Близость слов: Окончание:





Внимание! Документ утратил силу с 11.11.2023
«Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 тамыздағы № 891 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 746 қаулысы
Осы Қаулы 2023 жылғы 11 қарашадан бастап күшін жойды ҚР Үкіметінің 27.10.2023 жылғы № 950 Қаулысына сәйкес 
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 тамыздағы № 891 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
«Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 3-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:»;
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу қағидаларында:
«9) ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға МҒТС жүргізу үшін тартылатын қазақстандық сарапшы – Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, тиісті біліктілігі, ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі, мамандығы бойынша кемінде 5 (бес) жыл жұмыс өтілі бар және соңғы 5 (бес) жылда Web of Science халықаралық дерекқорының алғашқы үш квартиліне кіретін журналдарда кемінде 2 (екі) ғылыми мақаласы және (немесе) шолуы және Web of Science және (немесе) Scopus халықаралық дерекқорына сәйкес соңғы 5 (бес) жылда кемінде 3 (үш) Хирш индексі бар жеке тұлға.
Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласында маманданған адамдарда соңғы 5 (бес) жылда Web of Science дерекқорының Science Citation Index Expanded, Social Science Citation Index, Arts and Humanities Citation Index, Russian Science Citation Index және (немесе) Emerging Sources Citation Index индекстелетін және (немесе) Scopus дерекқорында СiteScore бойынша тағайындалу сәтінде кемінде 35 (отыз бес) процентилі бар журналда кемінде 1 (бір) мақаласы немесе шолуы не білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган ұсынған басылымдарда кемінде 10 (он) мақаласы және (немесе) шолуы болуға тиіс. Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласында маманданған адамдарда соңғы 5 (бес) жылда кемінде 3 (үш) Хирш индексінің болуы жөніндегі талап қолданылмайды.
Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласында маманданған, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын жобалармен жұмыс істеу үшін тиісті рұқсаты бар адамдарға жарияланымдардың және Хирш индексінің болуы жөніндегі талаптар қолданылмайды.
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет туралы қорытынды (аралық) есептерге МҒТС жүргізуге тартылатын қазақстандық сарапшылар соңғы 5 (бес) жылда Web of Science дерекқорының Science Citation Index Expanded, Social Science Citation Index, Arts and Humanities Citation Index, Russian Science Citation Index және (немесе) Emerging Sources Citation Index индекстелетін және (немесе) Scopus дерекқорында СiteScore бойынша тағайындалу сәтінде кемінде 25 (жиырма бес) процентилі бар журналда кемінде 1 (бір) мақаласы немесе шолуы болуға тиіс. Бұл сарапшыларға Хирш индексінің болуы жөніндегі талап қолданылмайды;»;
мынадай мазмұндағы 11-1) тармақшамен толықтырылсын:
«11-1) іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдар – уәкілетті орган бекіткен археология, астрономия, астрофизика, атом энергиясы, шығыстану, өнер, тарих, мәдениет, әдебиет, математика және механика, білім, саясаттану, дінтану, әлеуметтану, философия, этнология, тіл білімі саласындағы іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың тізбесіне енгізілген, мемлекеттік ғылыми ұйымдар және мемлекет жүз пайыз қатысатын ғылыми ұйымдар.»;
«12) жеке тіркеу нөмірі (бұдан әрі – ЖТН) – гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға өтінім берушіге ұйымдастырушы беретін МҒТС объектісінің, ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларының, бюджет қаражаты есебінен іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың жобаларының жеке тіркеу нөмірі;»;
«18) тапсырыс беруші – Ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылған нысаналы ғылыми, ғылыми-техникалық бағдарламаларды, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, сондай-ақ ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын; іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың жобаларын қаржыландыру туралы гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсына берілген ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларына МҒТС жүргізуді және сараптама жүргізуді ұйымдастыру үшін ұйымдастырушымен өтеулі шарт жасасқан ғылым саласындағы уәкілетті орган;»;
«21) шекті балл – іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыруға берілген өтінімдерді қоспағанда, ғылыми зерттеулерді гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі өтінімдер үшін кемінде 25 балды және ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ғылымның басым бағыты бойынша өтінімдер үшін кемінде 21 балды құрайтын МҒТС балы;»;
«3. МҒТС ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын, сондай-ақ іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға арналған өтінімдерді талдамалық бағалауды дайындау мақсатында сарапшылар қорытындыларының тәуелсіздігі, объективтілігі, құзыреттілігі, кешенділігі, дәйектілігі, толықтығы және негізділігі қағидаттары бойынша жүзеге асырылады.»;
