Toggle Dropdown
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 13 желтоқсандағы N 208 Кодексі
Редакция 28.11.2014 жылы берілген өзгерістер мен толықтырулармен
1-БӨЛIМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЗАҢДАРЫ
1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары
Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары осы Кодекстен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарынан, сондай-ақ жазаны және сотталғандарға қылмыстық-құқықтық ықпал етудiң өзге де шараларын атқару мен өтеудiң тәртiбiн және жағдайларын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары мен мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың да, өзге адамдардың да жаңа қылмыстар жасауының алдын алу болып табылады.
2. Аталған мақсаттарға сәйкес қылмыстық-атқару заңдарының мiндетi жазаларды өтеудiң тәртiбi мен жағдайларын реттеу, сотталғандарды түзеу құралдарын анықтау, олардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн қорғау, оларға әлеуметтiк бейiмделуге көмек көрсету деп саналады.
3-бап. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңдарының сотталған әскери қызметшiлерге қатысты қолданылуы
1. Сотталған әскери қызметшiлердi жазалау осы Кодекске, өзге де заңдар мен нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi бекiткен сотталған әскери қызметшiлердiң қылмыстық жазаларды өтеу ережелерiне сәйкес атқарылады.
2. Сотталған әскери қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жазасын өтейдi және әскери қызметтен өтедi. Оларға осы баптың 1-тармағында аталған нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген шектеулер қолданылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңдарының кеңiстiк пен уақыт тұрғысында қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында жазасын өтеушi сотталғандарға Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары қолданылады.
2. Сотталғандардың қылмыстық жазаларды атқаруы, сондай-ақ оларға түзеу амалдарын қолдану мен босатылатындарға көмек көрсету жазаның осы түрiн атқару кезiнде қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап. Жазаны атқару негiздемесi
Соттың заңды күшiне енген үкiмi немесе қаулысы, сондай-ақ рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi жазаны атқару негiздемесi болып табылады.
6-бап. Қылмыстық-атқару заңдарының принциптерi
Қылмыстық-атқару заңдары заңдылық, баршаның заң алдындағы теңдiгi, гуманизм, демократизм және жариялылық, жазаларды атқарудың саралануы мен жеке-даралығын, жазаны түзеу ықпалымен бiрiктiрудi қамтамасыз ететiн принциптерге негiзделедi.
7-бап. Сотталғандарды түзеудiң негiзгi құралдары
1. Сотталғанды түзеу - оның бойында құқық ұстанушылық мiнез-құлықты, жеке адамға, қоғамға, еңбекке, адамзат қоғамының нормаларына, ережелерi мен дәстүрлерiне оң көзқарастарды қалыптастыру.
2. Сотталғандарды түзеудiң негiзгi құралдары мыналар: жазаны атқару мен өтеудiң белгiленген тәртiбi (режимi), тәрбие жұмысы, қоғамдық-пайдалы еңбек, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта бiлiм алу, кәсiптiк даярлық пен қоғамдық ықпал ету.
3. Түзеу құралдары жазаның түрiн, жасалған қылмыстың сипатын, қоғамдық қауiптiлiк дәрежесiн, кiнә нысаны мен себептерiн, сотталушының жеке басы мен мiнез-құлқын ескере отырып қолданылады.
7-1-бап. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі пробация
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі пробация – сынақ мерзімі мен пробация бақылауында болған кезеңде әрбір шартты түрде сотталған адамның жаңа қылмыс жасауының алдын алу мақсатымен, олардың жүріс-тұрысын одан әрі түзету үшін қылмыстық-атқару инспекциясының пробация қызметі оларға қатысты жеке әзірлейтін және іске асыратын әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралар кешені.
2-тарау. СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
8-бап. Сотталғандардың құқықтық жағдайының негiздерi
1. Қазақстан Республикасы сотталғандардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн құрметтейдi және қорғайды, олардың түзелуiне қажеттi жағдайларды, әлеуметтiк әдiлеттiлiк кепiлдiгiн, олардың жазаларды атқару кезiнде жеке басының әлеуметтiк, құқықтық және өзге де қорғалуын қамтамасыз етедi.
2. Сотталғандар жазаның нақты түрiн атқарудың тәртiбi мен жағдайларын негiзге ала отырып, Республика Конституциясында, Қылмыстық, Қылмыстық-атқару кодекстерiнде және өзге де заңдарында белгiленген шектеулермен Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары болады және солардың мiндеттерiн атқарады.
3. Сотталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жазаның нақты түрiн атқарудың тәртiбi мен жағдайларын негiзге ала отырып, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жағдайы туралы Конституцияға, халықаралық шарттарға, заңдарға сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясында қылмыстық, қылмыстық-атқару кодекстерiнде және өзге де заңдарында көзделген шектеулерi бар құқықтары болады және олар сондай мiндеттер атқарады.
