бөлінген бюджеттік кредиттерді өтеу жасалған кредиттік шарттарда көрсетілген мерзімдерде республикалық бюджетке аудару арқылы жүзеге асырылады.
2-тарау 2-1-тармақпен толықтырылды ҚР Үкіметінің 06.04.2026 жылғы № 230 Қаулысына (өзгерту 18.04.2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер есебінен республикалық бюджеттен 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін бөлінген бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша болжанатын түсімдерге балама қаражатты Ұлттық қорға қайтаруды республикалық бюджеттің жобасына енгізу үшін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік сұрау салу жібереді.
Ұлттық қорға қайтару кезекті қаржы жылының соңына дейін төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарлары негізінде жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) Қазақстан Республикасының Үкіметіне (бұдан әрі – Үкімет) Ұлттық қор қаражатын есепке алу және оны жұмсау үшін теңгелік шот және шетел валютасында түсетін қаражаттың теңгелік баламасын есепке алу үшін теңгеде тиісті шот ашады.
Полная версия