4-тармақтағы «ҒҒТҚН коммерцияландыру жобалары МҒТС объектілері болып табылады.» деген сөздер «ҒҒТҚН коммерцияландыру жобалары;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға арналған өтінімдер МҒТС объектілері болып табылады.»;
«5. Тапсырыс берушінің өтініші бойынша ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға арналған өтінімдерге МҒТС жүргізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды ұйымдастырушы жүзеге асырады.
6-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың, ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларының, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға жататын іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға арналған өтінімдердің МҒТС-ны негізгі міндеттері:»;
«8. Тапсырыс беруші ұйымдастырушыға заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес бюджет қаражаты есебінен гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға, сондай-ақ іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыруға ұсынылған МҒТС объектілеріне МҒТС жүргізуге арналған өтінімдерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 мамырдағы № 575 қаулысымен бекітілген Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет пен ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыру қағидаларына сәйкес нысан бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау мерзімі өткеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жолдайды. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ұсынылған МҒТС объектілері үшін де тапсырыс беруші жүргізілетін ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін мониторингтеу сұрақтары мен индикаторларын көрсете отырып, қосымша бағалау өлшемшарттарының тізбесін ұсынады.»;
9-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыруға арналған өтінімдерді қоспағанда, тапсырыс берушіден өтінімдер келіп түскен күннен бастап ұйымдастырушы осы Қағидалардың мынадай талаптарының сақталуын тексереді:»;
12-тармақтың 3) тармақшасында бірінші және екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:
«конкурс шеңберінде ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға, сондай-ақ іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыруға арналған өтінімдерге МҒТС жүргізу үшін екі шетелдік сарапшы мен бір қазақстандық сарапшы (МҒТС объектісін зерттеу саласында осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін қазақстандық сарапшылар дәлелді себеппен болмаған жағдайда үшінші шетелдік сарапшы тартылады);
гранттық қаржыландыру бойынша жобалардың және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша бағдарламалардың, сондай-ақ іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдар жобаларының қорытынды (аралық) есептеріне МҒТС жүргізу үшін қазақстандық үш сарапшыны не комиссиялық (кешенді) сараптама арқылы (есептерді зерттеу саласында осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келетін қазақстандық бір, не екі, не үш сарапшы дәлелді себеппен болмаған жағдайда тиісінше шетелдік бір не екі, не үш сарапшы тартылады);»;
төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«мемлекеттік құпияларды, таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты құрайтын мәліметтерді қамтитын ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізуге конкурстық рәсімдерден тыс бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі бағдарламаларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, МҒТС жүргізу үшін қазақстандық үш сарапшыны не комиссияның және (немесе) кешенді сараптама жолымен;»;
13-тармақ мынадай мазмұндағы сегізінші бөлікпен толтырылсын:
«Гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсына берілген конкурстық өтінімдер бойынша МҒТС жүргізу кезінде әрбір жоба бойынша сарапшыларды іріктеу және тағайындау кездейсоқ таңдау әдісімен автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүргізіледі.»;
мынадай мазмұндағы 14-1-тармақпен толықтырылсын:
«14-1. Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыруға арналған өтінімдерге МҒТС ұйымдастыру және жүргізу мерзімдері мынадай кезеңдерді қамтиды:
1) МҒТС жүргізу, оның ішінде сарапшыларды іріктеу және олармен МҒТС жүргізу бойынша қызметтер көрсету туралы шарттар жасасу – сарапшымен шарт жасалған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайды;
2) сұратылатын қаржыландыру көлемінің негізділігін бағалау – МҒТС аяқталғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күнінен аспайды.
Ұйымдастырушы әрбір кезеңнің аяқталғаны туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында ол аяқталғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде жариялайды.»;
16-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«16. Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың жобаларын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы қорытынды (аралық) есептер бойынша МҒТС ұйымдастыру және жүргізу мерзімдері мынадай кезеңдерді қамтиды:»;
