2014 жылғы 15 шілдедегі № 8-1-1/5446 хатқа
Азаматтық іс жүргізу кодексі жобасының құжаттамасына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2014 жылғы 4 қыркүйектегі № 9444 сараптамалық қорытындысы
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты
САРАПТАМАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
1 . АІЖК жобасының 1-бабының 2-бөлігінде азаматтық іс жүргізу нормаларын , сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын қамтитын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де келісімдері азаматтық процессуалдық құқықтың құрамдас бөлігі болып табылатындығы көзделген.
«және өзге де келісімдер» деген тұжырымды қолдану азаматтық іс жүргізу заңнамасының құрамын негізсіз кеңейтеді және ҚР АІЖК-нің реттеуші мәнін төмендетуі де мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағына сәйкес Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады.
Осыған байланысты, ҚР АІЖК құрамына қосылмаған азаматтық іс жүргізу заңнамасының бөлігі ретінде Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормалары болуы мүмкін.
2. ҚР Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сәйкес келтіру мақсатында АІЖК жобасының 10-бабының 1-бөлігін мынадай мазмұндағы сөйлеммен толықтыру қажет: «Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.».
3. АІЖК жобасының бүкіл мәтіні бойынша «заңды тұлғаны құрамайтын ұйымдар» деген анықтама қолданылады, сонымен қатар ҚР қолданыстағы заңнамасында, оның ішінде Азаматтық Кодексте, «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР Заңында осы ұғым жоқ, осыған байланысты «заңды тұлғаны құрамайтын ұйымдарға» не жататындығы түсініксіз.
Бұдан басқа, АІЖК жобасының мәтінінде «кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар» және «дара кәсіпкерлер» деген бір мағыналық жүктемеге ие әртүрлі түсініктемелік анықтамалар қолданылады. Баяндалғанды ескере отырып, нормаларды сәйкестікке келтіруді және АІЖК-де одан әрі белгілеу үшін анықтамалардың біреуін қабылдауды ұсынамыз.
АІЖК жобасының мәтінінде қолданылатын мемлекеттік органдардың атауларын «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 6 тамыздағы № 875 Жарлығына сәйкес келтіру қажет.
4. АІЖК жобасының 17-бабына сәйкес сот талқылауларын жүргізу залында кино- және фотосуретке түсіруге, бейнежазбаға, тікелей радио және телехабарларды таратуға соттың рұқсаты бойынша және іске қатысушы адамдардың келісімімен жол беріледі. Сонымен бірге, АІЖК-де осы келісім қандай тәсілмен жазбаша немесе ауызша алынатыны көрсетілмеген.
5. АІЖК жобасының 27-бабының 2-тармағына сәйкес заңды тұлғаға талап арыз құрылтай және тіркеу құжаттарына сәйкес заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша сотқа беріледі. Сонымен қатар «тіркеу құжаты» деген ұғым ҚР қолданыстағы заңнамасында жоқ. АК-нің 39-бабына сәйкес осы тармақты мынадай редакцияда жазуды ұсынамыз: «заңды тұлғаға талап арыз Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген мекенжайы бойынша сотқа беріледі.».
6. АІЖК жобасының 28-бабы орындалу жері көрсетілген шарттардан туындайтын талап арыздар да шарттың орындалатын жері бойынша қойылуы мүмкін талапкердің таңдауы бойынша соттылық мәселелерін реттейді, ал егер шартта орындалу жері көрсетілмесе талап арыз міндеттеменің орындалатын жері бойынша қойылуы мүмкін.
Алайда іс жүзінде міндеттеменің орындалуы уағдаласқан тараптардың орналасқан жерлерінен басқа аумақтарда жүзеге асырылатын мысалдар өте көп.
АІЖК жобасының 30-бабында көзделген шарттық соттылықты анықтау мүмкіндігінің бар екенін ескере отырып, 28-баптың 6-тармағын «егер шартта өзгеше көзделмесе» деген сөздермен толықтыруды ұсынамыз. Сөйтіп, шарттық құқықтық қатынастар тараптарының дау туындаған жағдайда олардың ісін қарау жерін алдын ала келісуге мүмкіндігі бар.
