Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1117 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәселелері туралы ережесінің 16-тармағының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Внимание! Документ утратил силу с 26.03.2023
Қазақстан Республикасының халқына мейіргелік күтім ұйымдастыру стандартын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2014 жылғы 20 мамырдағы № 269 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 20 маусымда № 9532 тіркелді
Осы Бұйрық 2023 жылғы 26 наурыздан бастап күшін жойды ҚР Денсаулық сақтау министрінің 09.03.2023 жылғы №36 Бұйрығына сәйкес
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халқына мейіргерлік күтім ұйымдастыру стандарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (А.Ғ. Төлеғалиева):
1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаменті (Ж.Ж. Данаева) осы бұйрық мемлекеттік тіркегеннен кейін оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамсыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын өзім бақылаймын.
5. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министрдің міндетін атқарушы Е. Байжүнісов
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2014 жылғы 20 мамырдағы № 269 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасының халқына мейіргерлік күтімді ұйымдастыру стандарты
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының халқына мейіргерлік күтімді ұйымдастыру стандарты (бұдан әрі - Стандарт) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1117 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Осы Стандарт медициналық ұйымдардың меншік нысанына қарамастан мейіргерлік күтімді ұйымдастыру тәртібін белгілейді.
3. Мейрігерлік күтімді ұйымдастырудың негізгі мақсаты пациенттің бекітілген жері бойынша медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының медициналық қорытындысымен расталған ауыр, ушығатын аурулары бар пациенттердің өмір сүру сапасы мен жалпы жай-күйін жақсартуға бағытталған іс-шараларды көрсету болып табылады.
4. Осы Стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) Емдеуге жатқызу бюросы порталы (бұдан әрі - Портал) - пациенттерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде стационарға жоспарлы емдеуге жатқызуға жолдамаларды электрондық тіркеудің, есепке алудың, өңдеу мен сақтаудың бірыңғай жүйесі;
2) мейіргерлік күтім - денсаулық сақтау ұйымы берген медициналық қорытындымен расталған ауыр сырқаттары бар адамдарға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету мен тұрмыстық күтіп қарау бойынша медициналық және әлеуметтік қызметтің жолдамасы;
3) мейіргерлік күтім ауруханасы (бөлімшесі) (бұдан әрі - МКА) - бұл, дәрігердің қатысуысыз тұрақты бөгде күтімді қажет ететін еиделмейтін патологиясы бар пациенттерге стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы;
4) мейіргерлік күтім бөлімшесі (палатасы) - бұл, созылмалы үдемелі аурудан зардап шегетін, білікті мейіргерлік күтімді қажет ететін пациенттерге білікті мейрігелік күтімді жүргізуге арналған көп бейінді немесе мамандандырылған аурухана құрамындағы бөлімше;
5) пациент - медициналық қызметтердің тұтынушысы болып табылатын жеке тұлға;
6) пациенттен айрылып қалған (қайтыс болған) кезеңдегі қолдау - отбасына пациент қайтыс болғаннан кейін туындаған айрылудың ауыр сәтін бастан өткеруге көмек көрсету;
7) стационарлық көмек - тәулік бойы медициналық қадағалаумен білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны;
8) стационарды алмастыратын көмек - күні бойы төрт сағаттан сегіз сағатқа дейінгі ұзақтықпен медициналық қадағалауы бар дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған медициналық көмек ұсыну нысаны.
2. Мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдар қызметінің негізгі бағыттары мен құрылымы
5. Мейіргерлік күтімнің міндеті пациенттерге мейіргерлік күтім көрсету, туыстарын емделмейтін науқасқа үй жағдайында мейіргерлік күтім көрсету негіздеріне оқыту болып табылады және ол психологиялық, әлеуметтік көмек пен медициналық күтімді қамтиды.
6. Мейіргерлік күтімді жүзеге асыратын ұйымдар (МКА) қызмет көрсетілетін халық саны 400 000 (төрт жүз мың) адам болған кезде «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы № 114 қаулысына сәйкес құрылады.
