Близость слов: Окончание:





Внимание! Документ утратил силу с 01.01.2016
Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 377-IV Заңы
Осы Заң күшін жойды 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР 29.10.2015 жылғы № 375-V Кодексіне сәйкес
Редакция 03.12.2015 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың жалпы құқықтық негіздерін реттейді және бақылау мен қадағалау қызметін жүзеге асырудың бірыңғай қағидаттарын белгілеуге, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, өздеріне қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бақылау және қадағалау органдары – тексерілетін субъектілер қызметінің осы Заңның 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан байқауды және тексеруді жүзеге асыратын, орталық мемлекеттік органдар, олардың ведомстволары және аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар;
2) жедел ден қою шаралары – Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген, тексерілетін субъектілерге қоғамдық қауіпті салдарлардың туындауын болғызбау мақсатында тексеруді жүзеге асыру барысында және тексерулердің нәтижелері бойынша қолданылатын ықпал ету тәсілдері;
3) мемлекеттік бақылау (бұдан әрі – бақылау) – тексерілетін субъектілер қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылау және қадағалау органының тексеру және байқау жөніндегі қызметі, оны жүзеге асыру барысында және нәтижелері бойынша жедел ден қоюсыз құқықтық шектеу сипатындағы шаралар қолданылуы мүмкін;
4) мемлекеттік қадағалау (бұдан әрі – қадағалау) – тексерілетін субъектілердің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауын бақылау және қадағалау органының тексеру және байқау жөніндегі қызметі, оны жүзеге асыру барысында және нәтижелері бойынша жедел ден қою шаралары қолданылуы мүмкін;
4-1) реттеуші мемлекеттік органдар – мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
5) тәуекел – тексерілетін субъектінің қызметі нәтижесінде салдарының ауырлық дәрежесі ескеріле отырып, адамның өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне зиян келтіру ықтималдығы;
6) тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері – тексерілетін субъектінің тікелей қызметімен, салалық даму ерекшеліктерімен және осы дамуға әсер ететін факторлармен байланысты, тексерілетін субъектілерді әртүрлі тәуекел дәрежесіне жатқызуға мүмкіндік беретін сандық және сапалық көрсеткіштердің жиынтығы;
6-1) тәуекелдерді бағалау жүйесі – тексерулерді тағайындау мақсатында бақылау және қадағалау органы жүргізетін  іс-шаралар кешені;
6-2) тексерілетін объектілер – бақылауға және қадағалауға жататын, тексерілетін субъектіде меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде  болатын мүлік;
7) тексерілетін субъектілер – қызметіне бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік органдар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері.
2-бап. Қазақстан Республикасының бақылау және қадағалау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының бақылау және қадағалау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
Полная версия
ИС BestProfi