7. АІЖК жобасының 29-бабы 1-бөлігінің 2-абзацында жылжымайтын мүлік объектілері әртүрлі елді мекендерде орналасқан болса, талап арыз мұндай объектінің әрқайсысының орналасқан жері бойынша берілетіндігі көзделген.
Осы норманы қабылдау тұлғаның өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін соттық қорғау құқығын жүзеге асыруына елеулі қиындық тудыруы мүмкін, осыған байланысты керісінше талапкерге жылжымайтын объектілердің бірінің орналасқан жері бойынша талап арыз беру мүмкіндігін беру қажет.
8. АІЖК жобасының 32-бабының 2-бөлігінде қолданыстағы редакцияға қарағанда талап арыз соттың өзіне қойылуы мүмкін болған жағдайда соттылығы туралы мәселені қарау көзделмеген.
Субъектілердің өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін соттық қорғау құқықтарын іске асыруға теріс әсер етеді деп есептейміз.
9. АІЖК жобасының 34-бабының 3-тармағына сәйкес көпшілік шешімімен келіспеген судья осы шешімге қол қоюға міндетті және іске қоса тігілетін мөр басылған конвертте өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде білдіре алады .
Заңды сот ісін жүргізу қағидаттарын басшылыққа ала отырып, судья тәуелсіз, объективті және кедергісіз шешім шығаратынын атап өтеміз. Сонымен қатар судьяның ерекше (судьялар көпшілігінің пікірінен айырмашылығы бар) пікірі болған жағдайда, ұсынылып отырған норма оның пікірімен сәйкес келмейтін шешімге қол қоюға міндеттейді, бұл сот ісін жүргізу қағидаттарына қайшы келеді.
Осы тәсіл әділ сот ісін жүргізу үшін дұрыс емес деп болжаймыз.
10. АІЖК жобасының 38-бабына сәйкес АІЖК жобасының 36, 37-баптарында көзделген жағдайларда іске қатысатын тұлғалар өздігінен бас тартуы мүмкін , сонымен қатар мұндай құқық беруді негізсіз және міндетке өзгертуге жатады деп болжаймыз, осыған байланысты «бас тартуы мүмкін» деген сөздерді «бас тартуы тиіс» деген сөздермен ауыстыруды ұсынамыз.
11. АІЖК жобасының 39-бабының 2-тармағында бас тарту мерзімі көзделген, оған сәйкес мәлімделген бас тартуды төраға немесе басқа судья келесі жұмыс күнінен кешіктірмей қарайды, бұл ретте олар болмаған жағдайда тиісті облыстық және оған теңестірілген судья келесі күннен кешіктірмей шешім қабылдайды. Егер бұл күн демалыс немесе мереке күндеріне түсетін болса деген сұрақ туындайды? Осыған байланысты «келесі» деген сөзден кейін «жұмыс» күні деген сөзбен толықтыруды ұсынамыз .
АІЖК жобасының 39-бабының 5-бөлігінде бас тарту (өздігінен бас тарту) мәлімделген судьялар дауыс беруге қатысатындығы айқындалған.
Осы норма соттың алқалық құрамының бірнеше судьяларынан немесе барлық судьяларынан бас тартуды қарауда объективтілікті қамтамасыз етпейді деп есептейміз, себебі осы мәселе соттың осы құрамымен кеңес бөлмесінде шешіледі, бұдан басқа бас тарту мәлімделген судьялар дауыс беруге қатысады, бұл күмәнсіз азаматтардың сотқа деген сенімсіздігін тудырады.
Осыған байланысты, АІЖК жобасының 39-бабының 5-бөлігін қолданыстығы АІЖК 42-бабының 4-бөлігіне сәйкес бұрынғы редакциясында қалдыру қажет деп есептейміз.
