2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңының 8 бабының 24-13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
«Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидасын бекіту туралы» бұйрық жобасына құжаттама
Қараңыз: Жолдаманы Қараңыз: Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы
Жоба
Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидасын бекіту туралы
1. Осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес қоса беріліп отырған Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны ресми жариялауға мерзімдік баспа басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр А. Мамытбеков
Қазақстан Республикасы
Аул шаруашылығы министрінің
2014 жылғы «__» __________
№ ________ бұйрығымен
бекітілген
Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидалары
Жалпы ережелер
1. Осы Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) – жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы басшылықты және мемлекеттiк саясатты iске асыруды, сондай-ақ өз өкiлеттiктерi шегiнде салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) аумақтық бөлімшелер – уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері.
Су объектілері немесе олардың бөліктері, іргелес жатқан жағалау аумақтарымен бірге акваториялар балық шаруашылығы үшін ерекше құнды су айдындары және (немесе) учаскелері болып табылады.
3. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері мынадай мақсаттарды іске асыру үшін белгіленеді:
1) балықтардың кәсіпшілік түрлерінің және басқа да су жануарларының табиғи молаюын қолдау;
2) балықтардың және басқа да су жануарларының биологиялық әралуандығын сақтау;
3) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерін және басқа да су жануарларын сақтау;
4) серуендеу, уылдырық шашу орындарын, өріс аудару жолдарын, қыстау шұңқырларын сақтау.
4. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде шаруашылықтың және басқа қызметтің реттелетін режимі белгіленеді.
Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық аулау жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамамен реттеледі.
Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу тәртібі
5. Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу және олардың шекараларын белгілеу, сондай-ақ учаскелердің белгіленген шекараларын түзету, өзгерту тиісті ғылыми ұйымдар берген биологиялық негіздеменің негізінде жүзеге асырылады.
6. Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу және олардың шекараларын белгілеу, сондай-ақ учаскелердің бекітілген шекараларын түзету, өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін аумақтық бөлімше комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрады.
Комиссия құрамына аумақтық бөлімшелердің, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми және табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері қосылады.
Бекітілген балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызған жағдайда Комиссия құрамына балық ресурстарын пайданушылардың өкілдері қосылады.
7. Комиссия отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, оған қатысып отырған мүшелердің барлығы қол қояды.
8. Комиссия ұсынымдарына және биологиялық негіздемеге сүйене отырып, уәкілетті орган мынадай шешімдерді қабылдайды:
1) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу;
2) белгіленген шекараларда шаруашылық және өзге де қызметтің реттелетін режимін белгілеу.
9. Қабылданатын шешімдер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен, сондай-ақ аумағында осы су айдыны орналасқан жергілікті атқарушы органдармен келісіледі.
10. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің белгіленген шекаралары белгілі бір орындардың атаулары, географиялық координаталары көрсетілген карта-схемада белгіленеді.
11. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің шекаралары белгілі бір серуендеу, уылдырық шашу, өсіру орындарын, қыстау шұңқырлары шегінде балық шаруашылығын жүргізуге бөлінген бір немесе бірнеше балық шаруашылығы учаскелерін қамтуы мүмкін.
«Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына анықтама-негіздеме
| № | Көрсетілуі тиіс мәліметтердің тізбесі | Мемлекеттік органн ың а қпараты |
| 1. | Нормативтік құқықтық актіні ұсынатын мемлекеттік орган | Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі |
| 2. | Нормативтік құқықтық актінің тиісті нормасына сүйене отырып, нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажеттілігі (мемлекеттік органның құзыреті) | «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 8-бабының 24-13) тармақшасына сәйкес |
| 3. | Нормативтік құқықтық актіні қабылдау қажеттілігінің негізі (нақты мақсаттары, себептері және акт неге байланысты қабылданды) | «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы № 898 Жарлығы |
| 4. | Осы мәселе бойынша бұрын қабылданған нормативтік құқықтық актілер және нормативтік құқықтық актіні қабылдауға байланысты олардың өзгергені және толықтырылғаны немесе күші жойылды деп танылғаны туралы мәліметтер | «Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 20 шілдедегі № 949 Қаулысы |
| 5. | Осы мәселе бойынша бұрын қабылданған, оларды мемлекеттік тіркеуден бас тартылған немесе олардың жойылғаны туралы актілердің реквизиттерін көрсете отырып заң сараптамасын өткізбей кері қайтарылған нормативтік құқықтық актілер туралы мәліметтер | Жоқ |
| 6. | Осы нормативтік құқықтық акт республикалық немесе жергілікті бюджет шығыстарының көбеюін немесе түсімдердің қысқаруын көздейме | Көздемейді |
| 7. | Нормативтік құқықтық актіні мүдделі мемлекеттік органдармен келісу туралы мәлімет | Қажет етілмейді |
| 8. | Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларының бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарды қоса алғанда, жариялау туралы мәліметтерді | Жоқ |
| 9. | Сараптамалық қорытындыларды ұсынбаған кәсіпкерлердің аккредиттелген бірлестіктерінің тізімін қамтуы тиіс (жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын актілер үшін) | ― |
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры А. Жеңісов

