Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 988 қаулысы
Осы Қаулы күшін жойды ҚР Үкіметінің 12.10.2021 жылғы № 726 Қаулысына сәйкес
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Орталық, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар (келісу бойынша) Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.
3. Жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар және өзге де ұйымдар (келісу бойынша) "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына сәйкес ақпарат берсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлiгiне жүктелсiн.
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Мамин
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы желтоқсандағы № 988 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ
1-бөлім. Бағдарламаның паспорты
Бағдарламаның атауы |
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) |
Әзірлеу үшін негіздеме |
"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы; |
Бағдарламаны әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган |
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі |
Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар |
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі; |
Бағдарламаның мақсаты |
1. Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту. |
Міндеттері |
1. Педагог кәсібінің жоғары мәртебесін қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жаңғырту. |
Іске асыру мерзімдері |
2020 – 2025 жылдар |
Нысаналы индикаторлар |
1. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 85,3 %, 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 % қамту. |
|
Бағдарламаны іске асыру үшін 2020 – 2025 жылдары 11 578 млрд. теңге (республикалық бюджет (бұдан әрі – РБ) – 9 565 млрд. теңге, (жергілікті бюджет (бұдан әрі – ЖБ) – 716 млрд. теңге, Дүниежүзілік банк (бұдан әрі – ДБ) – 13 млрд. теңге, жеке инвестициялар – 1 284 млрд. теңге) мөлшерінде бюджет қаражаты жұмсалатын болады, оның ішінде: |
Бағдарламаны қаржыландыру көлемі тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық және жергілікті бюджеттерді бекіту кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігінің, мемлекеттік жекешелік әріптестіктің мүмкіндігіне қарай және басқа да балама көздерді тарта отырып нақтыланатын болады.
2-бөлім. Кіріспе
Қазақстанда білім беруді және ғылымды дамыту бойынша жүйелі шаралар кешені іске асырылуда. 2015 жылы республика өзіне Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсаттарына, оның ішінде бәрін қамтитын және әділ сапалы білім беруді және баршаға арналған өмір бойы оқу мүмкіндігін ынталандыруды қамтамасыз етуді көздейтін 4-мақсатына қол жеткізу бойынша міндеттемелерді қабылдады. Оған қол жеткізу үшін әлемдегі білім беруді дамытудың негізгі бағыттары айқындалды: мектепалды даярлықты қамтамасыз ету, 12 жылдық мектеп білімінің моделі, оқушылардың бойында 21 ғасыр дағдыларын дамыту, арзан және сапалы ТжКБ мен жоғары білімге тең қол жеткізу. Аталған бағыттар қазақстандық білім беру жүйесі үшін де басым болып табылады.
2017 жылы Қазақстан ЭЫДҰ-ның екі бейінді комитеті – Білім беру саясаты комитеті мен Ғылыми және технологиялық саясат комитетінің қатысушысы болды, бұл қазақстандық білім жүйесі жетістіктерінің халықаралық танылғанын куәландырады.
Алайда отандық білім және ғылым жүйесінде шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелер бар. Қазақстан халқының сауаттылық және құзыреттілік деңгейін бағалау әлемнің көптеген елдерінен елеулі артта қалғанын куәландырады. ЭЫДҰ-ның ересектердің (16-65 жас) құзыреттілігін халықаралық бағалау бағдарламасының (PIAAC) нәтижелері бойынша Қазақстан оқу бойынша 34-орынды, математикалық сауаттылықтан (39 елдің ішінен) 33-орынды және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласындағы сауаттылық бойынша (36 елдің ішінен) 32-орынды иеленді. Қазақстанның нәтижелері ЭЫДҰ-ға қатысушы елдердің және Ресей Федерациясының орташа көрсеткішінен (оқу бойынша 9-орын және математикалық сауаттылық бойынша 15-орын) әлдеқайда төмен. Білім және ғылым жүйесіндегі бұл жағдай өзгермейтін болса, таяу перспективада ұлттық адами капитал одан әрі нашарлап, кәсіби кадрлардың азаюы және еліміздің экономикалық әлеуетінің төмендеуі орын алады.
Үздік отандық және әлемдік практикаларға сәйкес білім және ғылым жүйесін одан әрі дамыту жөнінде шұғыл шаралар қажет. Мысалы, ЭЫДҰ-ға мүше елдер мен әріптестердің саясатына жасалған шолуға (Education Policy Outlook 2018) сәйкес білім берудегі мемлекеттік саясаттың басты назары алты салада шоғырланады: (1) теңдік және сапа, (2) білім алушыларды болашаққа дайындау, (3) білім беру ұйымдарын жақсарту, (4) бағалау жүйесі, (5) басқару және (6) қаржыландыру. Бұл ретте елдер ағымдағы даму деңгейіне және қолда бар мүмкіндіктерге байланысты өздерінің күш-жігерін аса маңызды міндеттерді шешуге бағыттайды. Көрсетілген салалар шеңберінде көптеген елдер мынадай басымдықтарды белгілейді:
отбасының әлеуметтік-экономикалық мәртебесіне қарамастан білім алушылардың мүмкіндіктерін теңестіру;
түлектер дағдыларының экономика талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету;