Близость слов: Окончание:





Мемлекет қатысатын мұнай және газ саласындағы ұйымдардың қызметін оңтайландыру жөніндегі кейбір шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 62 Қаулысы
Редакция 19.09.2014 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Мұнай және газ саласындағы қызметтің тиімділігін арттыру және мемлекеттік меншікті басқаруды оңтайландыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Мұнай және газ өнеркәсібінің бас диспетчерлік басқармасы» акционерлік қоғамы «Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) болып қайта аталсын.
2. «Мұнай-газ өнеркәсібінің оқу орталығы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - мекеме) таратылсын.
3. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Қоғам қызметін мынадай негізгі: техникалық реттеу саласындағы заңнамаға сәйкес, мұнай және газ өнеркәсібі саласындағы стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарды әзірлеуге және сараптауға қатысу, мұнай және газ кен орындарын іздеу, бағалау және игеру жөніндегі жобалық құжаттар сараптамасы, мұнай-газ жобаларында жергілікті қамтуды дамыту саласындағы ақпараттық талдау және консультациялық қызметтер көрсету, мұнай-газ жобаларында жергілікті қамтуды дамыту бөлігінде талдамалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы кадрларды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды ұйымдастыру бағыттарымен толықтырып, Қоғамның жарғысына тиісті өзгерістер енгізуді;
2) Қоғамды әділет органдарында мемлекеттік қайта тіркеуді;
3) мекемені тарату жөніндегі тарату комиссиясын құруды;
4) таратылатын мекеме кредиторларының талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мекеме мүлкін осы мекеменің құрылтай құжаттарында көзделген мақсаттарда беруді;
5) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі мұнай-газ кешені қызметкерлерін оқытуда үзіліске жол бермеу мақсатында заңнамада белгіленген тәртіппен 2011 жылғы 1 наурызға дейін Қоғаммен мұнай-газ саласы кадрларын оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды ұйымдастыру мәселелері жөнінде шарттар жасасуды қамтамасыз етсін.
5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.
6. Осы қаулының 2011 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілетін 2-тармағын, 3-тармағының 3), 4) тармақшаларын және осы қаулымен бекітілетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 6-тармағының үшінші абзацын қоспағанда, осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2011 жылғы 31 қаңтардағы
 № 62 қаулысымен
 бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер
1. «Акцияларының мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
«Астана қаласы» деген бөлімде реттік нөмірі 21-82-жол мынадай редакцияда жазылсын:
«21-82. АЛА-003812 «Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы» АҚ».
2. «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:
«Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігіне» деген бөлімде реттік нөмірі 17-жол мынадай редакцияда жазылсын:
«17. АЛА-003812 «Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы» АҚ».
3. «Отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдауды күшейту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 14 қарашадағы № 1204 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 40, 408-құжат):
3-тармақта «және Мұнай операцияларын» деген сөздер «(мұнай операцияларын қоспағанда)» деген сөздермен ауыстырылсын.
4. Тармақ күшін жойды (ескертуді қараңыз)
4-тармақ күшін жойды ҚР Үкіметінің 19.09.2014 жылғы № 994 Қаулысымен (19.03.2012 ж. редакцияны қараңыз)
5. Алынып тасталды (ескертуді қараңыз)
Күші жойылды ҚР Үкіметінің 19.03.2012 № 340 Қаулысымен (31.01.2011 жылғы редакцияны қараңыз).(алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізілуі тиіс)
6. Тармақ күшін жойды (ескертуді қараңыз)
6-тармақ күшін жойды ҚР Үкіметінің 19.09.2014 жылғы № 994 Қаулысымен (19.03.2012 ж. редакцияны қараңыз)
Полная версия
ИС BestProfi