Близость слов: Окончание:





Ұйымда кадрларды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1045 бұйрығы.
 Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12765 болып тіркелді
2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 16-бабының 24) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН: 
1. Қоса беріліп отырған ұйымда кадрларды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптар бекітілсін.
2. «Ұйымда кадрларды кәсіптік даярлаудың, қайта даярлаудың және біліктілігін арттырудың жалпы талаптарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 191 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10835 болып тіркелген, 2015 жылғы 16 маусымда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде оны мерзімдік баспа басылымдарда және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Б. Нұрымбетовке жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т. Дүйсенова
КЕЛІСІЛДІ 
Қазақстан Республикасының 
Білім және ғылым министрі 
___________ А. Сәрінжіпов 
2015 жылғы «___»________
Қазақстан Республикасы
 Денсаулық сақтау және
 әлеуметтік даму министрінің
 2015 жылғы 28 желтоқсандағы
 № 1045 бұйрығымен бекітілген
Ұйымда кадрларды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптары
Ұйымда кадрларды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптары:
1) ұйымның Жарғысында (Ережесінде) қызметкерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды тікелей жүргізетін ұйымдар үшін кадрларды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі норманың; 
2) кадрларды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі оқу жұмыс жоспарларының және бағдарламаларының;
3) тиісті кәсіптер (мамандықтар) бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің; 
4) оқыту шартының (жұмыс беруші мен оқушы арасында тікелей ұйымда кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру шарттары туралы жазбаша келісімнің) немесе білім беру қызметін көрсету туралы шарттың (жұмыс беруші мен қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйым арасындағы кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру шарттары туралы жазбаша келісімнің) болуын қамтиды.
Полная версия
ИС BestProfi