«Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 577 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртудың 2014 – 2050 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 маусымдағы № 634 қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 29.08.2016 жылғы № 484 Қаулысына сәйкес
1.Қоса беріліп отырған Тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртудың 2014 – 2050 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, Бағдарламада көзделген іс-шаралардың тиісінше және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.
3. Жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 18 наурыздағы № 218 қаулысымен бекітілген Салалық бағдарламаларды әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, бағалау және бақылау ережесіне сәйкес Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Ә. Сағынтаевқа жүктелсін.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 маусымдағы № 634 қаулысымен бекітілген
Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртудың 2014 – 2050 жылдарға арналған бағдарламасы
1. Бағдарламаның паспорты
| Атауы | Тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жаңғыртудың 2014 – 2050 жылдарға арналған бағдарламасы |
| Әзірлеу үшін негіздеме | Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы |
| Әзірлеу үшін жауапты мемлекеттік орган | Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі
|
| Іске асыру үшін жауапты мемлекеттік орган | Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі
|
| Бағдарламаның мақсаты | Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, кәдеге жарату, өңдеу және көму жөнінде көрсетілетін қызметтер кешенінің тиімділігін, сенімділігін, экологиялық және әлеуметтік қолайлылығын жоғарылату, ТҚҚ өңдеу үлесін ұлғайту, сондай-ақ қалдықтарды қауіпсіз көмуді қамтамасыз ету. |
| Бағдарламаның міндеттері | 1. ТҚҚ өңдеу жүйесін жетілдіру |
| Бағдарламаны іске асыру мерзімі мен кезеңдері | 2014 – 2050 жылдар |
| Нысаналы индикаторлар | Бағдарлама мақсаттарын іске асыру үшін мынадай нысаналы индикаторға қол жеткізіледі: |
| Қаржыландыру көздері мен көлемі
| Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемі 2014 – 2050 жылдары 128 424,53 млн. теңгені құрайды, оның ішінде: |
2. Кіріспе
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 577 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамада ТҚҚ басқару саласын жетілдіру негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленген.
Осы Бағдарлама тұрмыстық қатты қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін жетілдіруге; тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау, кәдеге жарату, өңдеу және көму жөнінде көрсетілетін қызметтер кешенінің тиімділігін, сенімділігін, экологиялық және әлеуметтік қолайлылығын жоғарылатуға; заманауи технологиялар мен басқару әдістерінің негізінде ТҚҚ секторын жаңғыртуға; сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарын бұлжытпай орындау жөнінде шаралар қабылдауға бағытталған.
Бағдарламаны іске асыру ТҚҚ-мен жұмыс істеу саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын жоғарылатады, жиналатын және өңделетін қайталама материалдық ресурстардың санын ұлғайтады, ТҚҚ энергетикалық әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік береді, сондай-ақ ТҚҚ-мен жұмыс істеу нәтижесінде қоршаған ортаға тигізілетін келеңсіз әсерді барынша азайтуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, Бағдарлама Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрмыс сапасы мен жағдайларын айтарлықтай жақсартатын болады.
Іске асыру мерзімдері жағынан Бағдарлама ұзақ мерзімді болып табылады.
3. Ағымдағы жағдайды талдау
3.1. Сектордың жай-күйінің ағымдағы жағдайын, сондай-ақ елдің әлеуметтік экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына осы сектордың әсерін бағалау
Қазақстанда жинақталған ТҚҚ-ның жалпы көлемі 100 млн. тоннаға жуық, бұл ретте, жыл сайын тағы да 5 – 6 млн. тоннаға жуық ТҚҚ жинақталады. 2025 жылға қарай бұл цифрлар 8 млн. тоннаға дейін өсуі мүмкін, бұл ретте, пайда болатын қалдықтар полигондарға алдын ала сұрыпталмай және залалсыздандырылмай орналастырылады.

