Toggle Dropdown
Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 сәуірдегі N 545 Қаулысы
Осы редакция 27.06.2012 жылы енгізілген өзгерістерге дейін қолданылды
Мемлекеттік органның бірінші басшысының А.Ж.Т. қолы Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 153-бабының 8-тармағына, 154-бабының 12-тармағына, 157-бабының 10-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Бюджеттік инвестициялық жобаларды (бағдарламаларды) қарау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 наурыздағы N 245 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 12, 135-құжат);
2) "Басым бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тізбелерін қалыптастыру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 18 наурыздағы N 247 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 12, 137-құжат).
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 17 сәуірдегі
N 545 қаулысымен
бекітілген
Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды
мониторингілеу және бағалау ережесі
1. Осы Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, іске асыруды мониторингілеу және бағалау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 153-бабының 8-тармағына, 154-бабының 13-тармағына, 157-бабының 10-тармағына сәйкес әзірленді және мыналарды:
бюджеттік инвестициялық, оның ішінде техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу тәртібін;
бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу тәртібін;
техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап етпейтін бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу тәртібін;
сметалық құнын ұлғайту болжанатын бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу тәртібін;
бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруды мониторингілеу және бағалауды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
1) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі - бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган;
2) инвестициялық ұсыныс — тиісті іс-шаралардың жиынтығын қоса алғанда, оның мақсатын, оған қол жеткізу жолдарын көрсететін, бюджеттік инвестициялық жобаны одан әрі дайындау мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкімшілері әзірлейтін бюджеттік инвестициялық жобаның тұжырымдамасы;
3) бюджеттік инвестициялық жоба - белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын және аяқталған сипаттағы жаңа объектілерді тұрғызуға (салуға) не қолда барларын реконструкциялауға, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді құруға, енгізуге және дамытуға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;
4) инвестициялық ұсыныстың ақпараттық парағы - бюджеттік инвестициялық жоба бойынша негізгі ақпаратты қамтитын, оны іске асыру орындылығын ашып көрсететін құжат;
5) салалық сараптама - инвестициялық ұсынысты және/немесе бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін саланы дамыту басымдықтарына сәйкестігі, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың оңтайлы нұсқасын таңдау мәніне бағалау;
6) бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі - негізгі техникалық, технологиялық және өзге шешімдер, сондай-ақ негізгі техникалық-экономикалық параметрлерді айқындай отырып, пайда мен шығындарды экономикалық талдау негізінде жүргізілетін бюджеттік инвестициялық жобаның жүзеге асырыла алатындығын және тиімділігін зерттеу нәтижелері туралы мәліметтерді қамтитын құжаттама;
7) техникалық-экономикалық негіздемені түзету - техникалық шешімдердің өзгеруіне және қосымша шығыстарға алып келетін жобалық құжаттаманы (жобалау-сметалық) бекіткенге дейін немесе бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеде көзделмеген қосымша компоненттерді енгізу қажет болған жағдайда жобалау-сметалық құжаттама бекітілгеннен кейінгі бекітілген техникалық-экономикалық негіздемедегі жобаның белгіленген техникалық-экономикалық параметрлерінің өзгеруі;
8) бюджеттік инвестициялық жобаны әзірлеуге және түзетуге арналған техникалық тапсырма - бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне қойылатын талаптарды, оның ықтимал әзірлеушісіне қойылатын біліктілік талаптарын айқындайтын, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу немесе түзету жөніндегі жұмыстардың мерзімдері мен көлемін регламенттейтін құжат;
9) техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуді талап ететін жобалар бойынша инвестициялық ұсынысқа арналған экономикалық қорытынды - бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың экономикалық орындылығы, жоба мақсаттарының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда белгіленген экономика саласының (аясының) даму басымдықтарына сәйкестігі мәніне мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы;
10) бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін экономикалық сараптау - техникалық-экономикалық негіздемеде ұсынылған ақпаратты салалық сараптама қорытындысы мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап етілетін басқа да сараптамалардың қорытындылары негізінде жүргізілетін жобаның іске асырылуын және тиімділігін айқындау мәніне кешенді бағалау;
11) бюджеттік инвестициялық жобаның экономикалық қорытындысы - бюджеттік инвестициялық жобаны іске асырудың экономикалық орындылығы, оның ел экономикасына әсері мен стратегиялық және бағдарламалық құжаттамаларға сәйкестігі мәніне бюджеттік инвестициялық жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің экономикалық сараптамасы негізінде дайындалған мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның қорытындысы;
12) сметалық құн - құрылысқа арналған жобалық құжаттаманы әзірлеу кезінде сметалық нормативтерге сәйкес айқындалатын объектіні (кешенді) салу құны;
13) бюджеттік инвестициялық жобалардың мониторингі - бюджет қаражатын бөлу сәтінен бастап пайдалануға беру сәтіне дейінгі жаңа объектілерді құру (салу), қолданыстағыларын реконструкциялау барысы туралы ақпаратты жинау және талдау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;
14) бюджеттік инвестициялық жобалардың іске асырылуын бағалау - пайдалануға беру сәтінен бастап жобаның мақсатына қол жеткізу дәрежесін және нақты алынған нәтижелердің жоспарланғандарға сәйкестігін айқындау жөніндегі іс-шаралар жиынтығы;
15) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның Электрондық порталының бюджеттік инвестициялық жобалар мониторингісінің модулі - жоспарланған және іске асырылып жатқан бюджеттік инвестициялық жобаларды есепке алу мен мониторингті автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе (бұдан әрі - БИЖ электрондық порталы);
16) бюджеттік инвестициялық жобаның паспорты - бюджеттік инвестициялық жоба туралы жалпы ақпарат;
17) диаграмма - жобаның жоспары мен уақыт бойынша жұмыс дәйектілігі мен кестесінің ұзақтылығын графикалық көрсетуді иллюстрациялау үшін БИЖ электрондық порталында қолданылатын диаграмма;
18) бюджеттік инвестициялық жобаның ресурстық және инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі - жобаның ресурстық және инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу қажеттілігінің жоспарланған және қол жеткізілген деңгейін сипаттайтын көрсеткіштер;
19) бюджеттік инвестициялар бойынша қаржыландыру көздері - бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған республикалық және/немесе жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде сыртқы нарықтарда қарыз алу, концессиялық жобаларды бірлесіп қаржыландыру және мемлекеттің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуы.
2. Бюджеттік инвестициялық, оның ішінде техникалық-экономикалық
негіздеме әзірлеуді талап етпейтін жобалар бойынша
инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу
тәртібі
1. Бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша инвестициялық
ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу тәртібі
3. Инвестициялық ұсыныстарды әзірлеу, қарау және іріктеу үдерісі мынадай негізгі кезеңдерді қамтитын іс-шаралар кешенін білдіреді:
1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің инвестициялық ұсыныстарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға беруі;
2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламасының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын бюджеттік инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру және бекіту, техникалық-экономикалық негіздемелерін (бұдан әрі - ТЭН) әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізу.
4. Инвестициялық ұсыныстарды әзірлеуді мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын әзірлеу кезеңінде бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жүзеге асырады.
5. Инвестициялық ұсыныстар мынадай құжаттарды қамтуы тиіс:
1) инвестициялық ұсыныстың ақпараттық парағы;
2) бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеудің немесе түзетудің, сондай-ақ оларға қажетті сараптамалар жүргізудің құнын негіздейтін ақпарат;
3) бекітілген бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-і бойынша өзгеруі болжамданған техникалық шешімдер көрсетілген салыстырма кестесі, сондай-ақ бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-і (бюджеттік инвестициялық жобаның бекітілген ТЭН-і түзетілген жағдайда);
4) бюджеттік инвестициялық жобаның ТЭН-ін әзірлеуге немесе түзетуге, сондай-аң оларға қажетті сараптамалар жүргізуге техникалық тапсырма;