7. Пациенттерге мейіргерлік күтім стационарлық және стационарды алмастыратын (үйдегі стационар) көмек нысанында көрсетіледі:
1) аудандық деңгейде ауылдық, ауданды, көпбейінді аурухананың мамандандырылған құрылымдық бөлімшесінде;
2) қалалық және облыстық деңгейлерде қызмет көрсетілетін халық саны 400 000 адамнан астам болған кезде дербес медициналық ұйымдарда (мейіргерлік күтім ауруханаларында);
3) аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде үйдегі стационар нысанында.
8. Мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдардың штаттары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 238 бұйрығымен бекітілген денсаулық сақтау ұйымдарының үлгілік штаттарына және штаттық нормативтеріне сәйкес белгіленеді (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6173 болып енгізілді).
9. Мейрігерлік күтімге жататын халық санатының тізбесі «Халықтың паллиативтік көмек және мейіргерлік күтімі көрсетілуге тиіс санаттарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 қарашадағы № 1938 қаулысымен бекітілген.
10. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) тізбесіне кірмеген мейіргерлік күтім көрсету бойынша қосымша медициналық қызметтер «Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтерді көрсету ережесі мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2299 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
11. Мейіргерлік күтімді көрсететін медициналық ұйымдар қызметінің негізінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің ережесін және Азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына бекітудің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 1 қарашадағы № 1263 қаулысына сәйкес пациенттерге аумақтық қызмет көрсету жатыр.
3. Мейіргерлік күтім көрсету тәртібі және шарттары
12. Пациентке мейіргерлік күтімді «Медициналық және фармацевтикалық мамандықтардың номенклатурасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 24 қарашадағы № 774 бұйрығына сәйкес «мейіргер ісі» бейіні бойынша маман сертификаты бар білікті медицина қызметкері ұсынады (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 5885 болып енгізілді).
13. Мейіргерлік күтімді жүзеге асыратын мейіргердің міндеттеріне: пациенттің жай-күйін бағалау, мейіргерлік күтім жоспарын жасау және орындау, дәрігердің тағайындағандарын орындау, анықталған проблемаларға сәйкес күту жоспарын тұрақты бағалау, бейімдеу және іске асыру, пациентпен, отбасымен, күтімді жүзеге асыратын адаммен қарым-қатынас жасау, пациентті, отбасыны, күтімді жүзеге асыратын адамды оқыту, «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6697 болып енгізілді) (бұдан әрі - № 907 бұйрық) бастапқы медициналық құжаттаманы жүргізу, пациент пен отбасыға қайтыс болғанға дейін және кейін көмек көрсету кіреді.
14. Мейіргерлік күтімнің негізгі жоспары анықталған медициналық қажеттіліктері негізінде әзірленеді. Ол пациенттермен және балаларды қоса алғанда, олардың отбасыларымен әріптестік негізінде жүзеге асырылады және бағаланады. Пациенттер мен олардың отбасылары оларға емдеу туралы шешім қабылдауға қатысуға мүмкіндік беретін сенімді ақпарат алады.
15. Пациент пен оның отбасының қажеттіліктері емдеу жоспарын жүзеге асыру барысында тұрақты бағаланады, ол қажеттіліктер өзгерген сайын өзгертіледі және жаңартылып отырады.
16. Мейіргерлік күтімге мұқтаж пациенттерді емдеуге жатқызуға айғақтар «Паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 қарашадағы № 1343 қаулысына сәйкес айқындалады.
17. Пациентті мейіргерлік күтім ұйымдарына емдеуге жатқызу Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 3 шілдедегі № 492 бұйрығымен бекітілген ТМККК шеңберінде стационарға жоспарлы емдеуге жатқызуды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 6380 болып енгізілді)
18. Пациентті мейіргерлік күтім ұйымдарына емдеуге жатқызу медициналық-санитариялық алғашқы көмек маманының немесе медициналық ұйымның бейінді маманның жолдамасы бойынша дәрігерлік-консультациялық комиссияның Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы науқасты немесе оның заңды өкілін стационарға жатқызудың мерзімі туралы хабардар етіп жоспарлы тәртіппен жүзеге асырылады.
