Осы Кодекс Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылына, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуге және қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V Кәсіпкерлік Кодексі
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР 13.05.2020 № 327-VІ Заңына сәйкес (өзгеріс «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар күшіне енген күннен бастап күшіне енеді) Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР 06.04.2024 жылғы № 71-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 31.12.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР 10.06.2024 жылғы № 90-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 12.12.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР 05.07.2024 жылғы № 115-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 07.01.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 21.10.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ МЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1-бап. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қатысушылардың теңдігіне негізделген тауар-ақша және өзге де мүліктік қатынастар, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты жеке мүліктік емес қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
2-1. Осы Кодекстің ережелері Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес заңсыз иемденілген активтерді қайтаруға байланысты қатынастарға, оның ішінде басқарушы компанияны құруға және оның қызметіне қолданылмайды.
1-бап 2-1-тармақпен толықтырылды ҚР 12.07.2023 жылғы № 23-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 24.07.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде қамтылған Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасы нормаларының олқылықтары немесе осы Кодекстің ережелеріне қайшылықтары анықталған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
5. Кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін жүзеге асырудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2-бап. Кәсіпкерлік ұғымы және оны құқықтық реттеудің шектері
1. Азаматтардың, қандастардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлікке) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлікке) негізделген дербес, бастамашыл қызметі кәсіпкерлік болып табылады. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.
2. Кәсіпкерлік қызмет тек Қазақстан Республикасының заңдарымен ғана шектелуі мүмкін.
3. Мемлекеттік органдардың жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің артықшылықты жағдайын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауына тыйым салынады.
3-бап. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының мақсаттары мен қағидаттары
1. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамыту және қоғам үшін қолайлы жағдайлар жасауға, кәсіпкерлік бастаманы ынталандыруға бағытталады.
2. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының қағидаттары мыналар болып табылады:
1) заңдылық;
Полная версия