Қазақстан Республикасының Су кодексінің 23-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына, Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы құрылысжайларын мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 13 тамыздағы № 197-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 20 тамызда № 36628 болып тіркелді
1. Қоса беріліп отырған мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы құрылысжайларын мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға беру Қағидалары бекітілсін.
2. «Су шаруашылығы құрылысжайларын жалға және сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 19-5/293 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 12235 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы имараттарын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарды:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Н. Нуржигитов
«КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «КЕЛІСІЛДІ» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі 2025 жылғы 13 тамыздағы № 197-НҚ бұйрығымен бекітілген
Мемлекет меншігіндегі су шаруашылығы құрылысжайларын мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының Су кодексінің 23-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік меншікке жататын, су шаруашылығы құрылысжайларын мүліктік жалдауға (жалға) немесе сенімгерлік басқаруға беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жалдауға (жалға) алушы – егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
2) жалдауға (жалға) беруші – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент әкімінің аппараты;
3) кепілдік жарна – конкурсқа қатысу қатысу үшін жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар төлейтін ақша сомасы;
4) мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару құрылтайшысы (бұдан әрі – Құрылтайшы) – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты;
Полная версия