«МҒТС объектісі бойынша сарапшының қорытындысы МҒТС объектісіне, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың жобаларына байланысты осы Қағидаларға 3, 4, 5, 5-1, 6, 7 немесе 8-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша жасалады.»;
18-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
«18. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға ұсынылған МҒТС объектілерінің, тапсырыс берушінің өтініші бойынша мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдар өтінімдерінің МҒТС нәтижесі МҒТС қорытындысы болып табылады.
Ұйымдастырушы мәлімделген қаржыландыру сомаларын көрсете отырып, МҒТС нәтижесінің негізінде гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсына ұсынылған өтінімдердің, сондай-ақ ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру туралы іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың өтінімдерінің сараланған тізімін еркін нысанда жасайды.»;
«21. Ұйымдастырушы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы қорытынды (аралық) есептер бойынша МҒТС қорытындысын, сондай-ақ іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың тізбесіне енгізілген, мемлекет жүз пайыз қатысатын мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен ғылыми ұйымдардың есептерін тиісті ҰҒК-ге жолдайды.
Ұйымдастырушы гранттық қаржыландыру шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы қорытынды есептер бойынша МҒТС қорытындысын тиісті ҰҒК-ге жолдайды.
Гранттық қаржыландыру шеңберінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет туралы аралық есепті ғылыми, ғылыми-техникалық жобалардың іске асырылуы мен нәтижелілігін мониторингтеу түрінде ұйымдастырушы жүргізеді, оның нәтижелері тиісті ҰҒК-ге жолданады.
22. Ұйымдастырушы өзінің интернет-ресурсында:
1) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурс, сондай-ақ іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың өтінімдері шеңберінде МҒТС өткеннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде көрсетілген конкурс шеңберінде МҒТС шекті балынан төмен балл алған МҒТС объектілері бойынша ЖТН-ды, МҒТС қорытындысы негізіндегі қорытынды балдарды;
2) мемлекеттік құпияларды және таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты құрайтын мәліметтерді қамтитын объектілерге МҒТС жүргізу үшін тартылған қазақстандық сарапшыларға қатысты ақпаратты қоспағанда, жыл сайын жылдың соңында ұйымдар мен елдер бойынша орташа Хирш индексін көрсете отырып, қазақстандық және шетелдік сарапшыларды тарту туралы жалпы талдаманы;
3) МҒТС аяқталғаннан кейін ұйымдастырушының интернет-ресурсы арқылы ғылыми жетекшіге және өтінім берушіге жолданатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдардың жобалары бойынша МҒТС жүргізуге тартылған сарапшылардың Хирш индекстерін жариялайды.»;
«1) ғылыми этиканы, биоэтика нормаларын бұзу фактілеріне ден қояды, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөнінде шаралар қабылдайды;»;
көрсетілген Қағидалар осы қаулыға қосымшаға сәйкес 5-1-қосымшамен толықтырылсын;
көрсетілген Қағидаларға 2-қосымшадағы тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға өтінімдер іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ұйымдар тізбесіне енгізілген мемлекеттік ғылыми ұйымдардың және мемлекет жүз пайыз қатысатын ғылыми ұйымдардың өтінімдері шеңберінде сұратылатын соманың негізділігін бағалау бойынша сарапшының қорытындысы»;
көрсетілген Қағидаларға 5-қосымшадағы тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған конкурстық рәсімдерден тыс бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі өтінімге сарапшының қорытындысы»;
көрсетілген Қағидаларға 6-қосымшадағы тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«Ғылыми зерттеулерді бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі аралық есеп және іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ұйымдар тізбесіне енгізілген мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен мемлекет жүз пайыз қатысатын ғылыми ұйымдардың жыл сайынғы есебі бойынша сарапшының қорытындысы»;
көрсетілген Қағидаларға 7-қосымшадағы тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«Ғылыми зерттеулерді гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберіндегі қорытынды есеп, іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ұйымдар тізбесіне енгізілген мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен мемлекет жүз пайыз қатысатын ғылыми ұйымдардың қорытынды есебі бойынша сарапшының қорытындысы».
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә. Смайылов
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 746
 қаулысына
қосымша
Мемлекеттік ғылыми-техникалық
сараптаманы ұйымдастыру
және жүргізу қағидаларына
5-1-қосымша
Іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыруға арналған өтінім бойынша сараптамалық қорытынды
 _____________________________________ (ЖТН және МҒТС объектісінің атауы)  

