Осы Конституциялық заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Құрылтайының ұйымдастырылуы мен қызметiн, оның депутаттарының құқықтық жағдайын айқындайды.
Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесi туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 2026 жылғы 5 маусымдағы № 297-VIII ҚРЗ
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Құрылтайдың мәртебесі
Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкiлдi органы.
2-бап. Құрылтай қызметiнiң құқықтық негiздерi мен қағидаттары
1. Құрылтай өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Құрылтайының Регламентіне сәйкес жүзеге асырады.
2. Құрылтай өз қызметін Құрылтай сессияларында, оның органдары мен депутаттарының жұмысы арқылы іске асырады.
3. Құрылтайдың қызметі заңдылық, алқалылық, жариялылық, саяси әралуандық және оның депутаттарының теңдігі қағидаттарына негізделеді.
3-бап. Құрылтайдың өкiлеттiк мерзiмi
1. Құрылтайдың өкiлеттiк мерзiмi кезектi шақырылған Құрылтай депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi бойынша айқындалады.
Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
2. Кезекті шақырылған Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және келесі шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады.
4-бап. Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату
1. Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай Төрағасымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін Құрылтайды таратуға құқылы.
2. Құрылтай келісімімен тағайындалатын лауазымға Президент ұсынған кандидатураны тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған, сондай-ақ Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.
3. Құрылтайды төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ алдыңғы таратудан кейінгі бір жыл ішінде немесе Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабының 3-тармағында белгіленген жағдайда таратуға болмайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Құрылтайды тарату туралы актісі қолданысқа енгізілген күн көрсетілген бір жылдық мерзімнің басталған кезі болып саналады. Бұл мерзім келесі жылдың тиісті айында және күнінде аяқталады. Егер мерзімнің аяқталуы тиісті күні көрсетілмеген айға тұспа-тұс келсе, онда мерзім сол айдың соңғы күнінде аяқталады.
5-бап. Құрылтайдың құрамы
1. Құрылтай жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе бойынша сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.
Полная версия

