«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексін іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
Внимание! Документ утратил силу с 15.09.2015
Мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 20 желтоқсандағы № 986 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылы 29 желтоқсанда № 6711 тіркелді
Осы Бұйрық күшін жойды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 15.09.2015 жылғы № 724 Бұйрығына сәйкес
1. Қоса беріліп отырған Мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету ережесі бекітілсін.
2. «Мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 881 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6025 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың 2010 жылы № 10 актілер жинағында жарияланған) бұйрығының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (А.Ғ. Төлеғалиева) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаменті (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Ә. Байжүнісовке жүктелсін.
6. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр С. Қайырбекова
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 20 желтоқсандағы № 986 бұйрығымен бекітілген
Мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы ереже халыққа мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету тәртібін, сондай-ақ оны әртүрлі кезеңдерде жүзеге асыруға жауапты органдар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын айқындайды.
2. Мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету «Медициналық көмектің түрлері мен көлемдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 26 қарашадағы № 796 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 5955 тіркелген) бекітілген түрлер мен көлемдерге сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
мамандандырылған медициналық көмек – диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың арнаулы әдістерін талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек;
жоғары мамандандырылған медициналық көмек (бұдан әрі – ЖММК) – диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың ең жаңа технологияларын пайдалануды талап ететін аурулар кезінде медициналық ұйымдарда бейінді мамандар көрсететін медициналық көмек.
2. Мамандандырылған медициналық көмек көрсету тәртібі
4. Мамандандырылған медициналық көмекті бейінді медициналық денсаулық сақтау ұйымдары консультациялық-диагностикалық, стационарды алмастыратын көмек немесе стационарлық медициналық көмек нысанында көрсетеді.
5. Мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің кез-келген деңгейінде диагнозды ұқсастандырудағы қиыншылықтар кезінде, сондай-ақ науқас тасымалданбайтын жағдайда қажет болған жағдайда республикалық деңгейдегі консультантты қоса алғанда, қажетті мамандарды тарта отырып, консилиум ұйымдастырылады.
6. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен емдеуге жатқызу жағдайларының жоспарланған санының шеңберінде пациенттің медициналық ұйымды еркін таңдауға құқықтарын есепке ала отырып, жүзеге асырылады.
§ 1. Амбулаториялық-емханалық деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмек
7. Халыққа амбулаториялық-емханалық деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмек тәуліктік бақылаусыз диагностика мен емдеудің арнайы әдістерін талап ететін аурулар кезінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар көрсетеді.
8. Амбулаториялық-емханалық деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмек стационарды алмастыратын көмек түрінде көрсетілуі мүмкін.
9. Пациенттің жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымда стационарлық емдеуге айғақтары болған жағдайда амбулаториялық-емханалық ұйымның дәрігері «Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпте Емдеуге жатқызу порталы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде стационарға жоспарлы емдеуге жатқызуды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 3 шілдедегі № 492 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тіркелімінде № 6380 тіркелген) бекітілген денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіпте Емдеуге жатқызу порталында (бұдан әрі - Емдеуге жатқызу порталы) жолдама тіркеледі және оны пациентке береді.
10. Шұғыл айғақтары бойынша емдеуге жатқызу қажет болған жағдайда пациентті жедел медициналық жәрдем қызметімен немесе амбулаториялық-емханалық ұйымның санитариялық автокөлігімен медицина қызметкерінің алып жүруімен стационарға жеткізіледі.
§ 2. Стационарлық деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмек
11. Халыққа стационарлық деңгейдегі мамандандырылған медициналық көмекті тәуліктік бақылаумен диагностикалау мен емдеудің арнайы әдістерін талап ететін аурулар кезінде медициналық ұйымдар көрсетеді.
12. Халыққа стационарлық деңгейде мамандандырылған медициналық көмек стационарлық және стационарды алмастыратын технология түрінде көрсетіледі.
13. Диагностика мен емдеудің барлық әдістерін қолданған стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға қатысты пациентте оң емдеу тиімділігі болмаған жағдайда бұл пациент мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін жергілікті деңгейдегі басқа медициналық ұйымға стационарлық емдеуге жіберіледі.
14. Жергілікті медициналық ұйымда мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде пациентте оң емдеу тиімділігі болмаған жағдайда пациент мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін республикалық медициналық ұйымға жіберіледі.
15. Пациентті мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін стационарға емдеуге жатқызуға жолдама Емдеуге жатқызу бюросында тіркеледі.
§ 3. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету тәртібі
16. Стационарлық көмек нысанындағы ЖММК жергілікті деңгейдегідей республикалық деңгейдегі медициналық ұйымдарда да көрсетіледі.
Консультациялық-диагностикалық көмек нысанындағы ЖММК республикалық деңгейде көрсетіледі.
17. Жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымдарда стационар жағдайында ЖММК көрсету үшін амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымның маманы жолдаманы Емдеуге жатқызу бюросының порталында тіркейді және оны пациентке береді. Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымның маманы жергілікті деңгейде жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндігі болмаған жағдайда республикалық медициналық ұйымға емдеуге жатқызу мәселесін шешу үшін пациенттің құжаттар пакетін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарының жоғары мамандандырылған медициналық көмек жөніндегі комиссияға (бұдан әрі - ЖММК комиссия) қарауға жібереді.
18. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін жергілікті деңгейдегі медициналық ұйымдарда емдеудің барлық әдістері бар пайдаланылған стационарлық емдеудегі пациентті емдеуге оң емдік тиімділік болмаған жағдайда, ал республикалық медициналық ұйымдарда диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық әдістері қолданылуы мүмкін республикалық медициналық ұйымдарда емдеуші дәрігер бөлімше меңгерушісімен немесе бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасарымен бірлесіп, өңірлік комиссияның қарауына стационарлық науқастың медициналық картасынан көшірмені факсимальдық байланыс арқылы жібереді.
19. ЖММК комиссияның шешімі стационарлық көмек нысанында мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекті көрсету үшін азаматтарды республикалық медициналық ұйымдарға емдеуге жатқызудың және консультациялық-диагностикалық көмек нысанындағы ЖММК көрсетуге жіберудің негізі болып табылады.
20. ЖММК комиссияның қарауына мынадай құжаттар ұсынылады:
1) пациенттің жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) пациенттің клиникалық диагнозы көрсете отырып медициналық ұйым маманының жолдамасы;
3) пациентті зерттеп-қараудың ең аз қажетті көлемінің нәтижелері (қанның жалпы талдауы, несептің жалпы талдауы, нәжістің ішекқұрт жұмыртқаларына талдауы, кеуде ағзаларының флюорографиясы, электрокардиограмма және HbsAg болуы);
4) өңірлік деңгейде мүмкін болатын клиникалық диагнозды, зерттеу нәтижелерін көрсете отырып, амбулаториялық картадан/сырқатнамадан көшірме;
5) пациенттің клиникалық диагнозын растайтын зертханалық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері.
ЖММК комиссия пациенттің құжаттар пакетін сырттай немесе қажет болған жағдайда пациентті бейінді мамандардың комиссиялық қарауына шақыра отырып, қарауға құқылы.
21. ЖММК комиссиясы ұсынылған құжаттарды қарайды және пациентті түрлері мен көлеміне және пациент тасымалдануына сәйкес мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін республикалық медициналық ұйымдарға жіберудің негізділігін анықтайды.
22. Пациенттің құжаттары келіп түскен сәтінен бастап екі жұмыс күнінің ішінде ЖММК комиссиясы хаттамалық шешім қабылдайды.
23. Республикалық медициналық ұйымдарда пациентке мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмекті көрсету туралы оң шешім қабылдау кезінде ЖММК комиссиясы жолдаманы Емдеуге жатқызу бюросының порталына тіркейді және жіберген медициналық ұйымда басылып шығарылған жолдамамен құжаттардың пакетін береді. Медициналық ұйым емдеуге жатқызуға жолдама алғаннан кейін пациентті емдеуге жатқызу туралы хабарлайды.
24. Пациентке мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде ЖММК комиссиясы Емдеуге жатқызу бюросының порталына бас тартуды тіркейді және жіберген медициналық ұйымға дәйекті бас тартуды қоса бере отырып, құжаттардың пакетін қайтарады.
25. Республикалық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек нысанында ЖММК көрсету үшін айғақтары болған жағдайда амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымның маманы ЖММК комиссиясына қарау үшін пациенттің құжаттарының пакетін жібереді.
26. Пациентке республикалық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек нысанында ЖММК көрсету туралы оң шешім қабылдау кезінде ЖММК комиссиясы жолдаманың электронды үлгісіне тиісті жолдарды толтыру арқылы Емдеуге жатқызу порталына жолдаманы тіркейді және автоматты қалыптасқан емдеуге жатқызу кодымен басылып шыққан жолдаманы жіберген медициналық ұйымға береді. Медициналық ұйым емдеуге жатқызуға жолдама алғаннан кейін медициналық ұйым пациентке жолдаманың күні туралы хабарлайды.
27. Пациентке республикалық медициналық ұйымда консультациялық-диагностикалық көмек нысанында ЖММК көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдау кезінде ЖММК комиссиясы Емдеуге жатқызу бюросының порталында бас тартуды тіркейді және уәждемелі бас тартуды қоса бере отырып, құжаттардың пакетін жіберген медициналық ұйымға қайтарады.
28. Пациенттердің құқықтарын қорғау, медициналық ғылымды дамыту мақсатында республикалық медициналық ұйым пациентті жоғары мамандандырылған көмектің жоспарлы көлемдерінен 10% шекте медициналық айғақтары болған жағдайда мынадай адамдарды өз бетінше емдеуге жатқызады:
1) әлеуметтік қорғалмаған топтарға: 18 жасқа дейінгі балаларды, жүкті әйелдерді, Ұлы Отан соғысына қатысушыларды, мүгедектерді, «Алтын Алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарды, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды, жасына қарай зейнеткерлерге, әлеуметтік мәні бар науқастарға;
2) шұғыл және жедел медициналық айғақтары кезінде;
3) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі әкімшілеген ғылыми-техникалық бағдарламаларды орындау шеңберінде.
Бұл ретте, республикалық медициналық ұйым медициналық көмек көрсету үшін пациентті емдеуге жатқызу туралы шешім қабылдау кезінде денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен Емдеуге жатқызу бюросының порталында жолдаманы тіркейді және оны медициналық картаға қосады.
29. Өңірлердің бөлігіндегі халықтың ЖММК-ге деген қажеттіліктерін анықтауды және жекелеген аурулар бойынша жоғары мамандандырылған медициналық көмектің шекті көлемдерін бекітуді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган құрған медициналық технологияларды стандарттау мен бағалау жөніндегі Сараптама кеңесі жүзеге асырады.
30. Медициналық ұйымдардың ЖММК көрсетуіне рұқсат беру денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен өлшемдерге сәйкес жүзеге асырылады.
Полная версия