12. АІЖК жобасының 64-бабының 1-тармағында «танылуы тиіс» деген сөздерді судьялардың Кодекс талаптарын бұза отырып алынған дәлелдерге өзінің қалауы бойынша жол беру немесе жол бермеу құқығын пайдалану мүмкіндігін болдырмау мақсатында «танылады» деген сөзбен ауыстыруды ұсынамыз.
14. АІЖК жобасының 66-бабының 5-тармағына сәйкес растау үшін сотқа құжаттардың түпнұсқасы емес, көшірмелері ғана ұсынылса, жағдайлар белгіленген деп саналмайды. Сонымен қатар АІЖК жобасының 99-бабының 4-тармағына сәйкес құжаттың көшірмесі ғана ұсынылса, сот қажет болған жағдайда түпнұсқасын ұсынуды талап етуге құқылы .
Бұдан басқа барлық құжаттардың түпнұсқасы бола бермейді, электрондық құжат айналымына көшу бірқатар өзгерістер енгізді, мысалы қазіргі уақытта лицензияның түпнұсқасы жоқ, электрондық нұсқасы ғана бар, заңды тұлғаны тіркеу анықтамасы бойынша да осылай. Осыған байланысты, АІЖК жобасының 66-бабының 5-тармағын пысықтауды ұсынамыз.
15. АІЖК жобасының мәтіні бойынша «арнайы ғылыми білім» және «арнайы білім» деген бір мағыналық жүктемеге ие әртүрлі сөз тіркестері қолданылады, осыған байланысты АІЖК-нің бүкіл мәтіні бойынша қолданылатын бірыңғай нысанға келтіруді ұсынамыз.
16. АІЖК жобасының 80-бабының 7-тармағына сәйкес сарапшы қорытынды беруі тиіс мәселелердің түпкілікті ауқымын сот айқындайды. Ұсынылған мәселелердің ауытқуын сот дәлелдеуге міндетті.
Алайда сот қандай нысанда ауызша немесе жазбаша дәлелдеуге міндетті екені түсініксіз? Норманы нақтылауды ұсынамыз.
17. АІЖК жобасының 68-бабының 3-бөлігінде дәлелдерді қамтамасыз ету туралы өтінішті қарау нәтижелері бойынша сот шығарған ұйғарым шағымдануға және қарсылық білдіруге жатпайтындығы көзделді.
Осылайша, судьяның басқа тарапқа дәлелдерді қамтамасыз етуде бас тарта отырып іс бойынша бір тараптың мүдделерін қолдау мүмкіндігін болдырмау мақсатында дәлелдерді қамтамасыз ету туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарымға жеке шағымын немесе жеке наразылығын беру мүмкіндігін көздеуді орынды деп есептейміз.
18. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске сәйкес АІЖК жобасының 81, 82-баптарында «тірі адам» деген сөзді «адам» деген сөзбен ауыстыру жеткілікті, себебі «тірі емес адам» жоғарыда аталған Кодексте «адамның мәйіті» ретінде айқындалған.
19. АІЖК жобасының 97-бабының 2-тармағына сәйкес арнайы тасымалдағышта дәлелдемелерді ұсынатын тұлға қашан, кім, қандай жағдайда және қандай жағдайлар туралы жазбалар жүзеге асырылғанын көрсетуге міндетті. Тұлғаның аталған мәліметтерді хабарламауы сот отырысында мұндай дәлелдемелерді зерттеу мүмкіндігін жояды.
Сонымен қатар, АІЖК жобасының 61-бабына сәйкес арнайы тасымалдағыштағы жазбалар зерттелгеннен кейін сот отырысында олардың түпнұсқалылығы анықталатын болса, арнайы тасымалдағыштағы жазбалар жол берілетін дәлелдер ретінде танылуы мүмкін .
Тиісінше осы нормаларды түзетуді ұсынамыз.
20. «ҚР соттарының азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы заңдарды қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №9 нормативтік қаулысына сәйкес соттар азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқару кезінде сот шығындарымен байланысты мәселелерді шешуі тиіс .
Осылайша, АІЖК жобасының 109-бабының 3-бөлігінде «мүмкін» деген сөзді «тиіс» деген сөзбен ауыстыру қажет.
21. АІЖК жобасының 129-бабының 4-бөлігіне сәйкес сот шақыруы немесе өзге хабарлама егер кері дәлелденбеген болса, жеткізілген болып есептеледі.
Осы норма соттарға тарапты тиісінше хабарлау туралы мәліметтерді тексермей осы тараптың қатысуынсыз істі қарауына мүмкіндік береді, осыған байланысты осы норманы АІЖК жобасынан алып тастау қажет деп есептейміз.
22. АІЖК жобасының 130, 131, 133-баптарында «тұрғын үй-эксплуатациялық ұйымы (пәтер иелері кооперативі)» деген анықтама қолданылады. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамада осы анықтама жоқ. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 2-бабы 1-тармағының 48) тармақшасына сәйкес үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің кооперативі - кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін бірлесіп басқаруы үшін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері құратын коммерциялық емес ұйым. Осыған байланысты АІЖК жобасының 130,131,133-баптарын жоғарыда аталған заңға сәйкес келтіру қажет.
23. АІЖК жобасының 132-бабына сәйкес сотты мекенжайының немесе ұялы байланыс нөмірінің өзгеруі туралы хабарламаған жағдайда соңғы белгілі мекенжайлар мен телефон нөмірлеріне жіберілген хабарлама тиісті болып табылады. Сонымен қатар бапта мекенжайының немесе телефон нөмірлерінің өзгеруі туралы хабарламаудың дәделді себебінің болуы немесе болмауы туралы ескертпе жасау қажет деп болжаймыз.
24. АІЖК жобасының 137-бабы жалпы пысықтауды талап етеді. Бапта АІЖК жобасының 134, 135-баптарында қолданылатын сілтемелер ұсынылған жобада дұрыс емес болып табылады.
25. АІЖК жобасының 167-бабына сәйкес азаматтық істерді сот талқылауына дайындау мерзімі жеті жұмыс күнінен он бес жұмыс күніне дейін ұлғайтылған. Осыған байланысты, алименттерді өндіріп алу туралы, жарақат алумен немесе денсаулығына басқа да зақымданумен келтірілген, сондай-ақ асыраушысынан айырылған жағдай бойынша және еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша зиянның орнын толтыру туралы істі негізсіз сарсаңға салуға жол бермеу мақсатында осы санат үшін қолданыстағы жеті жұмыс күнін қалдыруды ұсынамыз.
26. АІЖК жобасының 185-бабында «заң және іс-жүзіндегі күрделілігі» деген сөздердің мағынасы ашылмаған, осыған байланысты норманы пысықтауды ұсынамыз.
27. АІЖК жобасының 283-бабына сәйкес апелляциялық инстанция сотының сот отырысында хаттама соттың қарауы бойынша жүргізіледі, ал кассациялық және қадағалау инстанцияларының соттарында хаттама жүргізілмейді. АІЖК жобасының 61-бабына сәйкес процессуалдық іс-әрекеттер және сот отырыстарының хаттамалары куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен қатар дәлелдерге жататындығын ескере отырып осы жаңалықтың неден туындағаны түсініксіз.
76-бапқа сәйкес ғылыми-техникалық құралдарды қолдану тиісті процессуалдық іс-әрекеттер хаттамасымен немесе сот отырысының хаттамасымен тіркеледі. Хаттамаға қолжазба мен қолтаңба үлгілерін алу туралы мәліметтер енгізіледі (82.83-бап). 94-бапқа сәйкес тексеріп қарау кезінде заттардың сыртқы түрі, қасиеттері мен жай-күйі жеке процессуалдық іс-әрекет хаттамасында немесе сот отырысы хаттамасында тіркеуге жатады. Бұдан басқа судья сот отырысында сотты құрметтемеуді таныту фактісін белгілесе, АІЖК жобасының 120-бабына сәйкес бұл факті де сот хаттамасында көрсетіледі.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде істі қарау инстанциясынан тәуелсіз хаттамаларды міндетті жүргізуді қайтаруды ұсынамыз.
