Близость слов: Окончание:





2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Армения Республикасының қосылуы туралы шарт (Минск қ., 2014 жылғы 10 қазанда)
ҚР 24.12.2014 жылғы № 265-V 3аңымен ратификацияланды
Редакция 11.04.2017 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен 
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы, бір тараптан, және Армения Республикасы, екінші тараптан,
Тараптар мен олардың халықтарын байланыстырып отырған достық қарым-қатынастарды және олардың өркендеуін қамтамасыз етуге деген талпынысты растай отырып,
әлеуметтік прогресс және халықтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында Тараптардың неғұрлым тығыз интеграциясын дамытуға, экономикаларының жақындай түсуіне жаңа серпін беруге батыл қадам жасай отырып,
еуразиялық интеграциялық процесті дамытуға деген өз мүдделілігін растай отырып,
Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Армения Республикасы басшыларының 2013 жылғы 24 қазандағы Армения Республикасының еуразиялық интеграциялық процеске қатысуы туралы Мәлімдемесін басшылыққа ала отырып,
олардың негізінде Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық базасын қалыптастыру жүзеге асырылған халықаралық шарттар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізі болғандығын назарға ала отырып, Армения Республикасының көрсетілген халықаралық шарттарда көзделген міндеттемелерді орындауға дайын екендігін белгілей отырып, Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістігіне Армения Республикасының қосылуы жөніндегі қажетті іс-шараларды Армения Республикасының орындағанын ескере отырып,
Осы Шарт арқылы Армения Республикасы 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа, сондай-ақ осы Шартқа № 1 қосымшаға сәйкес тізім бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін Кеден одағының және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық базасын қалыптастыру шеңберінде жасалған басқа да шарттарға қосылады және осы Шарт күшіне енген күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болады.
Армения Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа және осы Шартқа № 1 қосымшада көрсетілген халықаралық шарттарға қосылуына байланысты осы Шартқа № 2 қосымшаға сәйкес өзгерістер енгізіледі.
Армения Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың және осы Шартқа № 1 қосымшада көрсетілген басқа да халықаралық шарттардың жекелеген нормаларын қолдануы осы Шартқа № 3 қосымшаға сай талаптарға және өтпелі ережелерге сәйкес және осы Шартқа № 4 қосымшаға сәйкес тізбе бойынша тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифін қолдану жөніндегі уағдаластықтар ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Егер осы Шарт күшіне енгенге дейін Кеден одағының және Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуіне байланысты мәселелер бойынша Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында жасалған және осы Шартқа № 1 қосымшада көрсетілмеген халықаралық шартқа қол қойылатын немесе ол күшіне енетін болса, Армения Республикасы бөлек хаттамаға сәйкес осындай Шарт күшіне енген күні, бірақ осы Шарт күшіне енген күннен кейін осындай халықаралық шартқа қосылу жөніндегі міндеттемені өз мойнына алады.
Осы Шарт күшіне енген күннен бастап осы Шарттың күшіне енген күнінде қолданыста болған Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілері, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесінің (Кеден одағының Жоғары органының)) шешімдері, Еуразиялық экономикалық комиссияның (Кеден одағы комиссиясының) шешімдері осы Шартқа № 3 қосымшада айқындалған ережелер ескеріле отырып, Армения Республикасының аумағында қолданылуға жатады.
Армения Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымындағы мүшелігіне байланысты мәселелерді реттеу жөніндегі ережелер осы Шартқа № 3 қосымшада айқындалған.
Тауарларды және көлік құралдарын, Армения Республикасының аумағын қоса алғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы болып табылмайтын аумақтар арқылы, Армения Республикасының аумағын қоса алғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына өткізу ерекшеліктері осы Шартқа № 5 қосымшаға сәйкес айқындалады.
Полная версия
ИС BestProfi