Близость слов: Окончание:





Азаматтық қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңы
Бүкіл мәтін бойынша «Ведомствоның білім беру», «ведомствоның білім беру», «Ведомствоның аумақтық», «ведомствоның аумақтық» деген сөздер тиісінше «Уәкілетті органның білім беру», «уәкілетті органның білім беру», «Уәкілетті органның аумақтық», «уәкілетті органның аумақтық» деген сөздермен ауыстырылды ҚР 29.06.2021 жылғы № 58-VII Заңы​​на сәйкес (01.04.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 11.07.2021 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 01.07.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Осы Заң азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авария – ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) техникалық құрылғылардың қирауы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауiптi заттардың шығарындысы;
2) авариялық-құтқару жұмыстары – адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды іздеу және құтқару, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, төтенше жағдай аймағында және әскери іс-қимылдар жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау, оларға тән қауіпті факторлардың әсерін оқшаулау және басу немесе ең төменгі мүмкін болатын деңгейге дейін жеткізу жөніндегі іс-қимылдар;
3) авариялық-құтқару құралымы – авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге арналған дербес немесе аттестатталған авариялық-құтқару қызметінің құрамына кіретін азаматтық қорғау күштерінің ұйымдық-құрылымдық бірлігі;
4) авариялық-құтқару қызметі – бірыңғай жүйеге функционалдық біріктірілген, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі міндеттерді шешуге арналған, азаматтық қорғаудың ұйымдық-біріктірілген басқару органдарының, авариялық-құтқару құралымдары мен құралдарының жиынтығы;
5) адамдар жаппай болатын объект – бір мезгілде жүз және одан көп адамның болуына есептелген сауда, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық, мәдени-ағарту және ойын-сауық ұйымдарының, көңіл көтеру орындарының, барлық көлік түрлері вокзалдарының, ғибадат үйлерінің (құрылыстарының) ғимараты, құрылысы, үй-жайы, сондай-ақ бір мезгілде жиырма бес және одан көп адамның болуына есептелген денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының, қонақ үйлердің ғимараты, құрылысы;
6) азаматтық қорғаныс – Қазақстан Республикасының халқы мен аумағын қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау жөнінде бейбіт уақытта және соғыс уақытында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің құрамдас бөлігі;
7) азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері – бейбіт уақытта және соғыс уақытында азаматтық қорғау іс-шараларын орындайтын, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның әскери бөлімдері;
8) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары қоры – азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдардың жұмыскерлері мен халықты қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде қорғау үшін арнайы жабдықталған және соған арналған инженерлік құрылыстар жиынтығы;
9) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысы – халықты қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың зақымдау (қирату) факторларының әсерінен қорғау үшін арнайы жабдықталған және соған арналған инженерлік құрылыс;
10) азаматтық қорғау – өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру, сақтау және пайдалану жөніндегі іс-шараларды қамтитын, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға, азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға және жүргізуге, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған, бейбіт уақытта және соғыс уақытында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар кешені;
11) азаматтық қорғаудың арнайы іс-шаралары – азаматтық қорғау қызметтерінің Қазақстан Республикасының халқын, объектілері мен аумағын төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан туындайтын қауіптерден қорғауға бағытталған, жұмыстарды инженерлік, радиациялық, химиялық, медициналық, өртке қарсы, көліктік, материалдық-техникалық, гидрометеорологиялық және өзге де қамтамасыз ету бойынша күні бұрын немесе жедел іс-қимыл жасауы;
12) азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі – халыққа және мемлекеттік органдарға адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатер туралы, қалыптасқан жағдайда әрекет ету тәртібі туралы хабар беруді қамтамасыз ететін бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы;
13) азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі – Қазақстан Республикасының халқын, объектілері мен аумағын төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар кезінде немесе осы қақтығыстар салдарынан туындайтын қауіптерден қорғау жөніндегі жалпымемлекеттік іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған, азаматтық қорғаудың басқару органдарының, күштері мен құралдарының жиынтығы;
Полная версия
ИС BestProfi