28. АІЖК жобасының 140-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында «бизнес-сәйкестендіру нөмірі» деген сөзді алып тастауды ұсынамыз, себебі «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабына сәйкес сәйкестендіру нөмірі міндетті реквизиттер ұғымына енгізіледі.
АІЖК жобасының бүкіл мәтіні бойынша осындай ескертулер.
29. АІЖК жобасының 297-бабының 1-бөлігінде жеке немесе заңды тұлға, заңды тұлғаны құрамайтын ұйым оларға құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы белгілі болған күннен бастап үш ай ішінде өтінішпен сотқа жүгінуге құқылы екендігі белгіленеді.
Бұл ретте істердің басқа санаттары бойынша талап қою мерзімдерінің анық сәйкессіздігі байқалады. Мысалы, жарамсыз мәмілелер бойынша талап қою мерзімдері – 1 жыл (ҚР АК 162-бабы), азаматтық істер бойынша талап қоюдың жалпы мерзімі – 3 жыл (ҚР АК 178-бабы), салықтық және кедендік даулар бойынша – 5 жыл (ҚР СК 46-бабы және ҚР КК 132-бабы).
Мемлекеттің мүдделері жағына талап қою мерзімдерінің мұндай сәйкес келмеуі тәжірибеде заңсыз шешім немесе азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын шектейтін іс-әрекеттер қабылдауға жол берген мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың іс жүзінде «жауапкершіліктен жалтаруына» әкеледі.
Сотқа шағымдану мерзімінің тығыз болуына байланысты өтініш беруші көбінде объективті себептер бойынша сотқа беру үшін қажетті құжаттарды жинауға үлгермейді, осыған байланысты шешімдерге немесе мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағымданудың талап қою мерзімін АІЖК жобасының 30-тарауындағы тәртіпте бір жылға дейін ұлғайтуды орынды деп есептейміз (ҚР АК 162-бабына ұқсас – жарамсыз мәмілелер бойынша талап қою мерзімі).
30. АІЖК жобасының 304-бабының 4-бөлігінде заңға тәуелді нормативтік құқықтық акті тұтастай немесе оның жеке бөлігінде заңға сәйкес келмейді және әрекет етпейді деп танылған сот шешімі осы актіні қабылдаған мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға үшін міндетті екені көзделген.
Бұл шешім құқықтары мен бостандықтарына, заңды мүдделеріне дауласқан заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің іс-әрекеті қолданылған тұлғалардың белгіленбеген тобы үшін міндетті.
Алайда АІЖК жобасының 19-бабында заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақыртулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, заңды тұлғаны құрамайтын ұйымдар, лауазымды тұлғалар мен жеке тұлғалар үшін міндетті екені және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындауға жататындығы айқындалған .
Осыған байланысты, АІЖК жобасының 304-бабы 4-бөлігінің 1 және 2-абзацтарын алып тастау қажет деп есептейміз.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде АІЖК жобасы көрсетілген ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып пысықтауды талап етеді.
Бұл ретте, дауларды сотқа дейін реттеу, сондай-ақ кассациялық және қадағалау инстанцияларының соттарында істі қарау кезінде мемлекеттік бажды төлеу жөніндегі институттарды дамыту мәселелері бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аккредиттелген қауымдастықтардан түсуіне орай ескертулер мен ұсыныстарды қосымша жолдайтындығын хабарлайды.
Сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда ҚР қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіпте дәлелді жауап жіберуді сұраймыз.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасының орынбасары З. Ноғайбай
Полная версия

