Близость слов: Окончание:





«Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жосықсыз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілер) тізбесін қалыптастыру ережесін бекіту туралы» бұйрық жобасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2014 жылғы 22 тамыздағы № 8936 сараптамалық қорытындысы
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрлігі
САРАПТАМАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
«Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жосықсыз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілер) тізбесін қалыптастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрық жобасын (бұдан әрі – Жоба) қарап, мынаны хабарлаймыз.
1. Жобаның 2-тармағына сәйкес жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілер) тізбесін бірыңғай дистрибьютор қалыптастырады.
Сонымен қатар, «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысының (бұдан әрі – Ереже) 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілердің) тізбесі – біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген, сатып алудың жеңімпаздары деп танылған жағдайда шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілер, шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, сот шешімімен бұзушылық жіберген деп танылған, жосықсыз әлеуетті өнім берушілер тізбесіне осындай заңды тұлғаларды кіргізуге негіз болып табылған өнім берушілер туралы сатып алуды ұйымдастырушы  немесе бірыңғай дистрибьютер қалыптастыратын мәліметтер.
Бұдан басқа, Жобаның 2-тармағының ұсынылып отырған редакциясы медициналық техниканың жосықсыз өнім берушілері туралы сот шығарған шешім салдарын реттеу мәселелерін қозғамайды.
Жобаның 2 және 4-тармақтарында «тізбесін» деген сөзден кейін «сатып алуды ұйымдастырушы немесе» деген сөздермен толықтыруды;
Жобаның 10 және 12-тармақтарында «Бірыңғай дистрибьютор» деген сөздерден кейін «немесе сатып алуды ұйымдастырушы» деген сөздермен толықтыруды ұсынамыз.
2. Жобаның 5-тармағына сәйкес әлеуетті өнім беруші (өнім беруші) оны жосықсыз әлеуетті өнім беруші (өнім беруші) деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде, сондай-ақ әлеуетті өнім берушіні (өнім берушіні) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіліміне енгізген жағдайда жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілердің) тізбесіне енгізуге жатады.
Сонымен қатар, 3-тармақтың 3) тармақшасына сәйкес жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілердің) тізбесі – біліктілік талаптары бойынша дұрыс емес ақпарат берген, сатып алудың жеңімпаздары деп танылған жағдайда шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілер; шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған, сот шешімімен  жосықсыз әлеуетті өнім берушілер тізбесіне осындай заңды тұлғаларды кіргізуге негіз болып табылған бұзушылық жіберген деп танылған  өнім берушілер туралы бірыңғай дистрибьютор қалыптастыратын мәліметтер.
Бұдан басқа, ұсынылып отырған норма сыбайлас жемқорлық сипатқа ие, себебі жосықсыз өнім берушілер тізіліміне енгізбеген жағдайда, ұсынылған нормаға сәйкес жосықсыз өнім берушілердің сатып алуға қатысуға мүмкіндігі бар.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, жосықсыз өнім берушілер тізбесіне енгізу сот шешімі негізінде ғана мүмкін екендігін хабарлаймыз, осыған орай, Жобаның 5-тармағында «сондай-ақ әлеуетті өнім берушіні (өнім берушіні) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіліміне енгізген жағдайда» деген сөздерді алып тастау қажет.
3. Жобаның 6-тармағына сәйкес тапсырыс беруші немесе лизинг беруші  осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көзделген жағдайда өнім берушінің медициналық техниканы сатып алу туралы шартты орындамау немесе тиісінше орындамау фактісі туралы мәлім болған күннен бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні жосықсыз өнім беруші деп тану туралы арыз-талаппен сотқа жүгінуге міндетті.
Алайда, Жобада «лизинг беруші» деген ұғым анықталмаған, осыған байланысты Жобаның 3-тармағында мәнін түсіндіре отырып осы ұғымды нақтылауды ұсынамыз.
4. Жобаның 7-тармағына сәйкес әлеуетті өнім беруші ұсынатын біліктілік талаптары бойынша ақпараттың дұрыстығын дәрілік заттар және (немесе) медициналық мақсаттағы бұйымдар және (немесе) медициналық техника сатып алуды жүзеге асырудың кез келген кезеңінде сатып алуды ұйымдастырушы не  бірыңғай дистрибьютор  белгілейді.
Сонымен қатар, ақпараттың дұрыстығын сатып алуды ұйымдастырушы не бірыңғай дистрибьютордың өзі қалай белгілейтіні туралы сұрақ туындайды.
Осыған байланысты, Жобаның 7-тармағын алып тастау не ақпараттың дұрыстығын анықтау және бағалау мәселесін реттеу қажет.
5. Жобаның 10-тармағына сәйкес тапсырыс беруші не лизинг беруші жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілердің) тізбесін қалыптастыру үшін медициналық техниканы сатып алу туралы шартты орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде өнім берушіні жосықсыз өнім беруші деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьюторды хабардар етеді .
Сонымен қатар, медициналық техниканы сатып алу туралы шарттың орындалмағаны немесе тиісінше орындалмағаны сот шешімі негізінде ғана анықталады және көрсетіледі.
Осыған байланысты, Жобаның 10-тармағында «медициналық техниканы сатып алу туралы шартты орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде» деген сөздерді алып тастау қажет.
6. Жобаның 12-тармағына сәйкес бірыңғай дистрибьютор ақпарат жинағаннан кейін он жұмыс күні ішінде осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілер) тізбесін қалыптастырады және бір уақытта өзінің ресми интернет-ресурсында орналастыра отырып, оны денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға кейін интернет-ресурсына орналастыру үшін жібереді.
Мерзімдерді нақты реттеу мақсатында, сондай-ақ ақпаратты тез арада орналастыру мақсатында, сондай-ақ мүдделі тұлғаларға ыңғайлы болу үшін 12-тармақшаны мынадай редакцияда жазуды ұсынамыз:
«12. Бірыңғай дистрибьютор ақпарат жинағаннан кейін он жұмыс күні ішінде осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілер) тізбесін қалыптастырады және бір уақытта өзінің ресми интернет-ресурсында орналастыра отырып, оны денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға жібергеннен кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурсына орналастыру үшін жібереді.».
7. Жобаның 13-тармағында әлеуетті өнім беруші (өнім беруші) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жосықсыз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілер) тізбесіне 24 ай мерзімге енгізіледі деп көрсетілген.
Мемлекеттік органдар тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауды жүзеге асыру Елбасы қойған міндеттердің бірі болып табылатынын назарға ала отырып, кәсіпкерлерді дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жосықсыз әлеуетті өнім берушілерінің (өнім берушілер) тізбесіне 24 ай мерзімге енгізу аса қатаң шара болып табылады.
Осыған байланысты, Жобаға жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілер) тізбесіне енгізудің 3 жағдайынан тұратын қайталану белгісін енгізуді ұсынамыз:
1) әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші Жобаның 6-тармағының 1)-4) тармақшалары талаптарын бірінші рет бұзған жағдайда, мұндай әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші тізілімге 6 ай мерзімге енгізіледі;
2) әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші Жобаның 6-тармағының 1)-4) тармақшалары талаптарын қайта бұзған жағдайда, мұндай әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші тізілімге 12 ай мерзімге енгізіледі;
3) әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші осы тармақтың 2-тармақшасы негізінде тізілімде болған жағдайда, онда мұндай әлеуетті өнім беруші немесе өнім беруші тізілімге 24 ай мерзімге енгізіледі.
8. Жобаның 10, 11 және 12-тармақтарына сәйкес жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілер) тізбесіне енгізу рәсімі 23 жұмыс күнін құрайды, бұл әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілердің) жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілер) тізбесінде нақты болуы мерзімін 23 жұмыс күнінен астам мерзімге ұзартады.
Осыған байланысты, әлеуетті өнім берушінің (өнім берушінің) Жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілер) тізбесінде болуы уақытының есептелуін оны сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сот шешімі заң күшіне енген күннен бастап белгілеуді ұсынамыз.
9. Мемлекеттік органдардың, сатып алуды ұйымдастырушылардың, бірыңғай дистрибьютордың Жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілер) тізбесіне енгізу/тізбесінен алып тастау бойынша өзгерістерді уақтылы қадағаламауы түріндегі кедергіні жою мақсатында Жобаның 4-тармағын мынадай мазмұндағы жаңа абзацпен толықтыруды ұсынамыз:
«Өнім берушінің (әлеуетті өнім берушінің) Жосықсыз әлеуетті өнім берушілердің (өнім берушілер) тізбесінде оны сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сот шешімі заң күшіне енген күннен бастап өнім берушінің (әлеуетті өнім берушінің) тізбеде болуының белгіленген мерзімдері өткеннен кейін нақты болуы сатып алуды ұйымдастырушының немесе бірыңғай дистрибьютордың оның сатып алуға қатысуына жіберуден бас тартуына негіздеме бола алмайды.»
Әлеуетті өнім берушіні (өнім берушіні) сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сот шешіміне шағымдану мүмкіндігін ескере отырып, Жобаның 14-тармағында «жиырма төрт ай өткен соң» деген сөздерді «оны сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы сот шешімі заң күшіне енген күннен бастап Өнім берушінің (әлеуетті өнім берушінің) тізбесінде болуының белгіленген мерзімдері өткеннен кейін немесе сот шешімі бойынша» деген сөздермен ауыстыруды ұсынамыз.
«Жеке кәсiпкерлiк туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 5-тармағына сәйкес мемлекеттiк орган сараптамалық қорытындымен келiспеген жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келiспеу себептерiнің негiздемесі бар жауап жiбередi.
Полная версия
ИС BestProfi