ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
«Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 6 қыркүйектегі № 984 Жарлығы
1. «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң ережесiн және құрылымын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Осы Жарлық 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл ретте Ереженің 14-тармағы 23) тармақшасының үшінші абзацы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 6 қыркүйектегі № 984 Жарлығына ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен БЕКІТІЛДІ
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Қазақстан Ұлттық Банкі) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, мемлекеттің ақша-кредит саясатын (бұдан әрі – ақша-кредит саясаты) әзірлеуді және жүргізуді, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды, статистикалық қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ өз құзыреті шегінде қаржы нарығын, қаржы ұйымдарын және өзге де тұлғаларды және Қазақстан Республикасының қаржылық заңнамасы саласындағы мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
Қазақстан Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының орталық банкі болып табылады және Қазақстан Республикасы банк жүйесінің жоғарғы (бірінші) деңгейін білдіреді.
2. Қазақстан Ұлттық Банкі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес жүзеге асырады.
3. Қазақстан Ұлттық Банкі республикалық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері және ерекшелік белгілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, қазақ және орыс тілдерінде өзінің атауы жазылған мөрлері мен қазақ және орыс тілдерінде өзінің атауы жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері болады.
Қазақстан Ұлттық Банкі өзінің филиалдарымен, өкілдіктерімен, республикалық мемлекеттік кәсіпорындарымен (бұдан әрі – Қазақстан Ұлттық Банкінің ұйымдары) бірге тікелей бағыну схемасындағы біртұтас орталықтандырылған құрылымды құрайды.
Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалдары (бұдан әрі – филиал) Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесінің шешімімен ашылады, оған есеп береді және өз қызметін Қазақстан Ұлттық Банкі белгілеген өкілеттіктер шегінде жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкінің Директорлар кеңесі бекітетін филиалдың құрылымына құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктері Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалы туралы ережеде айқындалатын бөлімдер мен басқа да бөлімшелер кіруі мүмкін.
Филиал өз қызметінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Ұлттық Банкі Басқармасының, Ақша-кредит саясаты комитеті мен Директорлар кеңесінің қаулыларын, Қазақстан Ұлттық Банкінің бұйрықтарын, өкімдерін, осы Ережені және Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалы туралы ережені басшылыққа алады.
Филиалды ашу және жабу тәртібі, оның өкілеттіктері, міндеттері мен функциялары Қазақстан Ұлттық Банкінің филиалы туралы ережеде және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
Полная версия