Р/с

Бағалау өлшемшарты ның атауы

Сарапшының бағалауы

Көрсеткіш

Өлшемшарт бойынша балл

1

2

3

4

5

1.

Зерттеудің жаңашалығы мен өзектілігі


 

Зерттеулердің өзектілігі (200 сөзден аспауы керек)

Ғылыми сұрақтар, гипотезалар, идеялар және күтілетін зерттеу нәтижелері қаншалықты орынды болып табылады? Бағдарлама шеңберінде зерттелетін ғылыми және (немесе) әдіснамалық проблемалық салалар қаншалықты жаңа?

Зерттеу жоспары шеңберінде өтініш беруші қолданатын тәсілдер мен әдістер қаншалықты өзекті? Жоспарланатын зерттеулердің өзектілігі өтінімде қаншалықты негізделген? Өтінім авторлары сілтеме жасаған әдебиет қаншалықты сенімді және өзекті?

(0-ден 3-ға дейін)


 

Ғылымның дамуы үшін зерттеулердің маңызы (300 сөзден аспауы керек)

Зерттеулер қаншалықты маңызды ғылыми мәселелерді шешеді?

Зерттеулер барысында жауабын табу жоспарланған ғылыми сұрақтар қаншалықты күрделі?

Зерттеулер мәселелерінің, гипотезалары мен идеяларының перспективасы қандай?

Зерттеулер ғылымның дамуына серпіліс бере ала ма?

Зерттеулер нәтижелерін жариялау үшін таңдалған журналдардың деңгейі қаншалықты жоғары?

Өтінім беруші жариялауға жоспарлаған мақалалар мен шолулар саны қаншалықты негізделген (журналдардың деңгейін ескере отырып)?

(0-ден 6-ға дейін)

2.

Зерттеу жоспарының сапасы мен іске асырылуы


 

Зерттеу жоспарының сапасы (150 сөзден аспауы керек)

Зерттеу барысында шешілетін проблемалар қаншалықты негізделген?

Зерттеу жоспарының мақсаттары, сұрақтары, гипотезалары мен болжамдары қаншалықты айқын тұжырымдалған?

Гипотезалар (болжамдар) ғылыми және шынайы болып табыла ма?

(0-ден 3-ке дейін)


 

Зерттеулер әдіснамасының сапасы (250 сөзден аспауы керек)

Зерттеулерде қолданылатын әдістер қаншалықты негізделген?

Қолданылатын әдістер мен тәсілдер қойылған мақсаттарға, міндеттерге, гипотезаларға және күтілетін нәтижелерге қаншалықты сәйкес келеді?

Өтінім берушінің бастапқы деректерді және олардың көздерін жинау тәсілдері қаншалықты сенімді?

Өтінім беруші зерттеу мәселелері мен деректерді жинау әдістері арасындағы үйлесімді көрсете алады ма?

Алынған деректерді кейінгі статистикалық өңдеу үшін эксперименттер қаншалықты дұрыс жоспарланған?

Өтінім беруші плагиаттың, деректерді бұрмалау мен қолдан жасаудың, жалған тең авторлық пен нәтижелерді иемденудің алдын алуға қатысты мәселелерді қаншалықты тиімді шешеді? Өтінім беруші жануарлар мен адамдарға эксперименттік зерттеулерге қатысты этикалық мәселелерді қаншалықты пысықтаған? Өтінім беруші тиісті нормаларды қаншалықты ұстанады? Сарапшының зерттеулерге ұсынылатын әдістер мен тәсілдердің сапасына және олардың мақсатқа, міндеттер мен күтілетін нәтижелерге сәйкестігі туралы, сапасы мен жалпы зерттеу жоспарына қатысты басқа да түсініктемелері.

(0-ден 3-ке дейін)


 

Нәтижелерге қол жеткізу (250 сөзден аспауы керек)

Күтілетін нәтижелерге зерттеулер шеңберінде қол жеткізу ықтималдығы қаншалықты жоғары? Зерттеулер нәтижелерінің өтінімде көрсетілген журналдарда жариялау үшін қабылдануы қаншалықты ықтимал?

Зерттеулерді сәтті аяқтау үшін қандай тәуекелдер бар? Олардың дәрежесі қандай және өтінім беруші тәуекелдерге ден қою мәселелерін қаншалықты пысықтаған? Зерттеулер жүргізудің балама гипотезалары, жолдары мен тәсілдері бар ма? Өтінім беруші ұсынатын зерттеу жоспарының балама нұсқалармен салыстырғанда қаншалықты артықшылығы бар?

(0-ден 3-ке дейін)

3.

