2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 99-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 12 қазандағы 18-02/909 бұйрығы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 10 қарашада 12259 болып тіркелді
Редакция 04.06.2023 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі А. Мамытбеков
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 12 қазандағы № 18-02/909 бұйрығымен бекітілген
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Орман кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 99-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу мен мал жаю тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) орманның генетикалық резерваты – өсімдіктер түрі, түр тармағы популяциясының генетикалық-селекциялық тұрғыдан құнды бөлігі бар орман учаскесі;
2) орман пайдалану – орман ресурстары мен орманның пайдалы қасиеттерін пайдалану жөніндегі заңдық және экономикалық жағынан регламенттелген қызмет;
3) орман пайдаланушы – Кодексте белгілеген тәртіппен уақытша орман пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;
4) орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның ведомствосы – орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру саласында басқару мен бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
3. Мемлекеттiк орман қорының шөп шабуға және мал жаюға болатын учаскелерiн орман орналастыру жобаларына немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару жоспарларына сәйкес мемлекеттiк орман иеленушiлер белгiлейдi.
4. Шөп шабу және мал жаю үшін мемлекеттік орман қорының құрамына енетін осы мақсатқа жарамды ауыл шаруашылығы жерлерінің алқаптары бөлінеді, сондай-ақ алаңқайлар және шөп шабу басталғанға дейін орманды табиғи немесе жасанды жолмен жаңарту, оларды жақсарту жөнінде басқа да іс-шаралар жүргізу көзделмейтін басқа да орман көмкермеген алқаптар және сексеуіл мен басқа да бұта түрлерімен көмкерілген (жинақталмаған орман екпелерінен басқа) орман алқаптары, сондай-ақ қайта жаңартуға арналмаған құндылығы аз екпелердің жекелеген учаскелері пайдаланылады.
4-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 18.05.2023 жылғы № 156 Бұйрығына сәйкес (03.11.2017 ж. редакцияны қараңыз)
5. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабуға болатын алаңдарды жыл сайын шөп шабу басталғанға дейін Кодекстің 13-бабының 1-тармағының 18-3) тармақшасына сәйкес бекітілген орман орналастыру материалдарының негізінде мемлекеттік орман иеленушілер нақтылайды.
6. Кодекстің 99-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттiк орман қорына кiретiн жайылымдарда бақташысыз мал жаю шалғай, жолы қиын және халық аз қоныстанған аудандарда ерекше жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерін шөп шабу және мал жаю үшін пайдалану тәртібі
7. Мал жаю мемлекеттік орман қоры учаскелерінде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес айқындалатын алаңдарда жүзеге асырылады, бұл ретте мал жаю үшін учаскелер таңдау орман жайылымдарын маусымдық пайдалану мүмкіндіктері, жайылым айналымдарын және оларға жеткілікті жүктемені ескере отырып, жүзеге асырылады.
8. Жайылым айналымының алаңы:
1) өсу кезеңінің табиғи-климаттық жағдайларын;
2) жайылымдардың шығымдылық деңгейін;
3) эрозияға ұшырау үдерістерінің ықтимал мүмкіндігі және нақты байқалуын;
4) жабайы өсетін шөптердің ерекше құнды тұқымдарын жинау мүмкіндігі;
5) «демалыс» берудің орындылығы, яғни жыл бойына мал жаюды, шөп шабуды толық болдырмауды ескере отырып, белгіленеді.
9. Мынадай мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп жабу (өртке қарсы іс-шаралар шеңберінде жүзеге асырылатын шөп шабудан басқа) және мал жаю:
1) мемлекеттiк орман қорының «мемлекеттiк табиғи қорықтар ормандары», «табиғаттың мемлекеттiк орман ескерткiштерi», «орманның гендiк резерваттарын қоса алғандағы ғылыми маңызы бар орман учаскелерi», «аса құнды орман алаптары» санаттарында, сондай-ақ қорық және тапсырыс режимiндегi мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар мен мемлекеттiк өңiрлiк табиғи саябақтар аймақтарында, мемлекеттiк табиғи резерваттардың қорық орталығы аймақтарында;
2) мемлекеттiк орман қорының рекреациялық пайдалану аймақтарындағы, әкiмшiлiк-өндiрiстiк мақсаттағы, келушiлер мен туристерге қызмет көрсетуге арналған шағын аймақтардағы «мемлекеттiк ұлттық табиғи саябақтар ормандары» және «мемлекеттiк өңiрлiк табиғи саябақтар ормандары» санаттарында;
3) мемлекеттiк орман қорының бұзылған ландшафтарды қалпына келтiру аймағындағы «мемлекеттiк табиғи резерваттар ормандары» санатында;
4) мемлекеттiк орман қорының тапсырыс режимi аймағындағы «мемлекеттiк қорық аймақтары ормандары» санатында;
5) мемлекеттiк орман қорының «жаңғақ кәсiпшiлiгi аймақтары», «орман-жемiс екпелерi», «aca биiк тау ормандары», «мемлекеттiк қорғаныштық орман белдеулерi», «эрозияға қарсы ормандар» және «халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдарының, магистральдық құбырлар мен басқа да желiлiк құрылыстардың бөлiп берiлген белдеулерiндегi қорғаныштық екпелер», «халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланудағы темiр жолдар мен автомобиль жолдары бойындағы қорғаныштық орман белдеулерi» санаттарында жүзеге асырылмайды.
