«Ішкі су көлігі туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Кемелердің портқа кіру және олардың порттан шығу, кемелердің порт акваториясы шегінде жүзуі мен портта тұру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 27 наурыздағы № 361 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 30 сәуірде № 10896 тіркелді
1. Қоса беріліп отырған Кемелердің портқа кіру және олардың порттан шығу, кемелердің порт акваториясы шегінде жүзуі мен портта тұру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
1) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін, күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Ж. Қасымбек
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 27 наурыздағы № бұйрығымен бекітілген
Кемелердің портқа кіру және олардың порттан шығу, кемелердің порт акваториясы шегінде жүзуі мен портта тұру қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Кемелердің портқа кіру және олардың порттан шығу, кемелердің порт акваториясы шегінде жүзуі мен портта тұру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Ішкі су көлігі туралы» 2002 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-16) тармақшасына сәйкес әзірленді және кемелердің портқа кіру және порттан шығу, кемелердің порт акваториясы мен порттағы тұрақ шегінде жүзуі тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалар порттар мен олардың акваториялары аумақтарында қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ порттарға кіретін және олардан шығатын, порт акваториясы шегінде жүзетін және тұратын кемелерге қолданылады.
Қазақстан Республикасының порттарына шетел кемелерінің кіруі және оларға қызмет көрсету халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.
2. Кемелердің портқа кіру және олардың порттан шығу тәртібі
3. Кеменің межелі портқа жақындауы туралы ақпаратты кеме капитаны портының кезекші диспетчеріне 12 сағат бұрын хабарланады және жақындауға дейін 4 сағат қалғанда нақтыланады.
Өтудің ұзақтығы кемінде 12 сағат болғанда - кеменің женелту портынан шыққанынан кейін 2 сағат шегінде. Балық аулау кәсіптік флоты кемелерінің капитандары кәсіпті бітіру уақыттың, сондай-ақ портқа жақындау уақытын 12 сағаттан кешіктірмей хабарлайды.
Полная версия