Близость слов: Окончание:





Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Қазақавтожол» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының лауазымына қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 5 қарашадағы № 124 бұйрығы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 қарашадағы № 1353 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Қазақавтожол» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының лауазымына қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.
2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Активтерді басқару департаментіне (А.Ж. Закирьянова) жүктелсін.
3. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және
даму министрінің
2014 жылғы 5 қарашадағы
№ 124 бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «Қазақавтожол» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының лауазымына қойылатын біліктілік талаптары

Критерий

Талаптар

Білімі

Жоғары техникалық немесе заңгерлік немесе экономикалық.

Кәсіби құзыреттілігі

1. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2012 жылғы 21 мамырдағы № 201-ө-м бұйрығымен бекітілген Басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына сәйкес.

2. Автомобиль жолы саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын, «Мемлекеттік мүлік туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарын білу.

Практикалық тәжірибесі

Орталық және жергілікті атқарушы органдардағы, сондай-ақ кәсіпорындар мен ұйымдардағы басшылық лауазымдардағы жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмау.

Функционалдық міндеттері

Кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық және қаржылық-экономикалық қызметіне басшылық етуді жүзеге асыру; Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде кәсіпорынның мүлкіне иелік ету; белгіленген еңбекақы төлеу қорының шегінде еңбекақы төлеу нысандарын, штат кестесін, лауазымдық айлықақы мөлшерін, кәсіпорын қызметкерлеріне (өзінің орынбасарлары мен бас бухгалтерді қоспағанда) сыйлықақы беру және өзге де сыйақы беру жүйесін бекіту; жұмысқа қабылдау және кәсіпорын қызметкерлерімен еңбек шартын бұзу; кәсіпорын қызметкерлерін көтермелеу және оларға тәртіптік жаза шараларын қолдану; өзінің орынбасарлары ретінде лауазымға тағайындау және оларды лауазымнан босату үшін автомобиль жолы саласындағы уәкілетті органға кандидатураларды ұсыну; өзінің орынбасарлары мен кәсіпорынның басқа басшы қызметкерлерінің құзыреттіліктерін белгілеу; сенімхаттар беру; банктік шоттарды ашу; барлық органдарда кәсіпорын атынан оның мүддесін білдіру; Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

Полная версия
ИС BestProfi