Близость слов: Окончание:





Внимание! Документ утратил силу с 23.11.2015
Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1394 Қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды 2015 жылғы 23 қарашадан бастап ҚР Үкіметінің 29.10.2015 жылғы № 862 Қаулысына сәйкес
«Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережесін қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекіту туралы» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 03.06.2008 жылғы № 135-ө Бұйрығын қараңыз
«Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 07.07.2015 жылғы № 567 Бұйрығын қараңыз
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 
1. Қоса беріліп отырған Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын: 
1) "Қызметкерлердің орташа жалақысын есептеу тәртібі жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 желтоқсандағы N 1942 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., N 56, 624-құжат);
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 29 желтоқсандағы N 1942 қаулысына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 11 шілдедегі N 657 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., N 25, 262-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
 Үкіметінің
 2007 жылғы 29 желтоқсандағы
 N 1394 қаулысымен
 бекітілген
Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережесі
1. Осы Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережесі Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексіне (бұдан әрі - Еңбек кодексі) сәйкес әзірленді және орташа жалақыны есептеудің бірыңғай тәртібін (бұдан әрі - Ереже) айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 
1) орташа жалақы - қызметкер жалақысының сақталуына кепілдік берілетін кезең үшін жұмыс беруші есептейтін және қызметкерге төленетін ақша қаражатының сомасы; 
2) орташа күндік (сағаттық) жалақы - уақыт бірлігі (күн, сағат) үшін есептелген жалақы сомасы; 
3) есеп айырысу кезеңі - төленуі тиіс ақымен (төлеммен) байланысты оқиғаның алдындағы ұзақтығы он екі күнтізбелік айға тең кезең, не егер қызметкер жұмыс берушіде он екі күнтізбелік айдан кем жұмыс істеген болса, орташа жалақыны есептеу үшін пайдаланылатын нақты жұмыс істеген кезең; 
4) оқиға - Еңбек кодексіне сәйкес орташа жалақының сақталуымен немесе төленуімен байланысты жағдайлар.
3. Орташа айлық жалақыны айқындаудың барлық жағдайлары үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мереке күндері есеп айырысу кезеңінен алынып тасталады.
4. Орташа жалақыны есептеу кезінде есеп айырысу кезеңінен жұмыс істелмеген уақыт және осы кезеңде Еңбек кодексіне сәйкес қызметкерге орташа жалақысы төленген немесе сақталған кездегі жұмыс істелмеген уақыт үшін есептелген сомалар алынып тасталады.
5. Ұжымдық шартта орташа жалақыны есептеу үшін қызметкерлердің жағдайын нашарлатпайтын өзге кезеңдер көзделуі мүмкін.
2. Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай тәртібі
6. Бес күндік, сондай-ақ алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі. 
Орташа жалақыны есептеуде қосымшаға сәйкес тұрақты сипаттағы емес төлемдер ескерілмейді.
7. Қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік (сағаттық) жалақыны оқиға кезеңіне сәйкес келетін жұмыс күндерінің (жұмыс сағаттарының) санына көбейту жолымен есептеледі.
8. Орташа күндік (сағаттық) жалақы барлық жағдайларда есепті кезеңде есептелген жалақы сомасын жұмыс уақыты теңгерімін негізге ала отырып, тиісінше бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының жұмыс күндері (сағаттары) санына бөлу жолымен анықталады.
9. Егер есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелмесе, онда орташа күндік (сағаттық) жалақы жұмыс істелген уақыт үшін есептелген жалақының сомасын осы жұмыс істеген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының жұмыс күндері (сағаттары) санына тиісінше бөлу жолымен анықталады.
10. Егер есеп айырысу кезеңінде қызметкерге жалақы есептелмеген болса, онда орташа күндік (сағаттық) жалақыны есептеу есеп айырысу кезеңінің алдындағы он екі айдағы жұмысы, не есеп айырысу кезеңінің алдындағы осы жұмыс берушіде нақты жұмыс істеген уақыт кезеңі үшін есептелген жалақы сомасын жұмыс істелген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының жұмыс күндері (сағаттары) санына тиісінше бөлу жолымен жүзеге асырылады.
11. Толық емес жұмыс аптасы (жұмыс күні) кезінде орташа күндік (сағаттық) жалақы осы Ереженің 8, 9, 10-тармақтарына сәйкес есептеледі.
12. Қызметкер жұмысқа орналасқан кезде оқиға орын алған жағдайда есептелген жалақы сомасы болмағанда, не оқиға алдындағы 24 ай бойы қызметкердің жалақысы болмаған жағдайда, орташа күндік (сағаттық) жалақы қызметкердің күндік (сағаттық) тарифтік ставкасын (лауазымдық жалақысын) негізге ала отырып есептеледі.
13. Жұмысты вахталық әдіспен орындайтын қызметкерлердің еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақыны есептеуге арналған орташа жалақы орташа сағаттық жалақыны Еңбек кодексінде белгіленген жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан аспайтын, жұмыс беруші жасаған кесте бойынша еңбекке жарамсыздығы салдарынан болмаған жұмыс сағаттарының санына көбейту жолымен анықталады.
14. Лауазымдық жалақы арттырылған жағдайда орташа жалақыны есептеу арттыру коэффициентін ескере отырып, мынадай тәртіппен жүргізіледі: 
1) егер арттыру есеп айырысу кезеңінде жүргізілсе, арттырудың алдындағы әрбір ай үшін орташа жалақы арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі; 
2) егер арттыру есеп айырысу кезеңінен кейін оқиға болғанға дейін жүргізілсе, есеп айырысу кезеңі үшін орташа жалақы арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі; 
3) егер арттыру оқиға кезеңінде жүргізілсе, орташа жалақының бір бөлігі лауазымдық жалақы (ставка) арттырылған күнінен бастап көрсетілген кезең аяқталғанға дейін арттыру коэффициентін ескере отырып есептеледі. 
