Близость слов: Окончание:





Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес провизиялар (резервтер) құру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі № 61 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 қыркүйекте № 36994 болып тіркелді
Қазақстан Республикасының Салық кодексі 323-бабының 1 және 3-тармақтарына және «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес провизиялар (резервтер) құру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы  М. Абылкасымова
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау
және реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросы
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын
реттеу және дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2025 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 61 қаулысына 1-қосымша
Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес провизиялар (резервтер) құру қағидалары
1. Осы Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес провизиялар (резервтер) құру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Салық кодексі 323-бабының 1 және 3-тармақтарына, «Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және банктер (ұлттық даму институты болып табылатын, акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі банкті қоспағанда), Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктерінің филиалдары және банктік қарыз операцияларын жүргізуге арналған лицензияның негізінде банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі – қаржы ұйымдары) үшін халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес провизиялар (резервтер) құру тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ақшаны толық алмау – қарыз шартына сәйкес қаржы ұйымына тиесілі ақша ағындары және қаржы ұйымы алуды күтіп отырған ақша ағындары арасындағы айырма;
2) берешек – қарыз алушы өтемеген, қарыз шартының талаптарына сәйкес негізгі борыш, есептелген сыйақы және (немесе) өзге төлемдер түріндегі талаптың сомасы;
3) біртекті қаржы активтері – кредиттік тәуекелдің сипаттамаларына ұқсас сипаттамалары бар қаржы активтерінің тобы;
Полная версия
ИС BestProfi