Близость слов: Окончание:





Дербес деректер және оларды қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы № 94-V Заңы
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырылады - ҚР 05.07.2024 жылғы № 115-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 07.01.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 20.08.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
Осы Заң дербес деректер саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ дербес деректердi жинаумен, өңдеумен және қорғаумен байланысты қызметтiң мақсатын, қағидаттарын және құқықтық негiздерiн айқындайды.
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) биометриялық деректер – дербес деректер субъектісінің физиологиялық және биологиялық ерекшелiктерiн сипаттайтын дербес деректер, олардың негізінде осы субъектінің жеке басын анықтауға болады;
2) дербес деректер – мәліметтер негізінде айқындалған немесе айқындалатын дербес деректер субъектісіне қатысты, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тiркелген cол мәліметтер;
2-1) дербес деректерге қол жеткізуді мемлекеттік бақылау сервисі (бұдан әрі – мемлекеттік сервис) – дербес деректер субъектісінен дербес деректерді жинауға, өңдеуге немесе оларды үшінші тұлғаларға беруге келісім алуды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілеріндегі дербес деректерге қол жеткізу кезінде меншік иелерінің және (немесе) операторлардың, үшінші тұлғалардың дербес деректер субъектісімен және уәкілетті органмен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін қызмет;
1-бап 2-1-тармақшамен толықтырылды ҚР 30.12.2021 жылғы № 96-VII Заңына сәйкес (өзгерту 02.03.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2-2) дербес деректерге қол жеткізуді мемлекеттік емес бақылау сервисі (бұдан әрі – мемлекеттік емес сервис) – дербес деректер субъектісінен дербес деректерді жинауға, өңдеуге немесе оларды үшінші тұлғаларға беруге келісім алуды қоса алғанда, мемлекеттік емес ақпараттандыру объектілеріндегі дербес деректерге қол жеткізу кезінде меншік иелерінің және (немесе) операторлардың, үшінші тұлғалардың дербес деректер субъектісімен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін қызмет;
1-бап 2-2-тармақшамен толықтырылды ҚР 30.12.2021 жылғы № 96-VII Заңына сәйкес (өзгерту 02.03.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3) дербес деректердi бұғаттау – дербес деректердi жинауды, жинақтауды, өзгертуді, толықтыруды, пайдалануды, таратуды, иесiздендiруді және жоюды уақытша тоқтату жөніндегі іс-әрекеттер;
4) дербес деректерді жинақтау – дербес деректерді қамтитын базаға дербес деректерді енгізу арқылы оларды жүйелендіру жөніндегі іс-әрекеттер;
5) дербес деректерді жинау – дербес деректерді алуға бағытталған іс-әрекеттер;
6) дербес деректердi жою – жасалуы нәтижесінде дербес деректердi қалпына келтiру мүмкін болмайтын iс-әрекеттер;
7) дербес деректердi иесiздендiру – жасалуы нәтижесiнде дербес деректердiң дербес деректер субъектiсіне тиесiлiгiн анықтау мүмкін болмайтын iс-әрекеттер;
8) дербес деректерді қамтитын база (бұдан әрі – база) – ретке келтірілген дербес деректердің жиынтығы;
9) дербес деректерді қамтитын базаның меншік иесі (бұдан әрі – меншік иесі) – дербес деректерді қамтитын базаны Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын іске асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;
10) дербес деректерді қамтитын базаның операторы (бұдан әрі – оператор) – дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;
11) дербес деректерді қорғау – осы Заңда белгіленген мақсаттарда жүзеге асырылатын шаралар, оның ішінде құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешені;
11-1) дербес деректерді қорғау саласында уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – дербес деректерді қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
1-бап 11-1-тармақшамен толықтырылды ҚР 25.06.2020 жылғы № 347-VI Заңына сәйкес (өзгерту 07.07.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Полная версия
ИС BestProfi