Арттыру коэффициенті оқиға басталған айда белгіленген лауазымдық жалақыны (ставканы) арттыруға дейін белгіленген лауазымдық жалақыға (ставкаға) бөлу жолымен есептеледі. Қызметкерді бір лауазымнан екіншісіне ауыстырған кезде арттыру коэффициенті қолданылмайды.
15. Өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша төленетін жылдық сыйлықақыларды, сыйақыларды қоспағанда, тұрақты сипаттағы және жұмыс берушінің еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген сыйлықақылар мен еңбек нәтижелері үшін төленетін басқа да ынталандыру төлемдері орташа жалақыны есептеу кезінде есептелген уақыты бойынша қосылады. 
Жұмыс берушінің еңбекақы төлеу мен сыйлықақы беру жүйесінде көзделген жұмыс қорытындысы бойынша төленетін тоқсандық, жарты жылдық сыйлықақылар тиісінше есеп айырысу кезеңінің әрбір айына тиісінше 1/3, 1/6 мөлшерінде есептеледі; айлық сыйлықақылар есеп айырысу кезеңінің әрбір айы үшін біреуден аспауға тиіс. 
Ағымдағы жылда төленетін өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша төленетін жылдық сыйлықақылар, сыйақылар орташа жалақыны есептеу кезінде әрбір айға 1/12 мөлшерінде, өткен жылдың жұмыс қорытындысы бойынша төленетін жылдық сыйлықақыны, сыйақыларды төлеу сәтіне дейін жүргізілген төлемдерді қайта есептеуді жүргізусіз, нақты төлеу сәтінен бастап есептеледі. 
Есеп айырысу кезеңіне сәйкес келетін уақыт жұмыспен толық өтелмеген жағдайларда, сыйлықақылар мен тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері орташа жалақыны есептеген кезде есеп айырысу кезеңіндегі жұмыс істелген уақытқа барабар ескеріледі.
Орташа жалақыны
 есептеудің бірыңғай
 ережесіне қосымша
Тұрақты сипаттағы емес, орташа жалақыны есептеу кезінде ескерілмейтін төлемдер
1. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі үшін өтемақы. 
2. Еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақы, сондай-ақ жұмыс беруші белгілейтін әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер. 
3. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру кезінде қызметкерлерге төленетін сауықтыру жәрдемақысы. 
4. Қызметтік іссапарға жіберілетін қызметкерлерге берілетін өтемақы. 
5. Тұрақты жұмысы жол үстінде немесе жүріп-тұру сипатында не қызмет көрсететін учаскелер шегінде қызметтік сапарлармен байланысты болған жағдайларда тәулікақы орнына белгіленетін қосымша ақылар мен үстемеақылар, өтемақы төлемдері. 
6. Дала жұмыстарымен айналысатын қызметкерлерге берілетін далалық жабдықталым. 
7. Қызметкерді ұйыммен бірге басқа жерге ауыстырған кезде берілетін өтемақы. 
8. Қызметкердің (жеке тұлғаның) жеке мүлкін тараптардың келісімі негізінде жұмыс берушінің мүдделері үшін пайдаланған кездегі шығыстарды өтеу. 
9. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес берілген арнайы киімнің, арнайы аяқ киімнің және басқа да жеке қорғаныш құралдарының, алғашқы дәрігерлік көмек құралдарының, жуу және зарарсыздандыру материалдарының, сүттің, емдеу-профилактикалық тамақтандырудың және басқа да құралдардың құны. 
10. Қызметкер еңбек міндеттерін атқару кезінде оның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдер (жоғалтқан жалақысы бөлігіндегі төлемдерден басқа). 
11. Қызметкерлерге жұмыс беруші көрсететін материалдық көмек (ақшалай жәрдемақы) (бала туған кезде, дәрігерлік қызметтің ақысын төлеу үшін, жерлеуге және басқа жағдайларда). 
12. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген мерекелік күндерге, мерейтой күндеріне байланысты, лауазымдық міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін, мінсіз еңбек қызметі үшін, зейнетақыға шығуына орай жұмыс беруші еңбекақы төлеу қоры есебінен беретін біржолғы көтермелеу төлемдері (біржолғы ақшалай сыйақыларды қоса алғанда). 
13. Жұмыс берушінің кінәсінен жалақы төлемдері кешіктірілген кезде және міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы аудармағаны үшін жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерге төлейтін өсімақылар. 
14. Қызметкерлерді оқытуға және біліктілігін арттыруға байланысты жұмыс берушінің шығыстары. 
15. Жұмыс берушінің қаражаты есебінен ұжымдық шартта және (немесе) жұмыс берушінің актісінде қосымша көзделген өтемақылар мен әлеуметтік кепілдіктер төлемдері. 
16. Спорттық байқауларда, конкурстар мен жарыстарда жүлделі орындар үшін берілетін ақшалай наградалар. 
17. Қызметкерге мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді орындайтын жері бойынша төленген жалақы. 
18. Қызметкерлерге күнделікті жұмысын (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлу кезіндегі жұмысы үшін өтемақы төлемдері. 
19. Үйде жұмыс істейтін қызметкерлерге төленетін өтемақы төлемдері.
Полная версия
ИС BestProfi