9-бап. Сотталғандардың негiзгi мiндеттерi
1. Сотталғандар осы Кодекспен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен және үкiммен белгiленген құқықтық шектеулерден туындайтын талаптарды сақтауға мiндеттi.
2. Сотталғандар жазаларды атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiктерiнiң өздерiнiң мiнез-құлқына арнап белгiлеген заңды талаптарын орындауға мiндеттi.
3. Сотталғандардың өздерiне жүктелген мiндеттердi, сондай-ақ жазаларды атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарын орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
10-бап. Сотталғандардың негiзгi құқықтары
1. Сотталғандардың сот тағайындаған жаза түрiн өтеудiң тәртiбi мен жағдайлары, өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерi туралы ақпарат алуға құқығы бар. Ақпаратты жазаны атқарушы мекеме немесе орган бередi.
2. Сотталғандар жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгiне, жазаны атқарушы мекемелер мен органдардан жоғары тұрған басқару органдарына, сотқа, прокуратура органдарына, мемлекеттiк өкiмет органдарына, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ адам құқығы мен бостандығын қорғау жөнiндегi халықаралық ұйымдарға ауызша және жазбаша ұсыныстар, өтiнiштер жасауға және шағымдануға құқылы.
3. Сотталғандар түсiнiктеме беруге және хат алысуға, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында аталғанындай ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн кез келген басқа тiлде ұсыныстар, өтiнiштер жасауға және шағымдануға, қажет болған жағдайларда аудармашының қызметiн пайдалануға құқылы. Сотталғандарға жауап өтiнiш жасаған тiлiнде қайтарылады. Өтiнiш жасаған тiлде жауап қайтаруға мүмкiндiк болмаған жағдайда ол Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлiнде немесе ресми қолданылатын орыс тiлiнде берiледi. Жауапты өтiнiш жасаған тiлге аударуды жазаны атқарушы мекеме немесе орган қамтамасыз етедi.
4. Сотталғандар адвокаттардың, сондай-ақ осындай көмек беруге уәкiлеттi басқа адамдардың заң көмегiн пайдалануға құқылы.
5. Сотталғандардың әлеуметтiк қамтамасыз етiлуге, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зейнетақы алуға құқығы бар.
6. Гауптвахтада ұстауға немесе бас бостандығынан айыруға сотталғандар өздерiнiң денсаулығын сақтау үшiн қажеттi материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитариялық қамсыздандырылу құқығын пайдаланады.
7. Соттың үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдарды қоспағанда, сотталғандардың мемлекеттiк органдарды және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.
8. Жазасын өтеген және сотталуына байланысты атқарып жүрген қызметiнен босатылған адамдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбекке және тұрмыстық жағынан орналасуға, әлеуметтiк көмектiң басқа түрлерiн алуға құқығы бар.
9. Жазасын өтеп жүрген адамдардың қызметкерлер тарапынан сыпайылық көру құқығы бар. Олар қатаң немесе адамшылық қасиетiн қорлайтындай қарауға ұшыратылмауға тиiс. Сотталғандарға мәжбүрлеу шараларын заң негiзiнен өзгеше қолдануға болмайды.
10. Бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдiктердiң өз мемлекеттерiнiң дипломатиялық өкiлдерiмен және консулдық мекемелерiмен, ал Қазақстан Республикасында дипломатиялық және консулдық мекемелерi жоқ елдердiң азаматтарының - олардың мүдделерiн қорғауды өз мойнына алған мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiмен немесе оларды қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдармен байланыс жасауға құқығы бар.
11. Сотталғандардың құқықтарын iске асыру тәртiбi осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен, Қазақстан Республикасы бекiткен мемлекетаралық шарттармен белгiленедi.
11-бап. Сотталғандардың жеке басының қауiпсiздiгiне құқығы
1. Сотталғандардың және басқа адамдардың тарапынан сотталушының жеке басына қарсы қылмыс жасау қаупi туындаған кезде ол абақтыда ұстау, бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаны атқарушы мекеменiң кез келген лауазымды адамына өзiн мұндай қатер жоқ қауiпсiз орынға ауыстыру туралы өтiнiш жасауға құқылы. Бұл жағдайда лауазымды адам сотталушыны қауiпсiз орынға ауыстыру жөнiнде дереу шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Мекеменiң бастығы сотталушыны қауiпсiз орынға ауыстыру туралы шешiм, сотталушының жеке басына қарсы қылмыстың жасалу мүмкiндiгiн болғызбайтын өзге де шаралар қолданады, оның жазасын одан әрi өтеу орны туралы мәселенi шешедi.