«Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 101-2-бабына және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 49 Қаулысы
Редакция 11.10.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1. Қоса беріліп отырған Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б. Сағынтаев
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 ақпандағы № 49 қаулысымен бекітілген
Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әскери қызметшілерді қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Тұрғын үй қатынастары туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 101-2-бабына және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 55-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілерін (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерін, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) және олардың отбасы мүшелерін Заңның 101-10-бабында айқындалған әскери қызметшілердің әскери қызмет өткеруі кезеңінде қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз ету, тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу, оларды тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, тоқтата тұру және қайта бастау тәртібін айқындайды.
1-тармақ жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 01.09.2020 жылғы № 548 Қаулысына сәйкес (29.04.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 14.09.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ағымдағы тұрғын үй төлемдері – тұрғынжайға мұқтаж деп танылған әскери қызметшілерге тұрғынжайға мұқтаж деп тану туралы баянат тіркелген күннен бастап, сондай-ақ Заңның101-2-бабының 7 және 10-тармақтарында көзделген жағдайларда ай сайынғы негізде жүзеге асырылатын және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша есептелетін төлемдер;
1-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 01.09.2020 жылғы № 548 Қаулысына сәйкес (29.04.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 14.09.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2) әскери қызметшіге тұрғын үй төлемін тағайындау үшін оны тұрғынжайға мұқтаж деп тану күні – баянат тіркелген күн, осы күннен бастап тұрғын үй төлемін тағайындау үшін әскери қызметші тұрғынжайға мұқтаж деп танылады, оны осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес әскери қызметші ұсынған құжаттар негізінде мемлекеттік мекеменің тұрғын үй комиссиясы, ал Қарулы Күштерде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің аудандық пайдалану бөлімдері айқындайды;
2-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 27.09.2024 жылғы № 800 Қаулысына сәйкес (01.09.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 11.10.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3) біржолғы тұрғын үй төлемдері – Заңның 101-2-бабының 5 және 6-тармақтарында, сондай-ақ 101-9-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда жүзеге асырылатын және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша есептелетін біржолғы сипаттағы төлемдер;
4) жауапты құрылымдық бөлімше – тұрғынжайға мұқтаж әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін және қызметтік тұрғын үй қорын есепке алу жөніндегі функциялар, сондай-ақ тұрғын үй қатынастары бойынша басқа да мәселелер жүктелген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының немесе мемлекеттік мекеменің құрылымдық бөлімшесі;
5) жеке арнайы шот – тұрғын үй төлемдерін алушылар тұрғын үй төлемдерін аудару және Заңның 101-5-бабында көзделген мақсаттарға төлемдерді жүзеге асыру үшін өз таңдауы бойынша екінші деңгейдегі банкте (бұдан әрі – банк) ашатын ағымдағы банк шоты;
5-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 01.09.2020 жылғы № 548 Қаулысына сәйкес (29.04.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 14.09.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
6) мемлекеттік мекемелер – әскери қызметшілері тұрғын үй төлемдерін алушылар болып табылатын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының республикалық мемлекеттік мекемелері;
7) мемлекеттік мекеменің тұрғын үй комиссиясы – әскери қызметшілерді тұрғынжайға мұқтаж деп тану, тұрғын үй төлемін тағайындау мәселелерін және тұрғын үй қатынастары бойынша басқа да мәселелерді қарау үшін мемлекеттік мекеме басшысының шешімімен құрылатын комиссия. Қарулы Күштерде қызметтік тұрғынжайды бөлу, сондай-ақ жекешелендіру мәселелерін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі айқындаған тәртіппен құрылатын тұрғын үй комиссиялары, тұрғын үй төлемін тағайындауды – мемлекеттік мекемелер қарайды;
7-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР Үкіметінің 27.09.2024 жылғы № 800 Қаулысына сәйкес (01.09.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 11.10.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
8) тұрғын үй төлемдері – бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй төлемдерін алушыларға қызметтік тұрғынжай берудің орнына, сондай-ақ Заңның 13-1-тарауында көзделген жағдайларда арнайы ақшалай қамтамасыз ету түрінде төленетін, өңірлер және отбасы құрамы бойынша сараланған ақша. Тұрғын үй төлемдері ағымдағы және біржолғы төлемдерден тұрады;
Полная версия