19. Емдеуге жатқызуға арналған жолдамада медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (бұдан әрі - МСАК) маманы немесе науқастың бекітілген жері бойынша денсаулық сақтау ұйымның бейінді маманы науқастың мәртебесін, жалпы клиникалық тексеріп-қарау деректерін, толық клиникалық диагнозды, емдеу және (немесе) оңалту бойынша ұсынымдарды, мейіргерлік күтімнің қажеттілігін көрсетеді.
20. Үйде мейіргерлік күтім көрсетілетін балаларға зертханалық-аспаптық зерттеулер жүргізу тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық жағдайларда қамтамасыз етіледі.
21. Пациенттерге моральдік-психологиялық қолдау көрсету мақсатында МКА Қазақстанның Қызыл Жарты ай Қоғамымен және өзге де үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекет етеді.
22. Дәрілік заттарды қамтамасыз етуді, сақтауды және тағайындауды медициналық білімі және «Қазақстан Республикасында бақылау жасалуға тиіс есірткіні, психотроптық заттар мен прекурсорларды медициналық мақсаттарда пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 396 қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес рұқсаты бар адамдар жүзеге асырады.
23. Мейіргерлік күтім көрсететін медицина қызметкерлері дәрі-дәрмектерді сақтауды, босатуды, тағайындауды, басқаруды, қайта өңдеуді және кәдеге жарату қауіпсіздігін жүзеге асырады.
24. Мейіргерлік күтім көрсететін медицина қызметкерлер мейіргерлік күтім көрсеткен кезде емдеуші дәрігердің тағайындауы бойынша ауруға қарсы терапияны жүргізу (айғақтары бар болса) және оның тиімділігін айқындау клиникалық хаттамаларға сәйкес, пациенттерді серпінді қадағалау, олардың шағымдарын есепке алу, сырқат белгілері мен дәрілік препараттардың жанама әсерін бағалау негізінде жүзеге асырылады.
25. Ауру мен басқа да сырқат белгілерін бәсеңдету бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралар, емдеу нәтижелері № 907 бұйрықпен бекітілген бастапқы есепке алу құжаттарында тіркеледі.
26. Пациент дәрігердің тағайындауы бойынша ауру мен басқа да сырқат белгілерін бәсеңдетудің дәрі-дәрмекті де, сол сияқты дәрі-дәрмекті емес әдістерін де қабылдайды.
27. Медицина қызметкерлері пациент пен оның отбасына шешім қабылдау процесіне қатысуға мүмкіндік бере отырып, оларды дәрі-дәрмектің атауын, оны тағайындау шарттарын, дозасын, жанама әсерлер анықталған кездегі іс-қимылдарды, осы препаратпен емдеуді жалғастыру шарттарын қоса алғанда, өткізіліп жатқан ем туралы хабардар етеді.
28. Мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдардың қызметкерлері пациенттер мен олардың отбасы мүшелеріне дәрі-дәрмектерді қабылдау тәртібі мен режимі бойынша консультациялар береді.
4. Мейіргерлік күтім ауруханасында мейіргерлік күтімді ұйымдастыру
29. МКА қызметінің негізгі мақсаты өмір сүру сапасын жақсарту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және IV сатылы қатерлі ісіктерден, терминалды сатыдағы АИТВ-дан, соңғы сатыдағы созылмалы үдемелі ауруларыдан (декомпенсация сатысындағы жүрек, өкпе, бауыр және бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, мидың қан айналымы бұзылуының ауыр салдары) зардап шегетін, бастан өткерген аурудың және (немесе) мүгедектіктің салдарынан өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын, өмір сүру ұзақтығы шектелген, тұрақты дәрігердің бақылауын талап етпейтін, бірақ одан әрі мейіргерлік күтімді қажет ететін адамдарға білікті мейіргерлік күтім көрсету болып табылады.
