Мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегiндегi қызметтiк iссапарлары туралы ереженi бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 22 қыркүйек N 1428. Тақырыбы өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.04.18. N 514 қаулысымен.
Осы редакция 17.02.2005 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк бюджеттiң есебiнен ұсталатын
мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерiнiң Қазақстан Республикасының шегiндегi
қызметтiк iссапарлары туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) бекiтiлсiн.
2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр
шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2000 жылғы 22 қыркүйектегі
N 1428 қаулысымен
бекiтiлген
Мемлекеттiк бюджеттiк қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер
қызметкерлерiнiң, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Парламенті
депутаттарының Қазақстан Республикасының шегiндегi
қызметтік iссапарлары туралы
ЕРЕЖЕ
Тақырыбы өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.04.18. N 514
қаулысымен.
Осы Ереже Қазақстан Республикасының шегiнде қызметтiк iссапарларға жiберiлетiн Қазақстан Республикасы мемлекеттiк мекемелерiнiң қызметкерлерiне шығыстарын өтеудің тәртiбi мен шарттарын анықтайды.
1. Қызметтiк iссапар (бұдан әрi - iссапар) қызметкердiң мемлекеттiк мекеме басшысының өкiмi бойынша еңбек мiндеттемелерiн өзiнiң тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде орындау үшiн белгiлі бiр мерзiмге сапары болып табылады.
Мемлекеттiк мекеменiң құрамына кiретiн бөлiмшелер басқа елдi мекенде орналасқан жағдайда жұмысы жеке еңбек шартымен (осы мемлекеттiк мекеменiң бұйрығымен) негізделген құрылымдық бөлiмше тұрақты жұмыс орны болып саналады.
2. Мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерiн iссапарға жiберудi бұйрықтың (өкiмнiң) негiзiнде баратын жерi мен мекеменiң атауын, iссапардың мерзiмi мен мақсатын көрсете отырып, осы мемлекеттiк мекемелердiң басшылары жүргiзедi. Iссапарға жiберiлген қызметкерге басшы қол қойған iссапар куәлiгi берiледi.
3. Қызметкерлер iссапарының мерзiмiн мемлекеттiк мекемелердiң басшылары анықтайды, алайда, ол жолда жүру уақытын есептемегенде, 40 күннен аспауы тиiс. Қызметтiк қажеттiлiк жағдайында iссапар мерзiмi осы мемлекеттiк мекеме басшысының тиiстi бұйрығымен ұзартылуы мүмкiн.
4. Қызметкерлердiң бағыныстылық тәртiбiмен жоғары тұрған ұйымдарға iссапары жолда жүру уақытын есептемегенде, 5 күннен аспауы тиiс. Іссапар мерзiмiн ұзартуға ерекше жағдайларда (көлiк құралдарының болмауы немесе iссапардың шұғылдығы) осы ұйымның тиiстi бұйрығын шығару жолымен 5 күннен асырмай рұқсат етiледi.
5. Іссапарда болған нақты уақыты баратын жерiне келген күнi және барған жерiнен кеткен күнi туралы iссапар куәлiгіндегі белгілер бойынша анықталады. Егер қызметкер әртүрлi елдi мекендерге iссапарға жiберiлсе, келген күнi және кеткен күнi туралы белгiлер олардың әрқайсысында жасалады.
Іссапарға кеткен және iссапардан келген қызметкерлердi тiркеу, сондай-ақ осы мемлекеттiк мекемеге iссапарға келген адамдарды тiркеу осы Ережеге 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша арнайы журналдарда жүргізiледi.
Мемлекеттiк мекеменiң басшысы бұйрық шығару арқылы iссапар куәлiктерiне белгілер жасауға және көрсетiлген арнайы журналдарды жүргiзуге жауапты адамды тағайындайды.
6. Іссапарға жiберiлушiнiң тұрақты жұмыс орнынан поезбен, ұшақпен, автобуспен немесе басқа да көлiк құралымен кеткен күнi - iссапарға кеткен күн, ал келген күн - көрсетiлген көлiк құралының тұрақты жұмыс орнына келген күнi болып саналады. Іссапарға шыққан күн 24 сағатқа дейiн қоса алғанда көлiк жүрген жағдайда - ағымдағы тәулiк, ал 00 сағат және одан кейiн жүрген жағдайда - келесi тәулiк болып саналады.
Егер шығатын станция (вокзал, айлақ немесе әуежай) елдi мекеннен жырақта орналасса, онда iссапарға кету күнi жоғарыда көрсетiлген тәсiлмен көлiк жүретiн орынға жету үшiн қажеттi уақыт ескерiле отырып, есептеледi.
Қызметкердiң тұрақты жұмыс орнына келген поездың, автобустың немесе басқа да көлiк құралының нақты келiп жеткен күнi iссапардан келген күн болып саналады, бiрақ, мұнда да көлiктiң келген жерiнен елдi мекенге дейiн жүру уақыты ескерiледi.
Поезд уақытылы келмесе немесе жөнелтiлмесе, РМК "Қазақстан темiр жолы" жолаушының өтiнiшiмен оған поездың кешiккенi туралы куәландыратын құжат бередi.