Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің құқықтық жағдайын айқындайды.
Қазақстан Республикасының Президенті туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 2026 жылғы 5 маусымдағы № 296-VIII ҚРЗ
1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ МӘРТЕБЕСІ
1-бап. Қазақстан Республикасының Президенті
1. Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Қазақстан Республикасының Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Қазақстан Республикасы Конституциясының мызғымастығының, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.
3. Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
4. Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан халқы мен мемлекет атынан өкілдік ету құқығы тиесілі.
5. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды. Қазақстан Республикасы Президентінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғу заңмен қудаланады.
2-бап. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау
Қазақстан Республикасының Президентін сайлау Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес өткізіледі.
3-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуі
1. Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі. Қазақстан Республикасының Президенті антты мемлекеттік тілде береді.
2. Ант беру рәсімі сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде ант береді.
3. Ант беру рәсімі Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының, Конституциялық Соты судьяларының, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерінің, сондай-ақ қоғам өкілдері мен шақырылған шетел азаматтарының қатысуымен өткізіледі.
4. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Конституциясына қолын қойып тұрып, ант береді. Ант берілгеннен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады. Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін, төсбелгісін, байрағын және «Алтын Қыран» орденін тапсырады.
4-бап. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттік мерзімі
1. Қазақстан Республикасының Президенті жеті жыл мерзімге сайланады.
2. Жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі тоқтатылады.
Полная версия

