«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 101-1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Арнаулы мемлекеттік органның қызметкерін, әскери қызметшіні, сондай-ақ құқық қорғау органының және азаматтық қорғау органының қызметкерін тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 11 маусымдағы № 487 қаулысы
1. Қоса беріліп отырған Арнаулы мемлекеттік органның қызметкерін, әскери қызметшіні, сондай-ақ құқық қорғау органының және азаматтық қорғау органының қызметкерін тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О. Бектенов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы « » № қаулысымен бекітілген
Арнаулы мемлекеттік органның қызметкерін, әскери қызметшіні, сондай-ақ құқық қорғау органының және азаматтық қорғау органының қызметкерін тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Арнаулы мемлекеттік органның қызметкерін, әскери қызметшіні, сондай-ақ құқық қорғау органының және азаматтық қорғау органының қызметкерін тұрғын үймен қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 101-1-бабы 1-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленді және құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органының қызметкеріне қызметтік тұрғынжай беру тәртібін және тұрғын үй төлемін алатын лауазым атқаратын арнаулы мемлекеттік орган қызметкеріне, әскери қызметшіге, сондай-ақ құқық қорғау органы мен азаматтық қорғау органының қызметкеріне қызметтік тұрғынжай беру, тұрғын үй төлемінің мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау тәртібін, сондай-ақ оларды пайдалану мақсаттары мен негіздерін айқындайды.
Осы Қағидалардың күші курсантқа, кадетке, тыңдаушыға, мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшіге, резервтегі әскери қызметшіге, сондай-ақ әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттіге қолданылмайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аудандық пайдалану бөлімі – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің аудандық пайдалану бөлімі;
2) жауапты құрылымдық бөлімше – мекеме басшысының шешімімен құрылған мекеменің құрылымдық бөлімшесі;
3) мекеме – арнаулы мемлекеттік органның, құқық қорғау органының, азаматтық қорғау органының қызметкері (бұдан әрі – қызметкер) немесе әскери қызметші қызмет өткеретін мемлекеттік мекеме;
4) мекеменің тұрғын үй комиссиясы (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тұрғын үй комиссиясын қоспағанда) – мемлекеттік мекеме басшысының шешімімен құрылған комиссия.
3. Арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе әскери қызметші жүктілігі мен босануына байланысты демалыста, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыста, іссапарда, оқу демалысында болса, емделіп жүрсе, оларға ағымдағы тұрғын үй төлемі жалпы негізде жүзеге асырылады.
4. Тұрғын үй комиссиясы қызметінің тәртібін мемлекеттік органның басшысы Заңға сәйкес айқындайды.
5. Тұрғынжайға мұқтаж деп танылған қызметкерді, әскери қызметшіні (Қарулы Күштердің әскери қызметшісін қоспағанда) және оның отбасы мүшелерін және тұрғын үй төлемін алушыларды есепке алу, сондай-ақ тұрғын үй төлемінің мөлшерін есептеу, оны тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау жауапты құрылымдық бөлімшеге жүктеледі.
Тұрғынжайға мұқтаж деп танылған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің (бұдан әрі – Қарулы Күштер) әскери қызметшісін және оның отбасы мүшелерін есепке алу аудандық пайдалану бөліміне жүктеледі, тұрғын үй төлемін алушыларды есепке алу, сондай-ақ тұрғын үй төлемінің мөлшерін есептеу, оны тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау жауапты құрылымдық бөлімшеге жүктеледі.
Полная версия