5-тармақшаға орыс тілінде өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгертілмейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 25.12.2015 жылғы № 19-1/1124 Бұйрығына сәйкес
10. Мал жаюға рұқсат етілген учаскелер тізбесін мемлекеттік орман қоры жерлерінің жай-күйіне қатысты болып жатқан өзгерістерді, сондай-ақ орманды қалпына келтіру іс-шараларын жүргізу мен орман ресурстарын дайындау жоспарларын ескере отырып, мемлекеттік орман иеленушілер жыл сайын нақтылап отырады.
11. Сексеуіл ормандарынан басқа, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ешкi жаюға арнайы бөлiнiп, қоршалған учаскелерде ғана жол берiледi.
11-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 03.11.2017 жылғы № 445 Бұйрығына сәйкес (25.12.2015 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін 21 (жиырма бір) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 12.12.2017 жылы "ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде жарияланды
12. Шөп шабу мен мал жаю үшін мемлекеттік орман қоры учаскелері ұзақ мерзiмдi орман пайдалану шартының талаптарымен, ал қысқа мерзiмдi орман пайдалануға қысқа мерзiмдi орман пайдалану шарты және рұқсат беру құжаттары негiзiнде беріледi.
12-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 03.11.2017 жылғы № 445 Бұйрығына сәйкес (25.12.2015 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін 21 (жиырма бір) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 12.12.2017 жылы "ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкі" ақпараттық жүйесінде жарияланды
13. Орман иеленушілер 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 36, 41-баптарына сәйкес шөп шабу мен мал жаюға жарамды мемлекеттік орман қоры учаскелерінен орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қызметкерлеріне шөп шабу үшін қызметтік жер телімдерін бөледі.
14. Шөп шабу мен мал жаю үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін ұзақ мерзімді орман пайдалануға бөлу Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 18-02/896 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12247 тіркелген) бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерлер өткізу қағидаларына сәйкес тендерлік негізде жүзеге асырылады.
14-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 25.12.2015 жылғы № 19-1/1124 Бұйрығына сәйкес (12.10.2015 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 27.01.2016 жылы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды
15. Шөп шабу мен мал жаюға жарамды қалған алаңдар туралы мәліметтерді (осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілгеннен басқа) орман иеленушілер тендер ұйымдастырушыларға шөп шабу мен мал жаю басталғанға дейін екі айдан кешіктірмей береді.
16. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінен шөп шабатын және мал жаятын алқаптардың бөлінуіне мұқтаж орман пайдаланушылар:
1) ұзақ мерзімді негізде (ұзақ мерзімді орман пайдалану) тендер өткізуді ұйымдастырушыларға шөп шабу мен мал жаю үшін ұзақ мерзімді пайдалануға мемлекеттік орман қоры учаскелерін беру бойынша тендерге қатысуға арналған өтінім-лоттарды орман иеленушілердің дайындауы үшін тиісті өтінімдер жолдайды;
2) қысқа мерзімді негізде (қысқа мерзімді пайдалану) шөп шабу немесе мал жаю басталғанға дейін екі айдан кешіктірмей орман иеленушілерге орман пайдалану үшін учаскелер беру жөнінде өтініш жазады.
17. Тендерлер өткізуді ұйымдастырушылар шөп шабу мен мал жаю үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін беру жөнінде өткізілген тендерлердің нәтижелері негізінде мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөніндегі тендер комиссиясының хаттамасын толтырады, оның негізінде мемлекеттік орман иеленушілер мен орман пайдаланушылар арасында осы учаскелерді ұзақ мерзімді орман пайдалану туралы шарт жасалады, онда осы учаскелерді пайдалану жөніндегі талаптармен және тараптардың өзара қарым-қатынастарының шарттарымен қатар Кодекстің 38-бабына сәйкес қорғау және Ормандарда өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау жөніндегі міндеттер белгіленеді.
18. Шалғайдағы мал шаруашылығы үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін беру жөніндегі өтінім-лоттарды дайындау кезінде көршілес аудандардың, облыстардың қажеттілігін ескеру керек.
19. Орман иеленушілер өткізілген тендерлердің нәтижелері бойынша жасалған шарттарға сәйкес және орман пайдаланғаны үшін төлем жасалғанын куәландыратын құжаттардың негізінде тендерлердің жеңімпаздарына «Ағаш кесу билеті мен орман билетінің нысандарын, оларды есепке алу, сақтау, толтыру және беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 18-02/40 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10676 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша орман билеттерінің жыл сайын берілуін оларға шөп шабу мен мал жаю үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерінің табиғи түрінде берілуін қамтамасыз етеді.
20. Шөп шабу мен мал жаю үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін қысқа мерзімді орман пайдалануға беру кезінде орман пайдаланушының өтініші және орманды пайдаланғаны үшін малдың болуы және төлем жасалғанын куәландыратын құжаттардың негізінде орман пайдаланушыларға да орман билеті жазып беріледі.
20-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 18.05.2023 жылғы № 156 Бұйрығына сәйкес (03.11.2017 ж. редакцияны қараңыз)
21. Берілген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу мен мал жаю орман билеттерінде көрсетілген мерзімдерде жүзеге асырылады.
22. Шөп шабу мен мал жаю үшін берілген мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану құқығы Кодекстің 39 -41-баптарына сәйкес тоқтатыла тұрады, шектеледі немесе тоқтатылады.
23. Орман ресурстары шөп шабу және мал жаю үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген мемлекеттік орман қорының жерлерінде объектілер салу Кодекстің 102-2-бабына және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Занының 27-2-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
2-тарау 23-тармақпен толықтырылды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 18.05.2023 жылғы № 156 Бұйрығына сәйкес
Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушы берілген учаскелерде уақытша (қалқалар, күзет үйшіктері, қоршаулар, қашалар) құрылыстар салады.
Жануарларды қашаларда орналастыру мынадай норманы сақтай отырып жүзеге асырылады:
1) ірі жануарлар үшін (түйелер, жылқылар, мүйізді ірі қара малдар - бұдан әрі - ірі жануарлар) - бір жануарға 3 м2 ;
2) ұсақ жануарлар үшін (қойлар, ешкілер, шошқалар) - бір жануарға 1,7 - 2 м2 .
Қашаларда қораларда ірі малдарға қосымша байлағыштар жасалады.
Қашаларды металл құрылыстарынан жасайды, олардың биіктігі:
1) ірі жануарлар үшін кем дегенде 1,5 м;
2) ұсақ жануарлар үшін кем дегенде 1 м.
Секциялар мен қашаларды жануарлардың жарақаттану мүмкіндігін болдырмайтын шарбақтармен, қақпалармен жабдықтайды.
Қысқа мерзімді орман пайдалану кезінде құнарлы қабатты адып тастамай, қоршау мен тұруға жарамды жылжымалы үй-жайларды орнатуға рұқсат етіледі.
Аталған құрылыстардың мөлшері және оларды орналастыру ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді орман пайдалану шартында, сондай-ақ орман билетінде көрсетіледі.
24. Сексеуіл ормандарынан басқа, мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде ешкi жаюға арнайы бөлiнiп қоршалған учаскелерде ғана жол берiледi
2-тарау 24-тармақпен толықтырылды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 18.05.2023 жылғы № 156 Бұйрығына сәйкес
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде шөп шабу және мал жаю қағидаларына қосымша
Осы Қосымша жаңа редакцияда жазылды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 18.05.2023 жылғы № 156 Бұйрығына сәйкес (03.11.2017 ж. редакцияны қараңыз)
Мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі мал жаю алаңдарын айқындау
№ |
Табиғи аймақтар |
Ауыл шаруашылығы жануарларының түрлері |
Мал жаю алаңы, басқа гектар |
1 |
2 |
3 |
4 |
1 |
Жартылай шөлейт және шөлейт |
Қой, ешкі Ірі қара мал Жылқы |
3,0 5,0 7,2 |
2 |
Далалы |
Қой, ешкі Ірі қара мал Жылқы |
1,5-3,0 1,5-3,0 1,0-2,25 |
3 |
Таулы |
Қой, ешкі Ірі қара мал Жылқы |
0,75-1,5 0,75-1,5 1,0 |
Полная версия