Күтілетін нәтижелер және олардың маңыздылығы


 

Зерттеулердің нәтижелілігі мен тиімділігі (250 сөзден аспауы керек)

Зерттеулердің күтілетін нәтижелері сұратылған қаржыландыру көлемімен қаншалықты мөлшерлес?

Күтілетін нәтижелерге қол жеткізу үшін қаражат қаншалықты тиімді жұмсалады?

Зерттеулердің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру үшін қандай шаралар қабылданады?

(0-ден 3-ке дейін)


 

Күтілетін нәтижелердің маңыздылығы және қолдануға жарамдылығы (300 сөзден аспауы керек)

Күтілетін нәтижелердің ғылым мен оның дамуы үшін маңыздылығы қаншалықты айқын және толық тұжырымдалған?

Күтілетін нәтижелердің маңыздылығы туралы өтінім берушінің пікірі қаншалықты сенімді және негізделген?

Зерттеулердің нәтижелері бойынша жарияланған мақалалардың үнемі пайдаланылып, олардан дәйексөз келтірілуі қаншалықты ықтимал?

Жасы 40-қа толмаған жас зерттеушілерді (студенттер, магистранттар, докторанттар, постдокторанттар) дайындауда жоба қандай рөл атқарады? Зерттеулер барысында алынған білімді қаншалықты белсенді, кеңінен және тиімді тарату жоспарлануда?

Күтілетін зерттеулер нәтижелерін пайдаланудың ықтимал жолдары мен мерзімдері қандай?

Олар басқа ғалымдар мен мамандардың қолдануына қаншалықты әзір болады?

Оларды қолдану үшін қандай шектеулер қойылады?

Күтілетін нәтижелер қолда бар аналогтармен салыстырғанда бәсекеге қабілетті болып табыла ма (аналогтар болмаған жағдайда – ұқсас міндеттің қолда бар шешімдерімен салыстырғанда)? Зерттеулерді жүзеге асырудан әлеуметтік, экономикалық, экологиялық немесе басқа да әсердің болуы мүмкін бе?

(0-ден 6-ға дейін)

4.

Зерттеу тобының құзыреттілігі мен ғылыми негізі


 

Зерттеу жетекшісі мен тең жетекшілерінің ғылыми деңгейі мен негізі (250 сөзден аспауы керек)

Зерттеу тобының жетекшісі мен мүшелері рецензияланатын ғылыми журналдарда зерттеулер бағыты бойынша, соның ішінде негізгі автор (корреспонденция авторы немесе бірінші автор) ретінде тұрақты түрде мақалалар жариялай ма?

Ғылыми жетекші мен зерттеу тобының мүшелері өз зерттеулерінің нәтижелерін жариялайтын журналдардың беделі қаншалықты жоғары?

Ғылыми жетекші мен зерттеу тобы мүшелерінің олар бойынша рецензияланатын ғылыми журналдарда мақалалар жарияланған ғылыми жобалар мен бағдарламаларды сәтті басқаруда тәжірибесі бар ма?

Ғылыми жетекші мен зерттеу тобы мүшелерінің өздері жетекшілік ететін зерттеу тақырыптары бойынша мақалалар түріндегі ғылыми негізі бар ма?

(0-ден 3-ке дейін)


 

Зерттеу тобының сапасы (250 сөзден аспауы керек)

Зерттеу тобының құрамы сапа тұрғысынан қаншалықты негізделген?

Зерттеу тобы мүшелерінің әрқайсысының зерттеудегі рөлі қаншалықты айқын негізделген? Белгіленген мақсатқа, міндеттерге, күтілетін нәтижелерге және ұсынылатын зерттеу жоспарына сәйкес зерттеулерді аяқтау үшін олардың үлесі қаншалықты қажет? Зерттеу тобы мүшелерінің біліктілігі мен тәжірибесі олардың рөлі мен позициясына қаншалықты сәйкес келеді?

Зерттеуге қатысушылардың сатып алынатын жабдықтарда жұмыс істеуі үшін жеткілікті біліктілігі бар ма?

Зерттеулерге шетелдік ғалымдар қатысқан жағдайда олардың қатысуы зерттеулер мақсатына, міндеттеріне және күтілетін нәтижелерге қол жеткізудегі рөлі тұрғысынан негізделген бе?

Шетелдік сарапшылардың саласы мен біліктілік деңгейі зерттеу жоспарының қажеттілігіне сәйкес келе ме?

(0-ден 3-ке дейін)


 

Ресурстардың болуы және инфрақұрылымға қолжетімділік (300 сөзден аспауы керек).

Өтінім берушінің қолындағы инфрақұрылым зерттеу жоспарының қажеттіліктеріне қаншалықты сәйкес келеді?

Өтінім берушінің қолындағы зерттеу жабдықтары мен басқа да құралдар ұсынылған зерттеу тәсілдері мен әдістерін қолдануға қаншалықты мүмкіндік береді?

Бөгде ұйымдардың инфрақұрылымын қолдану қаншалықты негізделген?

Зерттеулер аясында жабдықтарды сатып алу олардың мақсаттары, міндеттері мен ауқымы тұрғысынан қаншалықты орынды?

Зерттеулер аясында өтінім беруші сатып алатын материалдар зерттеу жоспарына сәйкес келе ме?

Зерттеулерге қатысушылардың сатып алынатын жабдықтарда жұмыс істеуі үшін жеткілікті біліктілігі бар ма?

Зерттеулерге қатысушылар сатып алынған жабдықтарды, соның ішінде зерттеу аяқталғаннан кейін де тиімді пайдалана ала ма?

Бірлесіп орындаушылардың зерттеулерді іске асыруға қатысуы қаншалықты орынды?

Зерттеу тобының мүшелері тиісті жұмыстарды өз бетімен орындай ала ма?

(0-ден 3-ке дейін)

5.

Зерттеулердің пәнаралығы


 

(100 сөзден аспауы керек)

2 балл – егер зерттеулер кең ғылыми бағыттар арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету тұрғысынан пәнаралық болып табылса, пәнаралық тәсіл өтінімде толық негізделген және зерттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін қажет.

1 балл – егер зерттеулер пәнаралық болып табылса, бірақ өтінімде ұсынылған тәсіл жеткілікті түрде негізделмесе, немесе олардың мақсаттарына толық сай келмесе, немесе пәнаралық тәсіл бір бейінді ғылыми бағыттар арасындағы өзара іс-қимыл бөлігінде болжанса.

0 балл – егер зерттеу пәнаралық болмаса немесе өтінімде ұсынылған тәсіл негізделмесе және зерттеулер мақсаттарына сай келмесе.

Сарапшының пікірін қысқаша негіздеу керек.

Қорытынды балл

Жоғарыда көрсетілген барлық бағалау өлшемшарттары бойынша жалпы баллдардың жиыны

Сұратылатын қаржыландырудың негізділігі

(250 сөзден аспау керек)

Өтінімнің негізгі сандық параметрлеріне сүйене отырып (мысалы, зерттеушілер саны, сатып алынатын материалдар мен жабдықтардың көлемі, іссапарлар саны және т.б.), өтінім беруші сұратып отырған қаржыландыру сомасының (ресурстың ақшалай және/немесе заттай өлшем бірліктерінде) зерттеулердің маңыздылығына және мақсат пен күтілетін нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті қаражаттың іс жүзіндегі көлеміне қаншалықты сәйкес келетінін бағалау. Бұл зерттеулерді анағұрлым қысқа мерзімде орындау мүмкін бе?

Түзетулер қажет болса, зерттеу мақсаттарына қол жеткізуге зиян келтірместен, нақты қандай баптар бойынша және қандай мөлшерде (сандарды) түзету қажет екенін көрсетіңіз.

Басым бағытқа сәйкестігі

(100 сөзден аспауы керек)

Өтінімнің таңдалған салаға, басым бағытқа және өзі берілген мамандандырылған ғылыми бағытқа қаншалықты сәйкес келетінін бағалау, сарапшының пікірін қысқаша негіздеу.

Мықты тұстары

(150 сөзден аспауы керек)

Мәлімделген мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін зерттеудің негізгі артықшылықтары мен сипаттамаларын қысқаша санамалау.

Әлсіз тұстары

(150 сөзден аспауы керек)

Зерттеулердің негізгі кемшіліктерін және олардың күтілетін нәтижелерге қол жеткізуге әсер ету дәрежесін қысқаша санамалау. Зерттеулерді іске асыру үшін аса маңызды және олардың мақсаттарына қол жеткізуді күмән ететін кемшіліктерді бөлек көрсету.

 Сарапшының Т.А.Ә. (бар болса) _______________________ _______________________
Полная версия
ИС BestProfi