Близость слов: Окончание:





ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КЕДЕНДІК РЕТТЕУ ТУРАЛЫ
Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы № 123-VI Кодексі
Осы Кодексте бүкіл мәтін бойынша «оралмандарға», «оралмандардың», «оралмандарды» және «оралмандар» деген сөздер тиісінше «қандастарға», «қандастардың», «қандастарды» және «қандастар» деген сөздермен ауыстырылды ҚР 13.05.2020 жылғы № 327-VI Заңына сәйкес (27.12.2019 ж. редакцияны қараңыз)
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырылады - ҚР 19.04.2023 жылғы № 223-VII Заңына сәйкес (өзгерту 31.12.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырылады - ҚР 21.05.2024 жылғы № 86-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 23.11.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 05.09.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Осы Кодекс Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды және Қазақстан Республикасының егемендігі мен экономикалық қауіпсіздігін қорғауға, қазақстандық экономиканың әлемдік экономикалық қатынастар жүйесіндегі байланыстарын жандандыруға және сыртқы экономикалық қызметті ырықтандыруға бағытталған.
1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ КЕДЕНДІК РЕТТЕУ ТУРАЛЫ НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу
1. Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу деп тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізудің, олардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында немесе оның шегінен тыс жерлерде болу және пайдаланылу тәртібі мен шарттарын, тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келуіне, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кетуіне, тауарларды уақытша сақтауға, кедендік декларациялауға және шығаруға байланысты кедендік операцияларды, өзге де кедендік операцияларды жасау тәртібін, кедендік төлемдерді, арнайы, демпингке қарсы баждарды, өтемақы баждарын төлеу және кедендік бақылау жүргізу тәртібін белгілеуді, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында немесе оның шегінен тыс жерлерде кеден органдары мен тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын іске асыратын тұлғалар арасындағы билік қатынастарын регламенттеуді қамтитын айрықша юрисдикцияға Қазақстан Республикасы ие болатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының бір бөлігінде (Қазақстан Республикасының аумағында) қатынастарды реттеу танылады.
2. Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу кезінде тұлғалардың тең құқықтылығы, кедендік операцияларды жасаудың анықтығы, айқындығы және дәйектілігі, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын, кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттар мен актілерді әзірлеу мен қолданудағы жариялылық қағидаттарына және оларды халықаралық құқық нормаларымен үйлестіруге, сондай-ақ кедендік бақылаудың заманауи әдістерін қолдануға және кеден органдарының қызметінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды барынша пайдалануға негізделеді.
3. Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартын қоса алғанда, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарына, Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші тараппен халықаралық шарттарына және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығын құрайтын актілерге (бұдан әрі – Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасы) сәйкес, сондай-ақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі – Одақ туралы шарт) сәйкес жүзеге асырылады.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында реттелмеген кедендік құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында реттеледі.
5. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған кедендік реттеу саласы кеден ісінің аясы болып табылады.
2-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Кеден саясаты саласындағы уәкілетті орган Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
1) Қазақстан Республикасында кеден саясатын қалыптастыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдауды жүзеге асырады;
2) осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде әзірлейді және бекітеді;
3) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
1) осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде әзірлейді және бекітеді;
2) Қазақстан Республикасының кеден органдарына басшылықты жүзеге асырады;
3) өзінің құрамына кіретін ведомствоның өкілеттіктерін айқындайды;
Полная версия
ИС BestProfi