30. МКА негізгі міндеті пациенттерге медициналық бақылау мен күтіп-қарауды, олардың белсенді өмір сүруін қолдауға бағытталған симптоматикалық және басқа да терапиялар кешенін қамтитын медициналық-әлеуметтік көмек ұсыну болып табылады.
31. МКА өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды атқарады:
1) симптоматикалық терапиялар;
2) МКА медицина қызметкерлерінің, мультитәртіптік команда (топ) мүшелерінің пациенттерге апта сайынғы тексеріп-қарау жүргізулері және оларға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету бойынша қажетті іс-шараларды тағайындауы;
3) дәрігерлік ұсыныстарға сәйкес ұтымды, оның ішінде диеталық тамақтануды ұйымдастыру;
4) маман дәрігерлердің жедел медициналық араласуларын талап ететін жағдайлар кезінде мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін пациенттерді басқа денсаулық сақтау ұйымдарына жіберу.
32. Орта медициналық персонал:
1) пациент денсаулығының жай-күйін тәулік бойы бақылауды және асқынуларды профлактикалауға бағытталған іс-шараларды жүргізуді;
2) пациенттерді, оларға күнделікті тексеріп-қарауларды қоса алғанда медициналық күтіп-қарауды;
3) пациенттерді моральдік-психологиялық қолдауды;
4) әлсіреген пациенттерді тамақтандыруды;
5) медициналық ем-шараларды (дене қызуын, артериялық қысымды өлшеу, компрессорларды салу, таңуды жүзеге асыру, жауыр жараларды тазалау, тазарту клизмаларын орындау);
6) пациенттердің денсаулықтарының жай-күйі нашарлаған кезде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті;
7) емдеуші дәрігердің тағайындамасы бойынша симптоматикалық терапия кешенін;
8) пациенттерге санитариялық-гигиеналық көмекті (сүрту, жуу, гигиеналық ванна, тырнақтарын алу, шашын тарау, іш киім мен төсек жаймаларын ауыстыру);
9) МКА медицина қызметкерлері тағайындаған медициналық-әлеуметтік көмек көрсету бойынша іс-шараларды орындауды жүзеге асырады, оның ішінде «Денсаулық сақтау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 30 қазандағы № 630 бұйрығына сәйкес қорғаншылық және қамқоршылық органдарына әлеуметтік оңалтуды қажет ететін кәмелетке толмағандарды асырап алуға, қамқоршылыққа алуға, бала асырап алатын отбасыға орналастыруға жәрдемдесу кіреді.
33. Мыналар пациентті мейіргерлік күтім жасау үшін стационарға орналастыру шарттары болып табылады:
1) ауруханаға жатқызу үшін көрсеткіштердің болуы;
2) учаскелік дәрігердің, жалпы практика дәрігерінің немесе аудандық, қалалық емхана немесе мамандандырылған денсаулық сақтау ұйымы маманының жолдамасының болуы.
34. МКА-ға білікті медициналық көмек көрсетуді және үнемі дәрігердің қадағалауын талап ететін пациенттер жатқызылмайды, атап айтқанда, туберкулездің белсенді нысандары, жыныстық аурулар, инфекциялық аурулар, психикалық аурулар, үнемі дәрігердің қадағалауын талап ететін басқа аурулар, сондай-ақ медициналық көмекті талап етпейтін жағдайлар.
35. Пациентті МКА-ға жатқызу пациент аурухананың ішкі тәртібінің қағидаларымен танысқаннан кейін және аурухананың медицина қызметкері тексеріп-қарағаннан кейін жүзеге асырылады.
36. Пациентті МКА медицина қызметкерінің тексеріп-қарауы оның денсаулық жағдайын, емдеуге жатқызу мерзімдерін айқындау және емдеуге жатқызудың қарсы айғақтарын анықтау мақсатында жүзеге асырылады.
