Осы Заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы № 410-V Заңы
Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР 03.01.2023 № 188-VII Заңына сәйкес (өзгерту 01.01.2027 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) Осы Заңға өзгеріс енгізу қарастырады - ҚР 23.12.2023 жылғы № 50-VIII Заңына сәйкес (өзгерту 01.01.2025 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
Редакция 09.09.2024 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру
Осы Заңда қамтылатын ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:
1) әкімшілік-шаруашылық функциялар – ұйымның балансындағы мүлікті басқаруға және оған билік етуге Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;
1-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 26.11.2019 жылғы № 273-VІ Заңына сәйкес (03.07.2019 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 10.12.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-1) жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам – мемлекеттік функцияларды және мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгіленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы, судья, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік саяси лауазымды не «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын адам;
1-бап 1-1-тармақшамен толықтырылды ҚР 26.11.2019 жылғы № 273-VІ Заңына сәйкес (өзгерту 10.12.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) 1-1-тармақша өзгертілді ҚР 29.12.2021 жылғы № 91-VII Заңымен (08.06.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 10.01.2022 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) 1-1-тармақша өзгертілді ҚР 05.11.2022 № 157- VII ҚРЗ Заңымен (29.12.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 01.01.2023 жылдан бастап)
2) лауазымды адам – тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
2-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 26.11.2019 жылғы № 273-VІ Заңына сәйкес (03.07.2019 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 10.12.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
2-1) мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам – көрсетілген ұйымдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды тұрақты, уақытша не арнаулы өкiлеттiк бойынша орындайтын адам;
2-бап 2-1-тармақшамен толықтырылды ҚР 26.11.2019 жылғы № 273-VІ Заңына сәйкес (өзгерту 10.12.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам – мемлекеттік қызметтегі адам, мәслихат депутаты, мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді мемлекеттік қызметке тағайындалғанына дейін уақытша атқаратын адам, сондай-ақ офицерлер құрамының келісімшарт бойынша әскери қызметшісі әскери лауазымына уақытша тағайындалған немесе оның міндетін уақытша атқаратын адам;
3-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 03.01.2023 № 188-VII Заңына сәйкес (05.11.2022 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 07.03.2023 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
4) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам – жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайланған адам; Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентiнің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергiлiктi өзiн-өзi басқару сайланбалы органының мүшелігіне кандидаттар ретiнде тiркелген азамат; өкілеттігін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын, еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының бюджет қаражатынан жүргізілетін аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс iстейтiн, еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет қаражатынан жүргізілетін қызметшi; мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам, сондай-ақ сатып алуды, оның ішінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілеттік берілген не мемлекеттік бюджеттің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, көрсетілген ұйымдарда дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын адам, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарының қызметшілері, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері; Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері;
4-тармақша өзгертілді ҚР 19.04.2019 жылғы № 249-VІ Заңымен (28.12.2018 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 01.08.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) 4-тармақша өзгертілді ҚР 03.07.2019 жылғы № 262-VІ Заңымен (19.04.2019 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 01.01.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) 4-тармақша өзгертілді ҚР 06.10.2020 жылғы № 365-VI Заңымен (03.07.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 18.10.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі) 4-тармақша өзгертілді ҚР 05.11.2022 № 157- VII ҚРЗ Заңымен (29.12.2021 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту қолданысқа енгізіледі 01.01.2023 жылдан бастап)
5) мүдделер қақтығысы – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың жеке мүдделері мен олардың лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық, мұндай жағдайда аталған адамдардың жеке мүдделері олардың өз лауазымдық міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына алып келуі мүмкін;
5-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 26.11.2019 жылғы № 273-VІ Заңына сәйкес (03.07.2019 ж. редакцияны қараңыз) (өзгерту 10.12.2019 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
6) сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу;
7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар және осы Заңға сәйкес өзге де шаралар;
8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер – осы Заңда белгіленген және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шектеулер;
9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою жөніндегі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру және олардың салдарларын жою жөніндегі қызметі;
10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қалыптастыру мен іске асыруды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында үйлестіруді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган және оның аумақтық бөлімшелері;
10-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 06.04.2016 жылғы № 484-V Заңына сәйкес (22.01.2016 ж. редакцияны қараңыз) (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күн өткен соң қолданысқа енгізілуі тиіс) 08.04.2016 жылы № 66 (28794) „Егемен Қазақстан„ Республикалық газетінде жарияланды 10-тармақша жаңа редакцияда жазылды ҚР 06.10.2020 жылғы № 365-VI Заңына сәйкес (03.07.2020 ж. редакцияны қараңыз)(өзгерту 18.10.2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)
11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық – бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар құқыққа қайшы, кінәлі түрдегі іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік);
12) сыбайлас жемқорлық тәуекелі – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайлардың туындау мүмкіндігі;
Полная версия