37. МКА-да медициналық көмек орта медицина қызметкерінің басшылығымен жүзеге асырылады және стационар жағдайларында пациентті дәрігердің үнемі қадағалауы қажет болмаған жағдайларда ұйымдастырылады.
38. Көпбейінді стационарлардың құрамындағы мейіргерлік күтім бөлімшесі өз қызметін қамтамасыз ету үшін құрамында өзі ұйымдастырылған медицина ұйымдарының емдеу-диагностикалық және қосалқы бөлімшелерінің мүмкіндіктерін пайдаланады, бұл ретте диагностикалық және емдеу рәсімдері тікелей бөлімшеде жүргізіледі.
39. Науқасты МКА-да емдеген кезде пациент туралы мәліметтер № 907 бұйрығымен бекітілген Науқастарды қабылдауды және ауруханаға жатудан бас тартуды есепке алу журналына; стационарлық науқастың медициналық картасына тіркеледі және МКА уәкілетті орган белгілеген нысандар бойынша және тәртіппен өз жұмысы туралы есеп жүргізеді және есеп береді.
40. Мейіргерлік күтім түрінде стационарлық көмек алған пациентті ауруханадан шығарған кезде № 907 бұйрықпен бекіткен нысан бойынша статистикалық карта толтырылады.
41. Науқастың медициналық картасынан алынған қажетті ұсынымдары бар үзінді көшірме пациенттің қолына немесе оның заңды өкіліне қол қойғызып беріледі және бекітілген жеріндегі МСАК медицина ұйымына беріледі.
42. Медицина қызметкері пациенттің биологиялық өлім жағдайынан өткенін уақтылы тіркейді және құжаттайды.
43. Пациент қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде мейіргерлік көмекті жүзеге асыратын медицина қызметкері отбасына ығыр қылмайтын әдепті нысанда психологиялық көмек көрсетеді, қажет болған жағдайда, психологтың консультациясы тағайындалады.
5. Амбулаториялық-емханалық деңгейде мейіргерлік күтім көрсету
44. Амбулаториялық-емханалық деңгейдегі мейіргерлік күтім амбулаториялық-емханалық ұйымдардың жұмысы кезеңінде жұмыс күндері ұзақтығы төрттен сегіз сағатқа дейінгі білікті мейіргерлік күтім түріндегі үйдегі стационар нысанында жүзеге асырылады.
45. Үйдегі стационар емделмейтін патологиясы бар науқастарға үй жағдайында демеп емдеуді жүргізуге және қадағалауға арналған.
46. Тәулік бойы дәрігердің қадағалауы талап етілетін үйдегі науқастың жай-күйі нашарлаған кезде оны дереу стационарға жатқызу жүзеге асырылады.
47. Пациент туралы мәліметтер бастапқы есепке алатын медициналық құжаттамада:
1) үйдегі стационар науқасының картасында;
2) үйдегі стационардағы науқастарды есепке алу журналында тіркеледі.
48. Пациентті үйдегі стационрада емдеу аяқталғаннан кейін медицина кызметкері № 907 бұйрықпен бекітілген нысан бойынша статистикалық карта толтырады.
49. Науқастың медициналық картасынан қажетті ұсынымдары бар үзінді көшірмесі пациенттің қолына немесе оның заңды өкіліне қол қойғызып беріледі, көшірмесі пациенттің тіркелген орны бойынша МСАК ұйымында сақталады.
50. Медицина қызметкері пациенттің биологиялық өлімнің жай-күйіне ауысуын дер кезінде тіркейді және құжаттайды.
51. Науқас қайтыс болғаннан кейінгі кезеңде мейіргер күтімін жүзеге асыратын медицина қызметкері отбасыға әдепті ығыр қылмайтын нысанда психологиялық көмек көрсетеді, қажет болғанда психолог консультациясы тағайындалады.
Полная версия